Ресей федерациясы, Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен еркін күрестен Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Асылжан Есенгелдіні жерлестері зор құрметпен қарсы алды. Балуанды ұлықтау шарасына Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың өзі қатысып, елдің даңқын асқақтатқан спортшыға айырықша алғыс білдіріп, тұлпар мінгізді.
Есенгелді Асылжан Есболұлы 2001 жылы Түркістан облысы Келес ауданы, Біртілек елді мекенінде дүниеге келген. Республикалық мамандандырылған спорт мектебінің түлегі. Оның спорттағы алғашқы жетістіктері Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында өткен спорт сайысында жүлделі 2-орын, 2016 жылы Арыс қаласындағы байрақты бәсекеде бірінші орынды иемденуден басталған. Сол жылы жас спортшы Сайрам ауданында ұйымдастырылған турнирде екінші орынды, интернат тәрбиеленушілері арасында өткен додада бірінші орынды олжалайды. Сондай-ақ еркін күрестен Қазақстан чемпионатының жүлделі бірінші орынын иемденіп, өңірдің мерейін үстем етеді. Жас балуан республикалық турнирлерде топ жарғаннан соң әлемдік ареналарда да жеңімпаздар қатарынан жиі көріне бастады. Қырғызстанда өткен «Ражаб Жанай» турнирінде екінші орынды иеленген болса, Румыния елінде өткен турнирде күміс медельді қанжығалады.
Асылжан Есенгелдінің ендігі мақсаты олимпиада ойындарында бақ сынып, жеңімпаздар тұғырынан көріну.
Еркін күрестен өткен Әлем чемпионатындағы Есенгелді Асылжанның жеңісі — оның туған өңірі Келес ауданы үшін биік мәртебе, зор мақтаныш! Естеріңізге сала кетсек ол дүниежүзінің кіл мықтылары бақ сынаған турнирде еліміздің атынан шығып 57 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, қола жүлдегер атанды.
Leave a Reply