Түркістан облысы Келес ауданы Бірлік ауыл округінде бұқаралық спорттың дамуы қарқын алып келеді. Бұл аймақта спорт және жаттығу алаңдарының көптеп салыуы нәтежесінде мүмкін болып отыр.
Мәселен, өткен жылы Бірлік ауылдық округіндегі мектеп түлектері мен ауыл кәсіпкерлері жастарды спортқа баулу мақсатында ашық және жабық спорт алаңшаларын, онымен қоса жаттығу залын салып бітіріп, ауылға тарту етті. Сондай-ақ, биыл тұрғындарды бұқаралық спортпен айналысуға тарту, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жұмыстарына сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен Жаңатіршілік елді мекенінде жаңа спорт алаңшасының құрылысы басталды. Спорт нысандары ауыл жастарының уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануға жол ашты.
Ауылдық округте сондай-ақ инфрақұрылым жұмыстары да іске асырылуда. Атап айтқанда, бүгінде ауылдық округтің орталығы Бірлік елді мекеніне су жүйелерін тарту жұмыстары қарқын алып, жыл соңына дейін елді мекен тұрғындары таза ауыз су тұтынатын болады. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстарын «Мелиоратор» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі мекемесі жүргізуде.
Сонымен қатар, Бірлікте баспана салу үшін жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтардың да мәселесі шешімін табар күн алыс емес. Ауыл әкімі Әбдіжәміл Серікбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындарына учаскелік жер телімін беру үшін арнайы аумақ бөлінген, бүгінде ол жерге ауыз су құбырлары жүргізіліп жатыр.
Бірлік ауылдық округі Келес ауданындағы ірі ауылдық округтердің бірі. 7 елді мекеннен құралған ауылдық округте алты мыңға жуық халық тіршілік етеді.
Leave a Reply