
Келес ауданы әкімінің орынбасары С.Қарақұлов және «Nur Otan» партиясының Келес аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Жұмабеков Қошқарата ауылдық округінің Қарабура елді мекеніне барып, табиғи газбен қамту жұмыстарымен танысты. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, ауыл тұрғындарының мәселесін талқылады.
Атап айтсақ, мердігерлер құрылыс жұмыстары барысында елді мекен ішінен өтетін облыстық маңызы бар жол бойындағы аяқжолды бұзуына өздерінің наразылығын білдірген болатын. Мәселенің мән-жайын көзбен көруге келген аудан әкімінің орынбасары мен «Nur Otan» партиясының Келес аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары мердігер мекеме тарапынан орын алып жатқан бірнеше кемшілікті анықтады.
«Жұмыс жүрген жерде кемшілік болуы, ол — табиғи дүние. Дегенмен, елдің игілігі жолында жасалынып жатқан жобада кемшілік болмауы шарт. Анықталған кемшілікті ретке келтіру үшін шұғыл түрде жұмыс істеп, ауыл тұрғындарының ризашылығын алуға әрекеттеніңіздер» — деген С.Қарақұлов, тиісті бөлім мамандарына атқарылып жатқан жұмыстың барысын тұрақты түрде қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл Келес ауданының Қошқарата ауылдық округіндегі 9 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округінің Алғабас, Аманжар, Бәйтерек, Бесауыл, Жамбыл-1, Жамбыл-2, Жаңақоныс, Қарабура және Мақташы елді мекендерінің тұрғындары биыл табиғи газдың игілігін көрмек. Құрылысты 5 мердігер мекеме жүргізуде. Қазіргі таңда мердігерлер газ құбыры құрылысын аяқтап, қысымдау жұмыстарын істеп жатыр.
Жалпы, Келес ауданынде биыл инфрақұрылым саласы бойынша 25 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 11 ауылға табиғи газ, 11 елді мекенге ауыз су тартылуда. Сондай-ақ, 3 ауылдың электр желісін жаңарту ісі жүруде.