«Жұттан жұтатпайық!» Түркістан облысындағы Келес ауданының жұртшылығы осындай бастама көтеріп, қуаңшылықтан тірлігі шатқаяқтаған Маңғыстау облысындағы ағайынға мың дана сығымдалған шөп жіберді.
Үлкендердің мұндай бастамасына әсіресе жастар күш-қайратымен қолдау көрсетуде. Ерікті жастар шөпті егістік басынан автокөліктермен «Сарыағаш» теміржол станциясына жеткізіп, вагондарға тиеуге қолғабыс жасады.
Аудан тұрғындары қуаңшылықтан қиындық көріп отырған өңірлерге көмектесейік деген бастаманы бірден қолдады. Бірі жиып қойған жоңышқасын, енді бірі ақшасына шөп сатып әкеп беруде. Шамасы келгені көлігі мен қаржысын да аяп жатқан жоқ. «Ер еңбекте, елдік қиындықта сыналады. Оны жеңетін ынтымақты іс, шынайы жанашырлық. Мұны Арыстағы жарылыс пен Мақтаралдағы су тасқыны кезінде өзіміз де айырықша сезіндік»,-дейді олар. Вагондарға тиелген жоңышқа Маңғыстау облысындағы бірнеше ауданның шаруаларына үлестіріліп беріледі. Бұл жұмысты жергілікті жердегі қоғамдық ұйымдар бақылауына алмақ.
Жалпы, биыл көктемде жауын-шашын аз болуына байланысты, Келес өңірінде де жағдай мәз емес. Дегенмен, аймақта мал азығының көптеп егілуі және халықтың еңбекқорлығының арқасында аудан шаруалары қорасындағы төрт түлікке жеткілікті азық жинап үлгеруде. Аудан аумағындағы суармалы жердің жартысынан астамына мақсары, жүгері, бидай, арпа мен жоңышқа секілді мал азығы егілген. Одан жиналатын өнімнің үштен бірі ішкі қажеттіліктен артылып, қысқа қосымша қор ретінде жиналмақ.
Leave a Reply