Түркістан облысы Келес ауданында ауыл аймақтарды газдандыру ісі қарқынды жүріп жатыр. Осыдан бес жыл бұрын мұндағы елді мекендердің небәрі оннан біріне ғана табиғи отын жеткізілген еді. Қазір аудандағы ауылдардың 56,3 проценті көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылған.
Жалпы, ауыл-аймаққа табиғи газдың жеткізілуі экологиялық ахуал мен елдің тұрмыстық жағдайын түзеуге ғана сеп жасаған жоқ. 160 мыңнан астам халық тұратын аймақтың инвестициялық ахуалын жақсартып, экономикалық қуатты арттыруға да мүмкіндік бергелі отыр.
Биыл Келес ауданындағы 9 ауылдың тұрғындары табиғи газдың игілігін көреді. Олар: Қошқарата ауыл округіндегі Алғабас, Аманжар, Жамбыл-1, Жамбыл-2, Бәйтерек, Мақташы, Бесауыл, Жаңақоныс және Қарабура елді мекендері. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталатын болады.
Қазіргі таңда ауданда тағы 19 елді мекенге табиғи газ желісін тарту үшін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Оған 2 миллиард 617 миллион теңге қарастырылмақ.
Сондай-ақ, аймақта елді мекендердегі электр желілерін жаңарту ісі де қарқын алған. Биыл Ошақты ауылындағы ескірген сымдар мен тозған бағаналар тұтастай жаңартылуда. Жалпы, 2018 жылдан бастап аудандағы 54 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл ауылдарда 115 мыңнан астам халық тіршілік етеді.
Leave a Reply