Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысынан естіген және бір жағымды жаңалық, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектігін дәлелдейтін медкомиссиядан өту жүйесі өзгереді. Бұл жөнінде Президент Қ.Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арнайы тапсырма берді.
Мемлекет басшысы бұл жайында: «Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды.
Сондықтан, жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет. Бірыңғай ақпараттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа? Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Бұл жұмысты жеделдету қажет. Азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Осы жобаны биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асыруды тапсырамын« деді.
Онсыз да мүмкіндігі шектеулі жандар жыл сайын өздерінің мүгедектігін растау үшін мекеме жағалап, табалдырықтан-табалдырыққа жүгіретінінен бәріміз хабардармыз. Алдағы жылы жаңа технологияларды іске асыру нәтижесінде бұл мәселе де жеңілдейді деп сенеміз.
С.Дүйсебайұлы
Фото ашық көздерден