2023-02-09

Көк туды көтерген жігіттер алғысқа бөленді

Spread the love

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шымкенттіктердің патриоттығы көпке үлгі екенін жасырмайды. Еңбекқор тұрғындардың елге елеулі істері де көп. Шаһарға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы көктемде стадионда болған оқиғаны еске салды. Қатты дауыл тұрып, спорт кешенінің шатыры алаңға ұшып, футбол матчын тоқтатқан. Көк тудың тұғырын басып қалған. Сол мезетте қауіп-қатерге қарамастан, байрақтың аяқасты болғанын ескерген ер азаматтардың қылығы сүйсінткенін де жасырмады. Шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шыққан шын патриоттардың есімін атады.  Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі ету керегін айтқан Мемлекет басшысы Алғысын жариялады.

-Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді. Құр сөзден түк шықпайды. Алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің, меніңше, нағыз отансүйгіштікке ешқандай қатысы жоқ.Қастерлі туымызды жерге түсірмей алып шыққан бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі етуіміз керек. Осыған орай, мен Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға алғысымды жариялаймын-деді Президент.

Мемлекет алғысына бөленген үш азаматтың ерлігі жайлы видео әлеуметтік желіде тез тарап, көптің ықыласын жаулаған болатын. Қатты дауылдан ұшқан шатырға қарай жүгірген олар алғашында астында адам қалды деп ойлаған. Жақындай келе жалаудың бастырылып қалғанын көрген. Ойланбастан қирандының астынан көк туды алып шыққан.

Патриоттардың бірі — Әбілқайыр Дәулетов. Сөзіне сенсек, сол уақытта мемлекеттік символдың аяқасты болып жатқаны жанына батқан. Үрей мен қорқыныштан бұрын байрақты көтеру мақсаты болғанын жасырмайды. Өйткені, бабалар аманаттап кеткен тәуелсіздіктің символы ешқашан жерде жатпау керек дейді. Тілегі елінің тыныштығы мен халқының амандығы, туының көк аспаннан түспеуі.

Еске салайық, Шымкентте «Ордабасы» мен «Ақсу» командалары арасындағы матч кезінде шатыр құлаған еді.  Шатыр астынан адамдарды іздеген футбол жанкүйерлері Қазақстан туын көріп қалып, қирандылардың астынан алып шыққан болатын.

Дәл осы кездесуде Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №1023 Жарлығымен аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар еңбек ардагерлері де мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжанов «Парасат» орденін кеудесіне тақты. «Ә. Марғұлан атындағы археология институты» РМК бас директоры Бауыржан Байтанаев пен №2 қалалық аурухананың дәрігері Есенгелді Бегешев «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ спортшы Ксения Ханға «Ерен еңбегі үшін» медалі, «№ 89 IT мектеп-лицейінің» тәрбиешісі Әсем Үсеноваға «Шапағат» медалі табыс етілді.

Яндекс.Метрика