
Түркістан облысы Келес ауданында Конституция күніне орай мерекелік салтанатты шара ұйымдастастырылды. Оған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алмас Сексенбаев пен аудан прокуроры Бақыт Сейфолла қатысты.
Әнұранмен басталған мерекелік шарада Алмас Сексенбаев пен аудан прокуроры аймақта атқарылып жатқан ауқымды істер туралы айтты. Сонымен қатар, ел дамуына үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды көпке үлгі етіп, оларға алғыс хат табыстады.
– Ардақты ағайын, баршаңызды 30 тамыз – еліміздің ұлық мерекесі Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы даланың жазылмаған заңдары, Төле би, Әйтеке би және Қазыбек билердің қара қылды қақ жарған шешімдерімен бірге Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Әз Тәукенің жеті жарғысы сан ғасырлар бойы ұлы даланы мекендеген халқымыз үшін шамшырақ іспетті. 1995 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы Конституциямыз бұл – заңнамалық норма немесе ережелер жинағы ғана емес қоғамдағы барлық қарым-қатынастарды реттейтін заңдардан бастау алатын Ата Заңымыз! Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның қатарында тұр, – деді Алмас Икрамұлы.
Мерекелік шараның соңы Ә.Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.