Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Бұл жөнінде бүгін фейсбуктегі AkordaPress парақшасы бөлісті. Ротация барысында Кеңес құрамына жаңа мүшелер қабылданып, бірнеше азамат мүшеліктен шығарылған.
Ресми парақша тартқан мәлімдемеде Ұлттық кеңестің құрамына жұртшылықтың жаңа өкілдері – Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры, Петропавл қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сергей Худяков, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина, белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетовтар бар делінсе, ротация аясында Ұлттық кеңес құрамынан Александр Данилов, Лаура Демесінова, Абылай Мырзахметов және Асқар Омаров шығарылғаны айтылған.
Ұлттық кеңес өзі құрылғалы бергі уақытта құрамының жартысы өзгертілген және оның жұмысына жаңадан 20-дан астам сарапшы мен қоғам белсенділері тартылып отыр.
Қазіргі уақытта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жетінші отырысына дайындық жүргізілуде.
Көрнекі фотосуретте Ұлттық кеңестің жаңа мүшесі – Ақберен Елгезек.