tories/11112019-8.jpg» border=»0″ />
Түркістан қаласында осылай аталатын халықаралық туристік форум өтті. Форумның «Turkistan: One Way – One History» деп аталуының да өзіндік себебі бар. Алыс-жақын шетелдер, көршілес елдерден туризм саласы мамандарының басын қосқан форумда Ұлы Жібек жолы бойындағы саяхат, демалыс, сауда-саттық, логистика, тасымал тақырыптары қозғалып, қызу талқыға түсті. Жиын аясында әлемдік сарапшылар Жібек жолы бөлігіндегі елдердің туризмін дамытудың өзекті мәселелерін, туризм саласындағы цифрландыру мен маркетингтің жаңа мүмкіндіктері мен трендтерін, сондай-ақ қазіргі жастардың болашақ экономикасындағы рөлін талқылады.
Бұл іс шара Түркістан өңірінің туристік мүмкіндіктерін таныстыру, туризмді дамыту, тікелей инвестицияларды тарту, әлеуетті инвесторлар арасында өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін берді десе де болғандай. Форум қорытындысы бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Форумға 300-ден астам қонақ қатысса, олардың ішінде шетелдік лауазымды тұлғалар мен қатар алыс және жақын шетелдердің туризм саласының халықаралық мамандары, мемлекеттік органдар, қазақстандық және халықаралық бизнес-қауымдастық, туристік ұйымдар, қауымдастық және инвестициялық компаниялардың өкілдері болды.
Форумды ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиев Түркістан қаласының туризм саласындағы орны жайында сөз қозғап, атқарылып жатқан бастамаларға тоқталды. «Қазір Түркістан қаласын таныту мақсатында тек қала аумағын ғана емес облыс аумағындағы барлық тарихи орындарды танытуға күш салудамыз. Бұл жоба қарқынды түрде жүріп жатыр. Сонымен қатар, облыста жаңа ғимараттар да бой көтеруде.
Облыс әкімі Ө.Шөкеев Түркістан қаласын идеологиялық және тарихи тұрғыдан қалыптастырудың төрт бағытын ұсынған болатын. Оның бірі – Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі қолөнершілер орталығына айналдыру еді. Осы орайда бүгінгі күні аумағы 6000 шаршы метрді құрайтын Ұлы жібек жолының ұлттық дәстүрлі қолөнер орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба республикада қолөнерді дамытуда алғашқы және бірегей жоба болып табылады»- деді ол.
Өз елдерінің туристік әлеуетін Қазақстанның оңтүстік облыстары, оның ішінде Түркістан өңірінің туристік нысандарымен бірге дамытуға мүдделі көршілес елдер қатарында өзбек елі де бар.
Азаматтардың көршілес елдер арасындағы барыс-келісін оңайлататын «Silk Visa» режимін ендіру арқылы «Жібек жолы» аймағын құру және оны ертерек іске асыру керек. Бұл форумға қатысушылар алдында сөз алған Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары А.Абдухакимовтың пікірі.
Келушілердің ерекше назарын аударған «екі күнге созылған «Silk Road Craftsman-2019» қолөнер шеберлерінің халықаралық көрмесі болды. Бұл көрмеге тек Түркістан өңірі ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес қырғыз, өзбек, тәжік елінен келген қолөнер шеберлері қатысып, кәдесый өнімдерін саяхатшыл халайыққа таныстырды. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің бұйымдары бірінен-бірі өтіп, көздің жауын алады. Әр шебердің кәдесый жасау техникасы мен жасалатын материалы ерекше. Мәселен, Алматы облысынан келген шеберлердің сүйек, мүйіз, киіз, ағаш және металл материалдардан жасалған ұлттық бұйымдары келушілердің назарын бірден өзіне тартады.
Осы халықаралық форум аясында өткізілген тағы бір қызықты шара «Дәмді Turkistan» І қалалық тамақ фестивалі болды. Алғаш рет өткізілген фестиваль Түркістан қаласының тағы бір туристік қырын – гастрономиялық туризм саласын дамытуға ықпал етуді көздейді. Шараға жалпы 19 қатысушы, оның ішінде 12 дәмхана мен мейрамхана, 7 кондитерлік өнімдер шығаратын цех өкілдері қатысып, кәсіпкерлік нысан өкілдері қонақтарға түрлі тағамдар ұсынды. Солардың ішінде жұрт назарын аударған ұзындығы бес метрлік кәуап болды. Аспаздардың айтуынша, дәмді кәуап еттартқыштан өткен (фарш) және кесектеліп туралған еттен пісірілген. Шараның мақсаты – Түркістанға келуші туристерге түрлі тағамдар ұсыну және олар қайта келгенінде өзге де туристерді ала келетіндей тартымды жағдай қалыптастыру.
Халықаралық форум өте шықты. Бұл шара жергілікті әкімдіктің туризм саласын дамытуға деген ықыласын танытты. Бірақ мұндай шаралар тек бір ғана форум аясында өткізіліп, ертесіне ұмытылып кетпеуі тиіс. Түркістан қаласы еліміздің оңтүстік өңірінің туристік орталығы екені рас. Қасиет іздеген зияраттаушы да, тарихи нысандарды көргісі келетін саяхатшы да, тау мен табиғат сырына құлақ түрген жиһанкез де, жолай өткен жолаушы да Түркістанға соқпай өтпейді. Көне шаһардың бұл қасиеттеріне қолөнер шеберлерінің орталығы, көкөніс өнімдерінің иісі аңқыған шығыс базары, түркістандық брендке айналған кулинариялық келбеті, жайлы қонақ үйлер, сәулетті қала көрінісі қосылса, нағыз туристік ірі орталыққа айналар еді. Оның алғышарттарын осы форум аясында байқадық. Тек уақытша құбылыс болып қалмаса екен…
Сейдалы Дүйсебайұлы
Leave a Reply