Жетi алтын және жалған намыс

tories/photo_63468.jpg» border=»0″ width=»318″ height=»182″ align=»left» />    2012 жылдың ең iрi спорттық оқиғасы – Лондондағы Олимпиада ойындары аяқталғанда, қазақ жұртшылығында негiзiнен эйфориялық көңiл-күй басым болғаны рас. Себебi, қоржынға түскен жетi алтын – ел тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жетiстiк едi. Алайда, осы табыстың өзiне саяси реңк жапсырып, жалған намыстың жетегiне ерiп, сандалғандар да аз болған жоқ.

      Спорттың тән саулығы мен сұлулығына ғана қызмет ететiн балаң шағы баяғыда-ақ артта қалып, дене шынықтыру деңгейiнен өсiп, iрi әлеуметтiк құбылысқа айналғаны қашан. Бүгiнде елдiң, ұлттың атақ-абыройы, даңқ-дәрежесi көбiне-көп осы саладағы нәтижелерге қарай бағаланып жатады. Мәселен, саяси-экономикалық тұрғыдан дүниедегi жетекшi мемлекеттердiң қатарына енбегенiмен, Испанияның футболдағы, Литваның баскетболдағы, Словакияның шайбалы хоккейдегi, Норвегияның биатлондағы, Украинаның бокстағы табыстарына орай әлем жұртшылығы аталған елдерге бұрынғыдан да айрықша құрметпен қарай бастады. Қазақстан өзiнiң бокс мектебiнiң әбден қалыптасып үлгергенiн танытып, бiраз жылдан берi үздiктер санатында жүрсе, Лондон Олимпиадасында қазақ ауыр атлетикасы ғаламат көрсеткiштерiмен дүниенi дүр сiлкiндiрдi.

    Осындай жетiстiкке қарамастан, әлгi жалған намысты жалаулатқандар ауыр атлетикадан қоржынға түскен төрт алтынның бiрде-бiрiн ұлты қазақ спортшысының алмағанын айтып, күңкiлдеумен болды. Олар, тiптi, осы спорт түрiндегi төрт жеңiмпазымыздың, Илья Ильиннен басқалары Қазақстанда туып-өспеген, елiмiзде тәрбиеленбеген атлеттер екенiн баса көрсетуден танбады. Тұманды Альбионда жеңiс тұғырына көтерiлген жетi, чемпионның тек бiреуi ғана (Серiк Сәпиев) тұрғылықты ұлт өкiлi болғаны да тұтас ел табысына тар шеңберде қарайтындардың қабырғасын қайыстырса керек.

    Рас, спорт пен намыс – егiз ұғымдар. Және сол намыс сыналып, жiгер қайралатын додаларда әркiм өз ұлты өкiлдерiнiң жеңiс биiгiнен көрiнгенiн қалайды. Спорттың кей салаларында қазақтың мықты ұл-қыздары ел сенiмiн ақтап та жүр. Керiсiнше, қысқы спорт түрлерiнде жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң үлесi тым аз. Кейiнгi жылдары тiптi қазақтың оң жамбасына келедi делiнетiн күрес, дзюдо, таэквондода да ұл-қыздарымыздың жұрт күткен үдеден шығып жатқандары сирек. Демек, ел спортын дамыту, ондағы қаракөздердiң үлес салмағын ғана арттырып қоя салмай, нағыз сайыпқырандарды тәрбиелеп шығару – басты назарда болуы керек-ақ.

                         Зүлфияның көз жасы

     Қазақ спортшыларының шеберлiк деңгейiн көтеру, болашақ чемпиондар дайындау мақсаты елiмiздегi диаспоралар өкiлдерiнен шыққан майталмандардың, түрлi себептермен Қазақстан азаматтығын алып, елiмiздiң атынан додаға түсiп жүрген мықтылардың еңбегiн тасада қалдырмауға тиiс. Өйткенi, олар да – сiз бен бiз секiлдi Қазақстанның толыққанды азаматы. Солардың арқасында бiздi әлем жұртшылығы танып, таң қалып, риза болып жатыр. Талай жарыста көк байрағымызды желбiреткен велошабандоз Александр Винокуровты қалай мақтан тұтпауға болады?! Екi дүркiн Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға, қазаққа, оның спортына деген құрметтi еселей түскен Илья Ильиндей ерге қалай сүйсiнбеске?! «Ең мықтағанда қола жүлдеге ғана қол жеткiзе алар…» деп өзiмiз қоңылтақсығанымен, шын мәнiнде жұрт күтпеген нәтиже көрсетiп, талай қарсыласын сан соқтырып, алтыннан алға таққан Ольга Рыпакова қандай марапатқа да лайық емес пе?!

      Қазақстан азаматтығын кейiнгi жылдары ғана алып, дүниежүзiлiк додаларда ел атынан сынға түсiп жүрген, сынға түсiп қана қоймай, қоржынымызға талай жүлде салып жүрген Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло секiлдi қыздарымыз да сый-құрметке әбден лайық. Ресейдiң Иркутск облысында туған Светлана өз елiнде шетқақпай көрiп, шерменде күйге түскенде, бiздiң спорт шенеунiктерiмiздiң әбжiлдiк танытуын қалайша әбестiк дей аларсыз? Тарихи отаны мұның еңбегiн бағалап, шеберлiгiне сенiм артпайды екен, ондай мықты зiлтемiршiнi ел намысын қорғау, қазақ спортына серпiн беру үшiн пайдалануда тұрған не бар? Қырғызстанда туып, Қытайда өскен Майя, Алматыда дүниеге келiп, қаршадайынан Аспан асты елiне көшуiне тура келген Зүлфия сол жақта өз дарын-қабiлетiн даралай көрсетуге мүмкiндiк таппаса, сол мүмкiндiктi екеуiне де бөтен емес Қазақстан жасап берiп отырса, мұның несi айып? Қазақ емес, орыс немесе дүнген болғаны үшiн бөлектеуiмiз керек пе? Қайта ел спортына үш алтын әперiп, ауыр атлетикадан бiрнеше рекордтар жасап, Қазақстанның абырой-беделiн арттыра түскенi үшiн мақтан тұтайық!

       Онсыз да ара-тұра естiлiп жүрген наразылықтардың Зүлфия Чиншанло мен Майя Манеза өздерiнiң Олимпиададан кейiнгi демалыстарын Қытайдағы туыстарының арасында өткiзуге кеткен кезде тiптi өршiп кеткенiн қайтерсiз! «Екеуi ендi елге оралмайды екен, қайтадан Қытай азаматтығын алып, жарыстарға бұдан былай сол елдiң атынан қатысады-мыс» деген қаңқу сөз құлақ сарсылтты. Ғаламтордағы ақпаратқа құлағы түрiк ақкөңiл қаншама адам бостекi әңгiмеге иланып қалды, көңiл-күйi түстi, жүйкесi жұқарды. Аузы жеңiлдер тiптi спортшылардың атына неше түрлi былапыт сөздер айтып жатты. Оны оқыған, естiген Зүлфияның жылап-сықтап, өмiрден түңiлiп кете жаздағанын бапкерi Алексей Ни айтып, қынжылыс бiлдiрдi. Қазақстанның көк туын Лондонда желбiретiп, әнұранды шырқап тұрып көзiне жас алған шынашақтай спортшы қызды осылай жылату кiмге керек болды екен?

     Ақырында не болды? Зiлтемiршi қос чемпион демалысы аяқталған соң, елге оралды. Жаңағы қауесет таратушылардың ауыздарына құм құйылды.

           Елбасы идеясы – еңбек пен бiрлiк

      Әлемде жүз пайыз бiр ұлттан ғана құралған ел жоқ. Бәрiнде де жергiлiктi басым ұлтпен қатар түрлi себептермен жүздеген жылдар бойы сол елдi мекендеп отырған ұлыстар, диаспоралар бар. Олардың өкiлдерi сол мемлекеттiң толыққанды азаматы саналады. Қоғамдық өмiрдiң кей салаларында, оның iшiнде спортта сол диаспорадан шыққан таланттар бүкiл елдiң мақтанышына айналып жатады. Мәселен, Ресей спортының даңқын шығарып жүргендердiң iшiнде кавказдық ұлт өкiлдерi аз емес. Ал Францияға Әлем чемпионатының алтын тәжiн алып берген әйгiлi футболшы Зинедин Зидан – Париж маңына ХХ ғасырдың 60-жылдары Алжирден көшiп келген арабтардың ұрпағы. Жақында ғана өткен жолдастық кездесуде Англия құрамасының қақпасына төрт (!) гол соққан швед шабуылшысы Златан Ибрагимович – ұлты жөнiнен, аты-жөнi-ақ айтып тұрғандай, босниялық серб. Германия футболының даңқын шығарып жүрген Месут Өзiл – этникалық түрiк. Бiрақ бұларды араб, серб, түрiк деп бөлектеп жатқан жан жоқ. Зиданды – француз, Ибрагимовичтi – швед, Өзiлдi – немiс деп, өздерiне жақындатып, жаны қалмай жақсы көредi, құрақ ұша құрметтейдi.

      Бiзде де солай болуы керек. Қазiрдiң өзiнде шет елде Қазақстаннан барғандарды «қазақ» деп атайды. Өйткенi, әлемде «ұлт» және «азаматтық» категориялары бiр мазмұнға ие. Орысша айтқанда, Лукас Подольски «немец польского происхождения», ал Кәрiм Бензема «француз алжирского происхождения» саналады. Яғни, шет ел үшiн Майя Манеза – «казашка дунганского происхождения», ал Илья Ильин – «казах русского происхождения». Демек, шетелде ғана емес, бiздiң елде де оларды қазақ спортшысы деп қарастырудың еш сөкеттiгi жоқ.

     Бұл – тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясатқа да сәйкес келедi. Елдегi қай ұлт пен ұлыстың өкiлi саналса да ортақ Отанымыз – Қазақстанның патриоты болуға шақыратын Елбасының түпкi мақсаты, идеясы – өзара татулық, бiрлiк, еңбек. Осы үш ұстанымды бұзбай алып жүрiп, бұлжытпай орындасақ қана қоғамдық өмiрдiң қай саласында болсын табыс биiгiнен бiрге көрiне аламыз.

   Сәкен Сыбанбай,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Related Posts

Сапалы білім – саналы тәрбие және білім туризмін қалай дамытамыз? Шымкент қаласының саладағы жетістігі қандай?

Шымкент – еліміздің іскерлік, экономикалық, мәдени өмірінің, инновациялардың орталығы болып табылатын және Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азияда маңызды орын алатын ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Шымкент қаласы өзінің…

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІН ТЫҢДАДЫ

Қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиеваның кезекті бірыңғай азаматтарды қабылдау күні өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика