Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін атап өтіп, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды. Азаматтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен берік иммунитетті қалыптастырмайынша, оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ең әуелі сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алудың жолын әрбір қазақстандық өз отбасында дәріптесе, қоғам дертіне қарсы иммунитетті де нықтаған болар едік.
tories/12122019-25.jpg» border=»0″ />
Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бала ата-анасының бойынан қандай қасиеттер көрсе, соларды бойына сіңіретін болады. Отбасы өсіп келе жатқан ұрпақтардың әлеуметтенуін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі негізге қойылған қоғамның жаңа мүшелерін дайындауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ерекше кешенді құзырет берілген.
Агенттіктің барлық бастамалары сенім, әділдік, парасаттылық құндылықтар призмасы арқылы жүзеге асырылуда. Парасаттылық идеологиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтудің тұжырымдамалық негізі болып айқындалған. Парасаттылық қоғам мүддесінің басымдығына бағытталған қазіргі заманғы мемлекеттік басқарудың барлық жүйесінің іргетасы саналады.
Қазіргі таңда агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті барлық топ арасында парасаттылық мәдениетін жетілдіру мақсатында түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыруда. Әсіресе Жастар жылына орай жастарға көптеп көңіл бөлінуде. «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деп ұлы Абай айтқан болатын.
Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою және ол іске жастарды белсенді жұмылдыру мақсатында жоғары оқу орындары мен колледждерде «Sanaly Urpaq», ал мектептерде «Адал ұрпақ» жобалары жүзеге асырылуда.
Қазақтың халық жазушысы Ғ.Мүсірепов «Адалдық: өзі алданса алданар, өзі ешкімді алдамас» деп атап өткен. Осы орайда қаламызда оқушылар мен студенттерді өздерін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін, өзгені алдамауға үйрететін «Адалдық дүкендері» іске қосылған. Яғни, мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажет заттарды алып, оның ақшасын кассалық жәшікке қалдырады. Осылайша сатушысы жоқ дүкенде өздеріне өздері қызмет көрсетеді.
Қайырымдылық – қадірлі іс демекші, жақында агенттік бастамасымен Шымкентте көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созу және жас ұрпақты жақсылық жасауға үндеу мақсатында «Ізгілік елшісі» жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында департамент пен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері және жастар көмекке мұқтаж жандарға жан-жақты волонтерлік көмек көрсетеді.
Сондай-ақ қоғамда парасаттылық қағидатын кеңінен жеткізу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі сала өкілдерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жанынан «Парасаттылық мектебі» жұмысын бастап, онда 50 лектор арнайы оқудан өтті. Аталған лекторлар қазіргі таңда қала мектептерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты департамент мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, «Open Space» форматына көшіру және басшылардың кабинеттерін әкімшілік ғимараттардың бірінші қабаттарына ауыстыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезде мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және халыққа қызмет көрсету сервисін заманауи талаптарға сай жүзеге асыру мақсатында фронт-офистер ашылуда. Тіпті білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары да бірауыздан қолдап, азаматтарды қабылдау орындарын «Open Space» форматына ауыстырып, өздері халыққа жақын болу мақсатында кабинеттерін бірінші қабатқа ауыстыруда.
Жоғарыда атап өткенімдей, агенттіктің жұмысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға басымдық берілуде. Ал парасаттылықты бойына сіңірген адам ешкімге қиянат жасамай, жақсы, адал жолмен жүріп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.
Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.
Асхат ЖҰМАҒАЛИ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы
egemen.kz
Leave a Reply