2022-09-29

Сыбайлас жемқорлық – қоғам кеселі!

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. «Сынықтан басқа аурудың барлығы жұғады» — деп, атам қазақ  айтпақшы, өзге де елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді жегі құрттай болған бұл кесел айналып өтпей, егеменді еліміздің қатерлі дерті болып қалуда.

Жас қоғамымызда, сыбайлас жемқорлық деп аталатын кесел жиі бой көрсетуде. Бұл кеселдің шығу себептері мен оған жасалатын жағдайлардың түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Ол өз кезегінде, сыбайлас жемқорлықтың пайдасынан зияны көп, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай қалыптастыру, яғни  қоғамдық сана қалыптасуы қажет.

Осы тұста қазақтың ертеден келе жатқан ақыл-ойлы, сақтандыруға арналған «ауырып ем іздегенше-ауырмайтын жол ізде»- деген қанатты сөзін айтып өтудің артықшылығы жоқ деп санаймын. Елімізде, сыбайлас жемқорлық аталатын келеңсіздікті болдырмау, бой көрсеткен заңсыз әрекеттерді жою және оның алдын алу бағытында, біршама кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атқарылып жатқан  кешенді іс-шараларға өзінің маңыздылығымен сүбелі үлес қосып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тікелей бағытталған, маңызды қалыптық-құқықтық актілердің бірі Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңы болып табылады.

Аталған заңда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсатына жетуі үшін іске асырылуы тиіс шаралардың анықталып, оның ішінде бірінші кезекте «қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыруды» іске асыру қажеттігі көрсетілген. Бұл қоғамымыздың барлық мүшелерінің  белсенділіктері арқасында жүзеге асырылатын шара. Яғни, «бармақ басты көз қыстылыққа» жол бермеу, белгілі болған заңсыздықтың көрінісі туралы тиісті органдарға хабарлау және оның нәтижесімен хабардар болу. Қоғамдық белсенділік, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген өзара келісімпаздылыққа жол бермеуден көрінеді. Заңсыздыққа жол берген тұлғаның, заң талабына сәйкес жауапкершілікте болуы, бұл мемлекетіміздегі Конституциялық қағида.  Конституциялық қағида іске асырылуымен әділ, болмаса әрекеттің заңсыздығы өрши бермек. Сонымен қатар, заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі нақтыланып, жүйенің 3) тармақшасында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» қажеттігі қамтылған.

Бұл дегеніміз,  өз кезегінде қоғамның әрбір мүшесінің заңи білімді болуын, заңсыздыққа деген теріс көзқарастарының қалыптасуын қамтитын тәрбие жұмыстарының кешені болып табылады.

Осындай іс-шаралар толығымен жүзеге асырылған кезде, бұқаралық сана өзгеріп, сыбайлас жемқорлық атты кеселдің қоғамда таралуы тоқтатылады  деп сенемін.

Ұ. Атенов

Қызметтің әскери жұмылдыру-жұмыстары тобының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі

Яндекс.Метрика