«АҚЫН ШЫРЫЛДАП АЙТҚАН ШЫНДЫҚ ЭФИРДЕН ҚЫСҚАРҒАНЫМЕН, АЙТЫСТАҒЫ АҒАЙЫННЫҢ КӨКЕЙІНДЕ КЕТЕДІ»

Маржан Есжанова,

айтыскер ақын:

«Ақын шырылдап айтқан шындық эфирден қысқарғанымен, айтыстағы ағайынның көкейінде кетеді»

 





1396237381tories/1396237381.jpg» />»Маржан Есжановаға өз басым асқан құрметпен қараймын. Әсіресе, ерлік, батырлық тақырыбы, рух шақыру сөздері Маржанның оңтайына дәл келетін тұс. Арғы-бергі эпостық жырларды жетік білетін, ел қорғар намысты ерлердің ұлттық тәрбие дәстүрінен өнетінін кәміл аңдаған Маржан қазақ әйелінің атынан сөйлегенде сөз ұғар қазақ тебіренбей, толғанбай қала алмайды. Ақындық құдірет деген осы». Бұл Жүрсін Ерманның пікірі.

Арқалы ақынды айтыссүйер қауым да ерекше ықыласпен тыңдайды. Кесек-кесек сөздер төгілгенде дуылдатып қол соғады. Мінезді ақынның түйдек-түйдек жырларында да мінез бар.Талай республикалық бәйгелерде жүлделі орындардан көрінген айтыскер ақынды Тәуелсіздік күні қарсаңына арнайы іздеп Шымкенттегі»Өнер» мектебіне бардық. Бүгінде ол осы мектептің басшысы.

Қазақ үшін ең ұлық, мәртебелі мереке-Тәуелсіздік күнімен құттықтай келдік өзіңізді.Қазақтың тарихын жақсы білесіз. Тәуелсіздікті жырлап жүрсіз.Осы Тәуелсіздіктің құндылығын қара сөзбен қалай таратып айтып берер едіңіз?

-Тәуелсіздік деген сөздің өзі қасиетті ұғым. Қазақтың талай сөзін жеңіл қабылдасақ та дәл осы «Тәуелсіздік» ұғымын терең ұғынуымыз керек. Ең алдымен Тәуелсіздік деген ұғымды «Отан» деген ыстық сөзбен байланыстыру керек. Мұқият қарасаң Тәуелсіздік пен Отан екеуі бір ұғым бола алады. Неге дейсіз бе? Таратайын. Отаның болмаса Тәуелсіздік қайдан туады дейсіз?! Отан арқылы Тәуелсіздіктің тұғыры көрінеді. Құндылығы сонда. Оның құндылығы өзіңді еркін сезініп, қанатыңды еркін қаға алатыныңда. Құдайға шүкір, Қазақстан Тәуелсіз елдердің қатарына қосылғалы бері талай асулардан асты, талай биіктерден көрінді. Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлем мойындады, әлі де мойындай береді. Осыған қарамай тасада тұрып тас ататындарды да көріп жүрміз. Өзге жұрттың өктемсіген бір өкілінің «қазақтар әлі өзін-өзі танып біткен жоқ» дегенін де естідік. Бұл арандату, ол әрине намысымызға тиеді. Бірақ біз осындай пікірлерге қарсы айбатымызды табанды әрекеттерді көбейту арқылы көрсетуіміз керек. Бірінші өзіміздің арамызда қазақтың өзін өзі танымайды дегенін жоққа шығаруымыз керек. Ол не? Ол-тілге деген құрмет, салт-дәстүрге деген мықты ұстаным мен оң көзқарас. Тіл бар жерде мемлекет бар. Салт-дәстүр насихатталып сақталған жерде қазақ міндетті түрде өзін танытады, көрсетеді. Басын құрай берсең айтылатын әңгіме өте көп қазақта. Әсіресе, Тәуелсіздік тақырыбында. Тәуелсіздік біздің тілімізде, салт-дәстүрімізде, қазақи санамызда жатыр.

Еліміздің алғаш Тәуелсіздігін жариялаған күн есіңізде ме? Қандай сезімде болдыңыз?

-Өз ұлтыңның терезесі өзгелермен теңелген шақтағы қуанышты айтып жеткізе алу мүмкін бе екен?! Жалындаған жас едік, студент болатынмын. Кеудемді бір ғажап қуаныш кернеді, әйтеуір. Ол өзге қуаныштарға ұқсамайтын, өміріңдегі ешқандай әсерлі кезбен салыстыруға келмейтін сезім еді. Біреуге бодан болу кімге ұнасын… Еркіндік қашанда қымбат қой. Оның құнын ешкім де белгілей алмайды. Ақын бола тұра, сол кездегі сезімді сөзбен өрнектеп жеткізу өте қиын. Адамның ішіне бір керемет жылылық жайғасып алған сәт қой. Кең далаға барып бар дауысыммен айқайлап алғым келді. Осы ғажап сезімнің ұзақ болғанын тіледім іштей ғана. Бұл бүкіл қазақ елінің жүрегін бір толқытқан керемет күн болды.

-Ел тәуелсіздігін ең көп жырға қосқан айтыс ақындары десек жаңылыспаймыз. Азаттықпен бірге айтыстың жаңа тынысы ашылды. Ардақ өнер қайта түлеп дамыды, шарықтады. Ақындарымыз ащы да айтты, тәтті де айтты.

Ақиқатты, қоғамдағы кемшілікті, шындықты көру, айту ақынның міндеті. Бұрыннан солай. Тәуелсіздікті жырлау бұйырған біз ақындардың бақытты буынымыз. Ақын шырылдап айтқан шындық эфирден қысқарып кетуі мүмкін, бірақ айтыс алаңында оны қысқарту мүмкін емес. Айтыстың ерекшелігі де, артықшылығы да осында. Шындық қашанда халықтың құлағында, ақынның ауызында.

-Соңғы жиырма жылда айтыстың шеттетілген де уақыты болды, шоуға айналдыруға да қадам жасалды. Спортшылардың сайыс алаңынан торын тартпақтап айтыс сахнасына тықпалаған жағдайлар да болды. Бірталай тәжірибелер жасалды, бірақ көрермен үшін кең сахнада өткен айтыстың орны ерекше.

-Тор деп отырсың ғой, оны менде байқадым. Жарасымсыз… Ақынға бірінші кең тыныс алып, еркін көсілетін кең жер керек. Одан кейін керегі еркіндік. Жаңағы тордың бір демеушінің ұсынысы болуы мүмкін немесе айтысты жандандырудың бір тәсілі деп қаралған дүние болуы да мүмкін. Бірақ жаңа дәуірде айтыстың бастамашысы мен жанашыры болған Жүрсін Ерман торға қамала қоятын қасқыр емес.Ол ақын. Тордың ішінде өмір сүре де алмайды. Айтыс ақындары да солай. Не болса да, не жасалса да айтыстың құдіреті оған деген халықтың пейілі мен сүйіспеншілігіне сызат түспейтінін өмір өзі дәлелдеп отыр. Айтыс керек, халыққа керек. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясы қазақ айтысын қанатының астына алып отыр.

«Нұр Отан» дегеннен шығады,осыдан біраз жыл бұрын әріптесіңіз Ринат Зайытов «Нұр Отан» партиясын, басшыларды сынға алғаны халық арасына лезде тарап кетті. Түрлі пікірлер айтылды. Бірі дұрыс деді, бірі бұрыс деді Ринаттың сөзін. Әріптес ретінде сіз не айтар едіңіз осы туралы?

Мен соны естігенде біраз ойда жүрдім. Ақын қандай болу керек, шынымен осы Ринаттай болу керек пе деп те ойладым. Бірақ… Ринатты сөгу емес, жамандау емес бір ойымды айтайын. Ринат талантты жалындап тұрған жас ақын. Халық сүйіп, тыңдайтын, сыйлайтын болғандықтан, ақынның жауапкершілігі өте үлкен. Сол себепті де қандай ақын болмасын ойын жария етерде терең ойлануы керек. Ол жәй адам емес, ақын. Айтқан сөзі ел арасына тарайды. Айтқан сөз атылған оқпен бірдей, оны кім қалай пайдаланды, мәселе осында. Ол айтты, қойды. Иә, халыққа сарт еткізіп тиетін тұсын тауып айтты. Бірақ, біздің халқымыз содан ұта ма? Ақын ретінде ол ел тәуелсіздігінің тұғырлана түсіп, ынтымағы мен бірлігінің ұйыса түсуіне қандай үлес қосты? Тәуелсіз елдің басшысына қарсы сөз айтатындай ол Елбасының қалыптасуына қандай үлес қосты екен?…

Ал, Бұқар жырауды үлгі етсе, оның жөні бөлек. Иә, Бұқар жырау Абылай ханға ақыл беріп, қарсы өлең оқи білген. Солай ететіндей жөні бар.Өйткені, Бұқар жыраудың Абылайдың «Абылай» болып қалыптасуында үлкен еңбегі жатыр. Ол елдің қамын ойлап қана қоймайды, татулықты да сақтай алады. Сол себепті де хан Абылайды сынай алады. Ринат мықты екен, сырттан өлең сырғанатпай, бетпе-бет неге айтпайды? Егер осылай істесе батыр деуге келер еді сөзсіз.Қазағына қатты жаны ашитын адам осылай істесе керек. Егер ол қолынан келмейді екен,ойын ішіне сақтағаны пайдалырақ. Баста айттым ғой, біздің ынтымағымыз бен бейбіт өмірімізге тасада тұрып тас атқысы келетіндер басқа жақтан да, қазақтан басқадан да табылады.

-Тату тіршілікке не жетсін дейсіз ғой.

Әрине, шүкір деу керек. Енді бізге қол жеткізген жетістікті уыстан шығарып алмау жолында жұмыс жасау керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дәл солай жасап жатыр. Сан жылдар бойы ата-бабабыз, алдымыздағы аға буындар осы еркін, бейбіт күн үшін қасық қаны қалғанша күресті емес пе? Егер қазіргідей дайын дүниені әдемілеп ұстап отыра алмасақ ол біз үшін кешірілмейтін күнә болады. Тәуелсіздікке әр адам қолдау көрсету керек, оны қалай көрсетеді осы туралы ойлануы керек. Сәл жетістікке жеткен адамды көре алмайтын болып барамыз. Үлкен ортаны қозғамай-ақ кішкене ғана мысал келтірейін.

Бір күні әңгіме барысында бір кісі Қайрат Нұртасты сонша жамандады, жерге тықты барынша. Сол үшін біраз сөз таластырдым. Айтайын дегенім, Қайрат елдің көңілінен шыққан, миллиондаған адамға өнерін сыйлап жүрген шынашақтай ғана бала. Күндіз-түні талмай, тынбай еңбек етіп жүр. Соны сөз қыламыз үлкен-кішімізге қарамай. Жамандағаннның орнына « менің балам неге еңбекқор емес» деп ойлансақ қой…Ол Қазақстанды шама-шарқы келгенше өнерімен танытып жүр. Ресейліктерде тыңдай бастады қазір. Мақтануымыз керек қой, ал, біз өз арамызда көре алмаймыз келіп. Ал, сіз өзіңіз, Қазақстанның тәуелсіздігінің мәңгілік болуы үшін не істеп жүрсіз?..Шіркін-ай, әр қазақ жел сөзге еріп, әңгімені көбейіткенше, осы сұраққа жауап іздеп, еңбектенсе ғой!

-Жақсы айттыңыз, Сізді айтыстан көп көрмейтін болдық, неге шықпай қойдыңыз?

Біреулер мені бір себептермен айтысқа шыққысы келмей жүр деп ойлауы да мүмкін. Бірақ, жаңылысады. Ақын жүрегі өте нәзік келеді. Айтысқанда ақын жанын жеп айтысады. Әрине, мұның денсаулыққа әсері болады. Денсаулығым қатты сыр бергендіктен айтыстан алыстадым. Бірақ мен ізденісті тоқтатқан емеспін. Әдемі келген аламаннан әдемі кеткен де жөн. Өзім жүрген өнерде қарым-қабілетіме сай дәрежемді алдым. Баратын жеріме бардым. Мойындататын жерде мойындаттым. Ендігі кезек шәкірттерімде. Оларда қазір мықты ақындардың қатарында. Енді солармен жағаласып айтысып жүрсем, оның өзі орынсыз болмай ма? Айтпақшы осы жерде айта кетейін «Өнер» мектебіндегі Базарбек Бекжан деген шәкіртім жақында ғана Түркияға барып халықаралық айтыстан бас жүлдені қанжығасына байлап келді. Қатты қуандым.

-Айтыста кімді мойындадыңыз?

-Шынымды айтсам Мэлс Қосымбаевты мойындаймын. Әсия мен Әселхандарды да ешкімнен төмен қойған емеспін.

-Бүгінгі адамдардың бойынан қандай мінез, қандай қасиет көргіңіз келеді?

Мейірім ғой деймін. Қазіргі қоғамда біреуге қайдам өзіме қатты байқалатыны адамдар қатқылданып бара жатқандай көрінеді. Бауырға деген мейірім жоғалып бара жатқандай. Мейірім болмаған жерде татулық болмайды. Ал татулық жоқ жерде ел тәуелсіздігін ұстап тұру қиынның-қиыны.

Өткенде есігімнің алдына ет жайып, жағалаған торғайлардан қорғаштап еттің бетін жауып қойғанмын. Кетіп бара жатып артыма қарасам құс екеш құста құдды бір маған өкпелі көзбен қарап тұрғандай көрініп кеткені-ай. Ұялдым. Торғайдан.Етімнің бетін аштым да кеттім. Тірі нәрсе болғасын жүрегіңнің тірісіндей аяйды екенсің. Бұл кішкентай ғана мейірім ғой. Барлық адамда осындай бір кішкентай болса да мейірім болсыншы. Менің айтарым осы.

-Тәуелсіздік мерекесіне орай айтыскер ақын Маржан Есжанованың елге деген тілегі болса.

Бүкіл қазақ елін мерекелерімен құттықтаймын. Барлығының отбасында жақсылық, береке, ырыс, бақ-дәулет орнай берсін. Ешкімге бодан болмайықшы. Елдің туын әрқашанда биік ұстап, елбасына қолдау көрсетіп, тыныштық орнауына ат салыссын әрбір азамат. Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, сол жолда тынбай еңбек ете берейік. Тәуелсіздігіміз құтты болсын!

-Ашық әңгімеңізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Әңгімеңізге үлкен рахмет. Сізді де мерекеңізбен құттықтаймыз!

                                Жарылқасын Үсентаев

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика