ОҚМПУ ҚАНЫМЫЗ БІР, ЖАНЫМЫЗ ОРТАҚ ҚАЛЫҢ АҒАЙЫННЫҢ ОРТАСЫНАН ТАБЫЛДЫ

Шымкент – трансшекаралық аймақтағы қуатты мегаполис. Осыдан бес жыл бұрын республикалық дәрежедегі қала мәртебесін алған шаһар көршілес Өзбекстанмен экономикалық ықпалдастықпен қатар білім, ғылым саласындағы байланыстарды арттыруға мүдделі.

Осы міндет аясында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығымен байланыса отырып, Ташкент қаласы мен Ташкент облысындағы қазақ қауымдастығының белсенділерінің басын қосты. Ондағы мақсатымыз – елден жырақта қалған ағайынның балаларына елімізде жоғары білім алуға мүмкіндіктің бар екенін жеткізу болатын.

2023-2024 оқу жылына ОҚМПУ-ге Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша дайындық бөлімінде білім алуға 50 орын бөлінді. Дайындық бөлімінің тыңдаушылары қазақстандық білім беру бағдарламаларын игеріп, мемлекеттік білім беру грантының иегері атануға тестілеуге дайындалады. Дайындық бөліміне құжат қабылдау 5 тамыз – 5 қыркүйек аралығында өтіп, конкурстық іріктеу 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Дайындық бөлімінде биылғы жылға арналған шәкіртақы көлемі 31 мың теңгені құрайды. Университетімізде шет елдік білім алушылардың барлығына жатақханадан орын беріледі.

Университеттің ақылы бөліміне шет елдік азаматтарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасып, университет басқармасының ұйығарымымен ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар үшін оқу ақысын өтеуде жеңілдік қарастырып отырмыз.

Өзбекстандық қазақ бауырларымызбен өткен кездесуге қазақ мектептерінің жетекшілері де қатысты. Оның ішінде Ташкенттегі Қыбрай ауданындағы қазақ мектебінің өнер кабинетін ұлттық нақыштағы домбырамен, ұлттық өнер бұйымдарымен толықтыруда ОҚМПУ-мен әріптестік байланысты жолға қою мәселесі айтылды. Ұлт үнін аңсаған, ұрпақ келешегі үшін қам жеген ағайынның бұл ұсынысын қабыл алдық. Алдағы уақытта университеттің қоғамдық кәсіптер орталығындағы ұлттық аспаптар жасау, қолөнер үйірмелерінің туындыларынан тұратын сәлемдемемізді жеткізетін боламыз.

Бауырлармен өткен жылы жүздесуге өмірлік таңдау сәті алдында тұрған бірнеше мектеп бітірушілері де қатысып отырды. Араларында ата-анадан ерте айрылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған қазақтың қарадомалақ баласы да болды. Тағдырдың ауыр сынағына қарамастан жігерлі жастың білім алуға құлшынысы алабөтен екен. Осы балаға ректор квотасы бойынша білім беру грантын тағайындауға шешім қабылдадым.

Ежелден қоңсылас жұрт Өзбекстанда 3,5 млн. жуық қазақ буырларымыз тұрады. Қандас ағайындар көптеп шоғырланған аймақтарда – Ташкентте, Науайыда, Нүкісте, Жызақта қазақ мәдени орталықтары қызмет атқарады. Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде, Науайы педагогикалық институтында, Нүкіс педагогикалық институтында қазақ филологиясы факультеті немесе қазақ тілі мен әдебиеті бөлімдері ашылған.

Дегенмен, Өзбекстандағы қазақ мектептері педагог кадрлар жетіспеушілігін айқын сезініп келеді. Салдарынан соңғы 20 жылда Өзбекстандағы білім беру жүйесінде қазақ мектептерінің үлесі екі есеге азайып, мектептер саны 707 бірліктен 350 бірлікке дейін төмендеген. Бұл мәселе бізді қатты алаңдатты. Жиын барысында өзбекстандық қазақ мәдени орталығы арқылы қазақ мектептерінің педагог кадрларға сұранысын зерделеп отыруға келістік. Мектептердегі сұранысты осы елден келетін студенттерге жеткізіп, олардың оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыспен қамтылуына өзіндік үлесімізді қоспақ ниеттеміз.

Өзбекстанға жасаған жұмыс сапарымыздың алғашқы нәтижелері осындай болды. Алда осы елдің қазақ ағайындар шоғырланған барлық аймақтарын қамту жоспарымызда бар. Біз барған күні Өзбекстанда Қазақстанның мәдени апталығы бастауын алып жатты. Біліммен басталған апталық еліміздің мәдени тынысын кеңінен таныстырып, өркенді ықпалдастықпен жалғасын табады деген сенімдеміз.

Қызмет ақпарат

2000 символ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика