Шымкент қаласындағы заманауи стандарттарға негізделген «FGS-Болашақ ұрпақ» мектебі өз жұмысын осыдан небәрі екі жыл бұрын бастаған (FGS – ағылшын тіліндегі Future Generation School сөзінің бастапқы әріптері, қазақ тіліне аударғанда «Болашақ ұрпақ мектебі» деген мағынаны білдіреді). Сөйте тұра аталған мекеме білім саласында өз биігінен көріне алып жүр. Жас білім ордасы қазіргі таңда 320 оқушыға білім береді және 70 педагог (оның ішінде 1 шебер, 8 зерттеуші, 10 сарапшы, 7 модератор педагог бар) осында өз жұмысын тыңғылықты атқарып жүр. Өскелең ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беруді, жеке тұлғаның интеллектуалдық қабілеттерін дамытуды мақсат тұтқан бұл оқу ұясында шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап артып келеді. Бүгінде ұжым мүшелері білім көрсеткіштерінің жоғарылауына қомақты үлес қосуда. Мекеме басшысы Жұлдыз Мейіржанқызы мектепте білім сапасының деңгейі 50 пайыздан жоғары екенін айтады.
– Бұл бойынша білім алушылардың білім деңгейін пәндер бойынша әкімшілік бақылау жұмыстарын алу арқылы бақылап отырамыз. Алынған бақылау жұмыстарының нәтижесіне қарап, қандай қателіктер жіберілгенін анықтап, сол тақырыптарды пысықтау мақсатында қосымша сабақтар өтіледі, – дейді ол.
Директордың айтуынша, 2023-2024 оқу жылы «FGS-Болашақ ұрпақ» мектебі үшін жемісті жыл болған көрінеді. Жұлдыз Мейіржанқызы оны төмендегідей түсіндіреді.
– Былтыр шәкірттеріміз қалалық, аудандық, республикалық деңгейдегі олимпидалардан біршама жүлделі орындар алды. Атап айтқанда «Алтын сақа», «Бәйтерек», «Ақбота» секілді білім сайыстарынан алғашқы орындарды иеленген оқушыларымыз аз болмады. Осы тұста мектебіміздің дарынды оқушысы Мұқан Нұрмұхаммед туралы да айта кеткім келіп отыр. Ол Сингапур қаласында өткен зияткерлік сайысқа шақырту алды. Білім сапасының артуына мектеп парламентінің қалыптасуы да өз септігін тигізді деп айта аламын. Мұны балалардың өзін-өзі басқаруының үздік мысалы деп айта аламын. Мектеп парламенті мектеп ішінде агитация жүргізу арқылы мектептің дамуына өз үлесін қосуды жоспарлап, сол жоспар арқылы өз қолдаушыларын табу, ойын ашық айту, басқаларға үлгі бола білу ісінде оң нәтиже көрсетіп келеді.
2023-2024 оқу жылындағы тағы бір ерекше атап өтер жетістігіміз – оқушыларымыздың еліміздегі алдыңғы қатарлы мектептердің бірі Назарбаев зияткерлік мектебіне грантқа түсуі. Екі оқушымыздың бірі Назарбаев зияткерлік мектебіне, екіншісі Қазақ-Түрік лицейіне оқуға түссе, тағы екі оқушымыз «Дарын» мектептерінің грант иегері атанды.
Біз балалардың оқуынан бөлек, олардың жан-жақты дамуына да атсалысамыз. Осыған орай, мектебімізде ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Ұлттық құндылық» үйірмесі жұмыс істейді. Одан бөлек заман талабына сай робототехника, компьютерлік дизайн және графика үйірмелері тағы бар. Сондай-ақ, хореография, футбол, таэквондо үйірмелері балаларды спортқа, өнерге баулиды. Сонымен бірге, шахмат, қолөнер, қыш құмыра жасау үйірмелерімен қатар интелектуалды ойындар клубы, дебат клубы, ағылшын тілін ойын түрінде үйрететін «спикинг клаб» та тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.
Директор ретінде ең бірінші мақсатым – дарынды, білімді, жан-жақты, бәсекеге қабілетті балаларды оқытып, тәрбиелеп шығару. Осы мақсатта білім беру үдерісіне өзім оқыған РФМШ мектебі мен Назарбаев Университетіндегі үздік модельдер мен тәжірибені қолданып келемін. Сонымен бірге заман талабына сай, сапалы үйірмелердің жұмысы жолға қойылып, түрлі ашық сабақтар, байқаулар, акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.
Әрине, биылғы оқу жылы да біз үшін нәтижелі басталды. Шымкент қаласындағы «Дарын» орталығы ұйымдастырған республикалық олимпиадаға төрт оқушымыз қатысып, екеуі бірінші орынды, тағы екі оқушымыз екінші орынды иеленіп үлгерсе, «Алтын сақа» білім сайысына қатысқан екі оқушымыз бірінші орын иегері атанды. Осы орайда мектебіміздегі үздік педагогтарымыз да биік белестерден көрініп келе жатқанын айта кеткім келеді. Мысалы, «Алтын тұғыр» атты мұғалімдер арасында өткен олимпиададан Шолпан Абильдаева атты ұстазымыз екінші орынды иеленіп, аудандық кезеңге жолдама алып отыр, – дейді басшы. Мұның бәрі мектептегі білікті мамандардың өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, кәсіби тұрғыдан шыңдалу мақсатында аянбай ізденіп жатқанын байқатады.
Балаға біліммен қатар ішкі құндылықты да сіңіре білу керек
Аталған мектепте жаны жаңашылдыққа құмар жас педагогтар да жетерлік. Еңбек жолын енді бастаған бұл жас мамандардың креативті идеяға толы, ізденімпаз болатынын Жұлдыз Мейіржанқызы да жақсы біледі. Сондықтан оларға әрдайым қолдау көрсетуге даяр. Бастауыш сыныптарға жетекшілік ететін жас мамандардың оқушымен қалай жұмыс істейтінін, сабақ беруде қандай ерекше әдіс-тәсілдер қолданатынын білу мақсатында бірнеше жас мұғалімдермен тілдескен едік. Әңгіме барысында қай қайсысының болса да озық ойлы, іске келгенде алғыр, өз мамандықтарын жан-тәнімен жақсы көретін педагогтар екеніне көзіміз жетті. Солардың бірі – Романқұл Салтанат Көшербайқызы. Ол – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін 2014-2018 жылғы түлегі. 2018-2020 жылдары Қазақ Ұлттық университетінде білім алған. Салтанат баланы білімге баулумен қатар оның ішкі құндылықтарын дұрыс қалыптастыру да өте маңызды екенін айтады.
– «Ұстаздық ету – жер бетіндегі ең ұлы іс» деп бекерге айтпаса керек. Ұстаздық ету – жауапкершілігі мол, қажырлы еңбекті қажет ететін мамандық екенін әу бастан санама түйіп едім. Жас маман ретінде еңбек жолымды Алматы қаласындағы Алматы көпсалалы колледжінен бастадым. Қазіргі таңда «FGS-Болашақ ұрпақ» мектебінде екі жылдан бері жұмыс атқарып келемін. Осы екі жыл ішінде аз да болса үйренгенім мен түйгенім айтарлықтай.
Үйрете отырып үйренетін жас маман ретінде түсінгенім, баланы білімге баулумен қатар, оның ішкі құндылықтарын дұрыс қалыптастыру да өте маңызды екен. Ішкі құндылығы дұрыс қалыптасқан бала болашақта кемелденген тұлға ретінде қалыптаса алады. ХХІ ғасыр ғылым мен техника ғасыры болғанымен адами қасиеттерді дәріптеу, адамгершілкке баулу, мейірімділік пен сүйіспеншілікке үйрету де ең үлкен міндетіміз бен парызымыз екенін ұмытпауымыз керек. Себебі, баланың дұрыс қалыптасқан ішкі құндылығы адамгершіліктің өзегі болып табылады. Ондай бала болашақта қандай салаға бет бұрса да, жұмысын тиянақты, адал атқаратын болады. Алдынан шыққан сынақтарды оңай еңсеріп, өзінің тура жолынан адаспайды. Ал ішкі құндылығы жоқ бала есейгенде өмірден өз орнын табуда, қандайда бір қиыншылықтармен күресуде қиналады. Өйткені, бала кезден оның санасына орналасқан жақсы оқу, грантқа түсу, үй алу, көлікті болу деген сияқты кішігірім жоспарлар арманының шарықтау шегі болып көрінеді. Ол бұл мақсатына жеткен кезде ары қарай қандай қадам жасайтынын, қандай биік мақсаттар қойып, ауқымды жоспарлар құру керек екендігін білмей, санасы қарсыласады. Өйткені әу баста баланың кеудесі бос, ішкі құндылығы қалыптаспаған еді. Ал бұл кезде ата-аналар қай жерден қандай қателік жібергенін түсініп те үлгермеуі мүмкін.
Егер біз баланың тек қана материалдық байлыққа қол жеткізгенін, белгілі бір стандарттағы жетістіктерге ғана жеткенін қаласақ, бала соған қол жеткізуі де мүмкін. Бірақ, оның бойындағы адамгершілік, ізгілік қасиеттер қалыс қалып қоюы ықтимал. Бұл тұста мейлінше екеуін де қатар алып жүруге тырысу керек, баланы да соған бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен сабақ беру барысында осы дүниелерге қатар көңіл бөлуге тырысамын. Мұны негізгі мақсаттарымның бірі ретінде қарастыра отырып, бүгінгі күні «Болашақ ұрпақ» жекеменшік мектебінде жұмыс істеп келе жатырмын.
Осы орайда неліктен жекеменшік мектеп деген сауал туындауы да әбден мүмкін. Бұл тұста жекеменшік мектеп пен мемлекеттік мектеп арасындағы салыстырулардың болуы қалыпты екенін айта кеткім келеді. Қазіргі таңда ата-ана мен балаға да таңдау көп. Таңдаудың көптігі бәсекелестік тудырады. Ал дұрыс бәсекелестіктің нәтижесі сапалы жұмысқа тең екені айтпаса да түсінікті. Менің жеке пікірім бойынша, жекеменшік білім ордаларының өзінің айтарлықтай артықшылықтары бар. Жұмысбастылық артып тұрған мына заманда баланың уақытын тиімді пайдалануға, баланың ішкі қабілеттерін ашуға, баламен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік беретін өзіндік ерекшеліктері аз емес. Сондықтан да еңбек жолымды жекеменшік мектепте жалғастыруды жөн көрдім.
Білім беру саласында балаға біліммен қатар дұрыс тәрбие мен ішкі құндылықты сіңіруді, адамгершілік пен ізеттілікке баулуды қатар алып жүру керектігін тағы бір мәрте қайталап айтқым келеді. Иә, ұстаздардың еңбегі бір айда немесе бір жылда байқала қоймас. Бірақ, сіңірілген білім мен құндылық өмірлік азық ретінде өмір бойы санада сақталып, уақыты келгенде жемісін беретіні анық. Уақыт өте келе өзіміз тәрбие мен білім берген оқушы көз алдымызға нағыз тұлғаға айналып, ел үшін, жер үшін еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына тамшыдай болса да үлесін қосып жүрсе, еткен еңбегіміздің ақталғаны деп білемін, – дейді ол.
Дидактикалық материалдар баланың қызығушылығын арттырады
«FGS-Болашақ ұрпақ» мектебіне жас маман ретінде жұмысқа тұрған Нұржан Жанерке Бекжігітқызы да жоғары оқу орнын биыл тәмамдаған. Ол – сабақ беру барысында ерекше, қызықты дидактикалық материалдарды жиі қолданатын белсенді педагогтардың бірі.
– Маған 4 сынып оқушылары берілді. Сабақ өту барысында 4 сынып оқушыларының математикадан қиналғандығын байқадым. Осы жерде 4 сыныптың математика кітабының І бөлімі 13-сабағына тоқталғым келіп тұр. Бұл сабақ гектарды арға, сантиметрді миллиметрге не болмаса дециметр кубты сантиметр кубқа айналдыру сияқты түрлі өлшем бірліктерін өзгертудің тәсілдерін түсіндіреді. Бұл тақырып бір-ақ күн өтіледі әрі бүгінгі өтілген тақырып ертең қайталанбайды. Сондықтан да балалар үшін бұл сабақ ауырлау соғып жатады. Осы тұста мен оқушыларға өтілген тақырыпты шыңдау үшін біршама қосымша есептер беремін. Сол кезде балаларға жаңа тақырыпты игеру жеңілдей түседі.
Осы тұста қазақ тілі пәніне қатысты да айтқым келіп тұр. Кітап бағдарламасы кей оқушыларға ауыр тигендіктен оларға ақпаратты заман талабына сай ойын, жарыс арқылы түсіндірген жөн деп ойлаймын. Мысалы, сабақтың негізгі тақырыбы 15 минутта түсіндірілсе, 15 минут кітапта берілген жаттығу жұмысын орындауға, қалған 10 минутта дидактикалық көрнекіліктер арқылы тақырыпқа байланысты қызықты тапсырмаларды орындап үлгереді. Мұндағы дидактикалық материал деп отырғанымыз – сыныпта немесе үйде өздігінен жұмыс істеу үшін оқушыларға таратылатын немесе бүкіл сынып алдында мұғалімнің көрсететін көрнекі оқу құралының ерекше үлгісі. Көп жағдайда ол карталар, кестелер, мәтіндері, цифрлары және суреттері бар карточкалар, реактивтер, өсімдіктер, жануар т.б. түрінде жасалады. Дидактикалық материал оқу процесін жеңілдетуге, түсінікті етуге және оқушылардың білімін арттыруға бағытталады. Мұндай көрнекіліктерді қолданудағы мақсат – сабақтың мазмұнын түсінікті әрі қызықты ету, оқушылардың есте сақтау және қабылдау қабілетін жақсарту. Балаға ұсынылатын дидактикалық құралдар анық және нақты болуы тиіс. Сонда баланың сабаққа деген қызушылығы да бірден арта түсетін болады.
Түсініктірек болу үшін өзім сабақта пайдаланған бір дидактикалық материалға мысал келтірейін. Қазақ тілі сабағындағы тақырып – «Сөйлем түрлері». Сөйлем айтылу мақсатына қарай үшке бөлінеді. Алдын ала сабаққа дидактикалық материалдарымды дайындаймын. Мен бұл жерде қазақ ертегісіндегі Алдар көсенің суретін алдым. Сонымен бірге Алдар көсенің асық салатын арнайы дорбалары болады. Асықтың да, дорбаның да, Алдар көсенің де суретін принтерден анық етіп шығарып аламын. Сөйтіп оқушыларды үш топқа бөлемін де, сөйлем түрлерін асықтарға жазып, тапсырманы оқушыларға ұсынамын. Оқушылар асықтарды дорбаға жинау арқылы сөйлемдерді түрлеріне қарай бөліп шығады. Оқушылар сабақ барысында тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым дағдыларын қамтитын болса, сабақ түсінікті әрі қызықты өтеді.
Кей дидактикалық материалдарды өзім жасаймын және ол үшін біршама ізденемін. Ізденіп, білімімізге білім қосып, оқушылардың жан дүниелерін жаңғырту біздің ұстаздық парызымыз деп санаймын. Ақыры өзім қалап ұстаздық жолды таңдаған екенмін, осы жолда ізденуден де, үйренуден жалықпаймын, – дейді жас маман.
Сабағымда оқушылардың көбірек ізденуіне мүмкіндік беремін
Асанқұл Нұрсұлу Сәбитқызы болса, қазіргі заман балаларының ерекше ұрпақ саналатынын, олардың қызығушылығын ояту үшін ерекше ізденіс керек екенін түсіндіреді. Мұғалім балаларға қаталдықпен емес, адалдықпен қарағанды дұрыс санайды.
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген нақыл сөз өзім оқыған мектеп қабырғасындағы тақтайшада ілініп тұратын. Осы сөзді сол кезден бастап көріп-біліп, естіп жүрсем де, оның мәнісіне барып, аса түсіне бермеген екенмін. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл сөздің қаншалықты мәнді және мағыналы екендігін түсінемін және соған көзім жетті де. Бүгінде мамандықтардың ішіндегі ұстаз деген ұлы есімнен асқан ұлылықтың жоқ екендігіне кәміл сенемін.
Менің анам да – 32 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім. Жастайымнан анамның сабаққа қалай дайындалатынын, балаға ойын қалай әдемі жеткізетінін де көріп өстім. Содан да болар, менде де іштей мұғалімдік мамандыққа деген ұшқын пайда болып, осы жолда жалындап жанғым келді. Осы мақсатты өміріме арқау еткен мен мектеп бітірген 2016 жылдан 2022 жылға дейін Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қабырғасында «Биология пәні мұғалімі» мамандығы мен «Педагогика ғылымдарының магистрі» дәрежесін алып шықтым. Осы жылдар мен студенттік уақыттар менің өмірлік көзқарасымды қалыптастырып, бағыт-бағдарымды айқындауға көмектесті. Бүгінде мен өмірлік ұстазым – анам мен мұғалімдерімді атақ пен даңқты мақсат етпей, өз мамандығын шын сүйген, шәкірттері үшін жаны күйген, менің ұстаздық жолды таңдауыма себепкер болған жандар деп білемін.
Студент болып жүрген уақыттары педагогикалық практиканың өзінде қаладағы оқу орындарына және магистр дәрежесін қорғаған уақыттары бакалавр студенттеріне жетекшілік етіп, қосымша тәжірибелер алып жүрдім. Бұл жылдар мен үшін адамдық пен надандықтың, адалдық пен арамдықтың ара жігін ашып көрсетіп, кісілік пен кішіліктің қадірін ұғындырған тәжірибесі мол уақыттар болды.
2022 жылы магистр дәрежесін алғаннан соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Биология және биотехнология» факультетіне жұмысқа орналасып, бір жыл бойы озық тәжірибелерді жинақтадым. Дегенмен, осы тұста мен өзімнің ары қарайғы еңбек жолымды мектеп қабырғасында, білім баспалдағы енді қаланып келе жатқан балаларға білім беру жолында жалғастырғым келетінін түсініп, Шымқалаға келдім. Сөйтіп, осындағы «FGS-Болашақ ұрпақ» мектебінде жұмысқа тұрдым. Бүгінде аталған оқу ордасында қызмет етіп жатқаныма екі жыл болды, өзімнің осыған дейінгі аз да болса жинаған тәжірибемнің арқасында біршама жетістіктерге қол жеткіздім деп айта аламын. Күні кеше жас ұстаз болып табалдырығын аттаған мектеп мені жылдар бойы есейтіп, шығармашылық шабытымды шыңдап келе жатыр. Мұнда мен қазіргі білім жүйесіне дендеп еніп келе жатқан сынып жетекшілік, яғни кураторлық қызмет атқарамын әрі биология пәнінің мұғалімімін. Кураторлық істі қазіргі уақытта заманның сұранысына сәйкес пайда болған мамандық десек те болады. Себебі, мұнда біз балаларға сынып жетекшіліктен бөлек, білім жолында қолдау мен жетекшілік те жасаймыз.
Былтырғы қызмет еткен бір жылдың өзінде мен жетекшілік жасаған 6 сынып 2023-2024 оқу жылының «Ең үздік сыныбы» атанды. Сондай-ақ, оқушылар жыл бойы пәндік олимпиадалар мен мектепішілік және қалалық іс-шараларға өте белсенді қатысып, өздерін көрсете алды. Сонымен қатар, былтырғы жылы менің оқушыларым өзім сабақ жүргізген биология пәні мен жаратылыстану пәніне деген ерекше қызығушылықтарын байқатты. 7 сыныптағы оқушым республикалық «Дарынды 1000 бала» сайысынан «Ең үздік ғылыми жоба» номинациясын жеңіп алды. 6 сыныптағы оқушыларым жаратылыстану бойынша жақсы нәтиже көрсетсе, екі оқушым Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің тестінен жақсы нәтиже көрсетіп, грант ұтып алды. Республикалық «Ақбота» олимпиадаларына да үш оқушым жүлделі екінші орынды, төрт оқушым жүлделі үшінші орынды иемденді. Жалпы алғанда, оқушыларым әрбір пән апталықтарына белсенді қатысып, жыл бойы өздерін жан-жақты дамытуға тырысып отырды. Мұның барлығы оқушыларға пәнімнің құндылығы мен қажеттіліктерін жете түсіндіргеннен деп білемін.
Зерттеулерге сүйенсек, 2010 жылдан бастап туылған балалар альфа ұрпақтары болып саналады екен. Ал, заманның дамыған уақыты мен цифрлық аутизм белең алып жатқан уақытта, альфа ұрпақтарының қызығушылығын ояту өте қиын. Сол үшін де мен өз сабағымда оқушылардың көбірек ізденуіне мүмкіндік беремін. Сабақтарда оқушылармен тығыз байланыс орнатып, тақырыпқа қызығушылықтарын сұрап отырамын және «Life learning», «Джиксо», «Сыни ойлау», тағы басқа да түрлі әдістер-тәсілдерді қолданып баланы барынша қызықтыруға тырысамын. Сондай-ақ, әр бөлім мен тарау сайын тақырып аясында өзіндік жұмыстар жасатамын. Менің ұстанымым біреу, балаларға қаталдықпен емес, адалдықпен қарау, яғни оқушыларды мейлінше өзіме жақын тартып, тығыз байланыс орната отырып білім беру.
Болашақ жастардың қолында десек, сол болашақ ұрпақты тәрбиелеу біз сияқты мамандардың қолында. Егер маман ретінде балаларды дұрыс бағытқа бағыттай білмесек, онда мұғалім ретіндегі рөлімізді дұрыс орындай алмай жүрміз деген сөз. Ал өз жұмысымызды дұрыс атқара алмасақ, ол біздің мұғалімдігімізге үлкен сын деп білемін, – дейді жас мұғалім.
Балаға ақпаратты оңай әрі жылдам жеткізудің жолы бар
Сапарова Арзыгүл Абдухалыққызы Павлодар облысы, Екібастұз қаласындағы ЭкиНЭУ жоғары колледжін тәмамдап, Павлодар қаласындағы №22 мектеп-гимназиясында төрт жыл тәжірибе жинақтаған. Бүгінде Шымкент қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы университетте білімін жалғастырып жатыр. Ол сабақ барысында балаларды есепке қызықтыру үшін ойын түрінде берілген есептер мен сергіту тапсырмаларын жиі қолданатынын тілге тиек етті.
– Өз басым, бала кезімнен мұғалім болатынымды сезетінмін. Былайша айтқанда ұстаз болу менің кішкентай кезімдегі арманыма, арманнан кейін мақсатыма айналды десем де болады. Балдырған шағымнан ұстаздарыма қарап бой түзейтінмін, ол кісілер маған көп үлгі болды, бағыт-бағдар берді, жол көрсетті. Ол кісілердің сөзі мен үшін заң болатын. Тіпті, әкем де: «Қызым, сен осы ұстаздарыңа қарап бой түзесең, жаман болмайсың», – деп айтатын. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар ғой. Мені де ұстаздық жолға итермелеген сол игі жақсы ұстаздарым.
Иә, мен бұл мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін жақсы білдім. Сонда да осы жолда өсіп, осы жолда білікті маман болуды таңдадым. Қазіргі таңда мен қаншама балаға мұғалім ретінде жауапкершілік алып отырмын. Сондықтан да бір орында тұрақтамай, жан-жақты дамып, білім алуға барымды салып жүрмін.
Мен толыққанды ұстаз боламын деп шешім қабылдаған кезде, таңдауым «FGS-Болашақ ұрпақ» мектебіне түсті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, бағыма орай мені бірден жұмысқа қабылдады. Сөйтіп маған 3 Г сыныбының жетекшісі болу жүктелді. Бір қуанарлығы, балалардың білім деңгейлері бойынша менің сыныбым өзінің қатарластарынан алда келе жатыр. Оған ықпал еткен нәрсе – балаларды қызықтыру. Әдетте, балаларға көп жағдайда математика сабағы ауырлау тиіп жатады. Себебі, қызығушылық төмен. Қазіргі таңда балаларды есепке қызықтырудың тәсілдері өте көп. Соның бірі – ойын түрінде берілген есептер мен сергіту тапсырмалары. Бұл – логикалық жаттығуларды шапшаңдықпен шығарудың, баланың ақыл-ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытудың ең ұтымды тәсілі. Аталған әдістемелік құралдың негізгі міндеттері – оқушылардың логикалық ойлауын тереңдету, шығармашылық қабілеттерін дамыту, рухани байлықтарын дамытуға, шапшаң белсенді ойлауға жағдай жасау, танымдық деңгейін кеңейту. Балаға ақпаратты қызықты, оңай әрі жылдам жеткізуге болады. Мейлі, ол ойын, өзге де әдіс-тәсілдер, тіпті көрнекілік арқылы болсын, баланы қызықтыру арқылы үйренуге деген ынтасын арттыра аламыз. Қазір мектепке келіп, сабақты бұрынғыдай жай ғана айтып шығатын болсаңыз, бала ол ақпаратты қабылдамайды. Сол үшін жаңа білім баланың санасына нық орнығу үшін заман талабына сай бәсекелестікке түсе отырып, ұдайы ізденісте болуымыз керек, – дейді ол.
Инновациялық құралдарды қолдану – заман талабы
«FGS-Болашақ ұрпақ» мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнұр Бекетай болса бастауыш сынып оқушысын инновациялық құралдармен тәрбиелеудің маңызы жоғары екенін айтады.
– Инновациялық құралдарды қолдану – заман талабы. Бұл әдістер баланың жан-жақты дамуына, оқуға қызығушылығын арттыруға және жаңа дағдыларды игеруіне көмектеседі. Инновациялық құралдар деп заманауи технологияларды, интерактивті оқыту әдістерін, мультимедиялық ресурстарды, робототехниканы және басқа да заманауи тәсілдерді айтамыз. Олардың маңыздылығын төмендегіше қарастыруға болады.
Біріншіден, білім алуға қызығушылықты арттырады. Инновациялық құралдар баланың назарын аударып, оқуға деген қызығушылығын күшейтеді. Мысалы, интерактивті тақта арқылы оқу үрдісін қызықты әрі тартымды етуге болады.
Екіншіден, танымдық қабілетті дамытады. Интерактивті тапсырмалар мен білім беру қосымшалары арқылы балалардың танымдық қабілеттері, логикалық ойлауы мен шығармашылық дағдылары дамиды.
Үшіншіден, жеке оқыту тәсілін қолдануға мүмкіндік береді. Әр оқушының жеке қажеттіліктері мен қабілеттеріне сәйкес тапсырмалар беру мүмкіндігі пайда болады. Мысалы, кейбір оқушылар тақырыпты жылдам меңгерсе, басқаларына қосымша көмек қажет болуы мүмкін. Инновациялық құралдар бұл айырмашылықтарды теңестіруге көмектеседі.
Төртіншіден, заманауи технологиялармен таныстырады. Бүгінгі күні технологиялық сауаттылық маңызды. Балалар бастауыш сыныптан-ақ компьютер, планшет, интерактивті құралдарды пайдалану дағдыларын үйренеді, бұл олардың болашақта бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.
Бесіншіден, тәрбиелік мәні бар мазмұн ұсынады. Инновациялық құралдар тек білім беру ғана емес, тәрбиелік мақсаттарға да бағытталуы мүмкін. Мысалы, анимациялық видеолар немесе электронды кітаптар арқылы оқушыларға адамгершілік, экологиялық сана және жауапкершілік туралы ақпарат беру оңай.
Алтыншыдан, коммуникациялық және топтық жұмыс дағдыларды қалыптастырады. Интерактивті құралдар арқылы оқушылар бірлесіп жұмыс істеуді, пікір алмасуды және шешім қабылдауды үйренеді. Бұл олардың әлеуметтік қабілеттерін нығайтады.
Инновациялық құралдарды дұрыс және тиімді пайдалану оқушыларды тек білімді ғана емес, сонымен қатар шығармашыл, ынталы және қоғамға бейімделген тұлға ретінде тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігіне сай, ойын элементтері мен шығармашылық тапсырмаларды үйлестіре отырып, заманауи құралдарды қолдану тәрбиенің сапасын арттырады.
Кез келген ұстаз өз сабағының жанашыры болу керек. Сабақты өту мен оқытуда жаңашыл идеясы мол болу керек. Бұл білім беру жолында оң нәтижеге апарады. Сондықтан да мен бастауыш сынып оқушыларын оқытуда инновациялық тәсілдер көмегіне жүгінуді жөн көремін, – дейді педагог.
Иә, «FGS-Болашақ ұрпақ» мектебінің ұстаздар қауымы білім беру бағытындағы міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек етуде. Себебі еліміздің ертеңі бәсекеге қабілетті білім иелерінің қолында. «Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді», – дейді ұлы педагог Ы.Алтынсарин. Сол айтқандай мұғалім еңбегінің жемісі шәкірттерінің қол жеткен табыстары арқылы байқалады. Бұл бір жағы ұстаздар үшін үлкен мәртебе болса, бір жағы оларға жүктелген үлкен жауапкершілік. Сондықтан да мектеп педагогтары өскелең ұрпаққа жан-жақты терең білім беру, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және салт-дәстүрлерімізді құрметтеуге тәрбиелеу міндеттерін өздерінің басты парызы ретінде түсініп, сол жолда бүгінге дейін тынбай қызмет етіп келеді.
М.ЫБЫРАЙ
Leave a Reply