Шымкент қаласының Түркістан сарайында қалалық Білім басқармасының алқа мәжілісі өтті. Жиынға білім беру мекемелері мен балабақша, колледж басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Күн тәртібінде білім саласының он айда атқарылған жұмысы, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салаға қатысты мәселелер қаралды. Жиын барасында әр мәселе бойынша сараптамалық талдау жасалып, нақты ұсыныстар айтылды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек білім саласының маңыздылығына тоқталып қана қоймай, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, суицид және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шараларды күшейту қажеттігін баса айтса, Білім басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлнәр Тұрдыбайқызы білім саласының 2024 жылда он айда атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен студенттердің денсаулығы, сапалы білім алуы және қауіпсіздігі мәселелерін қозғады. Айтуынша, қалада жалпы саны 1015 білім беру ұйымы жұмыс істейді екен. Бүгінде онда 423 508 тәрбиеленуші білім алуда.
– 2024 жылы білім саласында жалпы қаралған қаржы 230 миллиард 246 миллион теңге. Қазіргі таңда бұл қаржының 99,9 пайызы игерілген, – дей келе қаладағы балабақшаларға енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесіне де тоқталып өтті.
– Азғантай уақыттың ішінде бұл жүйе өзінің жақсы нәтижесін берді. Аз ғана уақыттың ішінде 4600-ға жуық бос орынды босатып берді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарға баратын әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың, яғни көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларды тегін ыстық тамақпен қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда қала әкімінің қаулысы бекітіліп, юстицияға тіркелу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл бағытта тағы да қосымша жұмыстар жүргізілетін болады.
Мектепте дейінгі тәрбие мен оқыту бағыты бойынша айта кетсем, бүгінгі таңда 625 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Ағымдағы жылы 583 миллион теңге қаржы қаралып, 3150 орынға мемлекеттік тапсырыс орнатылған. Нәтижесінде 2024 жылы 10 айдың қорытындысы бойынша 1 және 6 жас аралығында кезекке тұрған балалардың 99,9 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылып отыр.
2024 жылдың соңына дейін 35 балабақша ашылатын болады. Қаладағы 63 балабақшада эмоционалдық және мінез-құлқында бұзылыстар бар балаларға арналған арнайы педагог және инклюзивті қолдау кабинеттері ашылды. Сонымен қатар, 2023 жылы балабақшаларда тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында 988 педагог біліктілігін арттырса, яғни біліктілігін арттыру курстарынан өтсе, биылғы жылдың соңына дейін 1000 педагогты өткізу жоспарланып отыр. Алдағы екі жылда бейімді білімі бар тәрбиеленушілердің үлесін жүз пайызға жеткізуді көздеудеміз. Қазіргі таңдағы пайызымыз 76,7 пайыз. Осы жылы алғашқы рет озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу мақсатында Шымкент қаласында 10 мектепте мектепке дейінгі ұйымда құзіреттілік орталығы жұмыс жүргізді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында басқа да тиімді бірнеше жобалар іске асырылып келеді, – деді Гүлнәр Дәрібаева.
Білім саласындағы өзекті мәселелер туралы Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Рыскелді Салхутдинұлы да арнайы баяндама жасады. Ол білім беру сапасына жасалған мониторинг нәтижелерімен бөлісіп, мектептерде оқыту деңгейін жақсарту, тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру және оқу орындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігін атап өтті. Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектеп салу жоспарланған. Ал 2025-2027 жылдар аралығында күрделі жөндеуді қажет ететін 24 мектеп бар. Аталған мектептердің жобалық қуаттылығы 22 534 орынды құрайды. Ондағы білім алушылар саны – 36 166. Оның ішінде бүгінгі таңда 12 мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттамасы дайын. Қажетті қаржы көлемі 11369,7 миллион теңгені құраған.
Сондай-ақ, жиын барысында жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан оқулық беру мәселесі де қозғалды. Бұдан өзге жеке білім ордасында оқитын оқушылар әлеуметтік көмектен де қағылып жатқаны айтылды. Бұл мәселе бойынша Гүлнәр Тұрдыбайқызы:
– Қазіргі таңда біз өз тарапымыздан оқулықтарға қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті қажет етілетін қаражатты келесі жылға жоспарлап отырмыз. Ол шамамен 1,6 миллиард теңгені құрайды. Ал жекеменшік мектептерге қатысты айтар болсақ, бұл жерде жекеменшік мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз жоқ. Ол үшін заң талаптарына өзгерістер енгізілу керек. Біз бұл бойынша заңның сол талаптарын өзгерту бойынша ұсыныстар енгізгенбіз, – деп түсіндірді.
Қоғамдық кеңестің мүшесі Өмір Шыныбекұлы алқалы жиында №67 мектептін мәселесін көтерген болатын. Ол бұрынғы зауыт орнында орналасқан білім беру ұясында оқитын оқушылардың денсаулығына алаңдайды. Сала жауаптарын арнайы сараптама жүргізуін сұрап, білім басқармасының жауаптыларын бұл мәселеге назар аударуын да талап етуде.
– Кез келген зауыттың орнында радиация болмауы мүмкін емес. Бұл мәселені осыған дейін де көтергенмін. Десе де, әлі жауап жоқ, – деген педагог өз сауалын қала әкімінің орынбасарына жолдады. Сәрсен Абайұлы бұл мәселенің қала әкімінің тікелей бақылауында тұрғанын айта келіп:
– Басқармаларға тек бұл мектеп қана бойынша емес, жалпы болашақта салынатын мектеп, балабақша, спорт және мәдениет нысандары бойынша өңірлік-перспективалық жоспарды бекітуді тапсырған болатынбыз. Бұл мәселені ойластырып қойғанбыз, қала әкімінің тапсырмасы бар, – деді ол.
Жыл басынан бері қалада кәмелетке толмаған балалар арасында 80 құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Оның алдын алу үшін басқарма тарапынан жаңа жоба қолға алыныпты. Сонымен қатар, жиында білім беру мекемесінің басшылары оқушының мектептен тыс жасаған заң бұзушылық әрекетіне ата-анасын жауапқа тарту туралы заң шығаруды сұрады. Ерте жүктілік, құқық бұзушылыққа барған оқушының әрекетіне де мұғалімді кінәлауды доғару керек деп есептейді. Аталған жиында басқармаға біршама тапсырмалар берілді және талқыланған проблемалар мен ұсыныстар арнайы хаттамаға толтырылып, алдағы уақытта мәселені шешу жолдары қаралатын болады.
Leave a Reply