Тәжірибе алмасу алаңы құрылды

Шымкент қаласында орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Формирование коммуникативной компетентности, внедрение ценностей единой программы воспитания «Біртұтас тәрбие» на уроках русского языка и литературы» тақырыбында ерекше семинар өтті. Оқыту семинары Шымкент қаласы Әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес №130 жалпы орта білім беретін мектебінің базасында өтті. Іс-шара аясында заманауи педагогикаға бағытталған маңызды тақырыптар талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы құрылды.

Шымкент қаласы Әдістемелік орталығының орыс тілі мен әдебиеті пәні әдіскері Гүлмира Сыздықова секция жұмысын салтанатты түрде ашып, алғысөздерімен қатысушыларға шабыт берсе, «Өрлеу» БАҰО КДИ «Әдістеме және педагогикалық инноваци» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Рахимжанова Гульфазира «Теоретические основы и практические подходы к разработке плана урока» баяндамасында сабақ жоспарын құрудың теориялық және практикалық негіздерін ұсынды. Ал «Отырар» жекеменшік мектебінің директоры, «Білімге Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының құрылтайшысы Күлбала Тастанбекова «Искусственный интеллект: инновационные подходы в образовании» тақырыбында баяндамасы оқып, жасанды интеллектті білім беру үдерісінде қолдану әдістеріне тоқталды.

Семинардың ең жарқын сәті – тренингтер мен тәжірибелік баяндамалар болды. «Внедрение ценностей единой программы воспитания «Біртұтас тәрбие» и его отражение на уроках русского языка и литературы» тақырыбында спикерлер ретінде қатысқан үздік мұғалімдер:

  • Болғанова Айгүл Мәлікқызы (№130 ЖОББМ);
  • Уразимбетова Татьяна Владимировна (№8 мектеп-гимназия);
  • Анартаева Гүльзира Ұласбекқызы (№9 мектеп-лицей) өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар «Біртұтас тәрбие» құндылықтарын орыс тілі мен әдебиеті сабақтарына енгізудің әдістері мен тәжірибелерін ортаға салды.

Мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық, инновациялық ойлар мен тәрбиенің құндылықтық негіздерін насихаттау – семинардың басты жетістігі болды. Бұл бастамалар оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін дамытуға, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойларына сіңіруге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Бұл тұста «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының қазіргі білім беру жүйесі үшін өзектілігі мен маңыздылығы жоғары. Бағдарлама қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне дайын және өз елінің дамуына елеулі үлес қоса алатын азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы еліміздің болашақтағы негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғымымен үндеседі. Бағдарлама балалар мен жастардың бойында тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық, заң мен тәртіп  құндылықтарын дарыту арқылы адал еңбек пен қоғам игілігін алдыңғы орынға қоятын, адал, әділетті азаматтарды тәрбиелеуге бағыт береді.

Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ал келешек ұрпақ, өсіп келе жатқан жас буын – мемлекеттің болашағы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Олай болса, енді бір бес-он жылдан кейін шешуші мемлекеттік құрылымдардың тізгінін ұстайтын азаматтардың төл тарихы мен мәдениетін тұмардай қастерлеп, әдебиетін әспеттеуі бүгінгі тәрбиенің, бүгін қалыптасып жатқан ұлттық сананың деңгейімен тығыз байланысты болмақ. Бұл дүние бүгінгі күні санамызды өзге ұлттың, соның ішінде батыстың даңғаза музыкасы мен дарақы еңбектері аямай улап жатқан тұста ел басқарып отырған азаматтар мен зиялы қауымнан бастап, қарапайым әрбір азаматты да ойландыруы  тиіс.

Расында, жас ұрпақтың жаңаша ойлауын, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы болып қадалатын қоғам мүшелерін, яғни, жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, зерделі, дарындылық іс-әрекетімен сабақтастыра білгенде ғана ел болашағы кемел болары сөзсіз. Рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты нысана – баланы құрметтеу, оның рух иесі, бойында жаратқанның ұлы қуаты бар – тіршілік иесі екенін және дүние, әлемнің біртұтастығын саналы түсініп, оған бой ұсынса, оның болашағы биік болары даусыз. Балаға қоғамда ұлттық тәрбие беру керек. Олай дейтініміз – ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал саналады. Сондықтан да болар, бабаларымыз: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле, – сонда ғана оның болашағы биік болады», – деген. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сол үшін де қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы да «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» ұранымен білім беру саласына қатысты, бірқатар ұрпақ тәрбиесіне қатысты негізгі міндеттерге тоқталған болатын.

Жас ұрпақ тәрбиесі – бүкіл қоғамның міндеті. Өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оларды игі істерге бағыттау маңызды. Барлық оқу орындарында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайтуға аса мән беріледі. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде ұстаным бір, мүдде ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ал тәрбие ұрпақты биік мұратқа жетелейтін тұғыр екенін естен шығармаған жөн.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика