Шымкент қаласындағы №89 ІТ
мектеп-лицей директоры
Атабаев Қасымбай Өмірбекұлы
туралы бір үзік сыр
Өмір деген әрі қызық әрі жұмбақ қой. Кейде бір адамды бір көргеннен-ақ танисың. Кейде бір адамды жүз рет көрсең де тани алмайсың. Ал кейде өмір бақи қандай жан екенін білмей кететіндер де бар. Атамыз жарықтықтың бала кезімізде «Жақсы адам тек жақсылықты, жаман адам тек жамандықты көреді. Турашыл адам тек әділдікті көреді» дегені есіме түсті. Бұл адам айналадан тек жақсылық көретін сияқты көрінді маған. «Алтыным! Өміріңді махаббатқа, жылылыққа толтыр. Сонда ғана Күннің көзін көре аласың, гүлдің жұпар иісін сезіне аласың» деп жазыппын «Алтыным» кітабында. Жүрегінде жылылығы, ізгілігі бар жанды танымау да мүмкін емес-ау. Осы бір мейірімді жанды, ұлағатты ұстазды, көшбасшы директорды бір көргеннен жақсы көріп кеттім. Оны жақсы көрмеу мүмкін емес сияқты көрінді!
Осыдан бір-екі жыл бұрын Шымкент қаласындағы «Асар» мөлтек ауданындағы №89 ІТ мектепке жолым түсті. Білім ордасының басшысы бірден адамды өзіне жылы тартатын жан екен. Әрбір оқушыға ықыласын арнап, мейірімін төгіп жүретіндігін байқадым. Қармағындағы ұстаздарға деген құрметі де ерекше. Басшымын деп кекіреймейді. Барынша қарапайым. Әрбіріне ілтипатты да ізетті. «Кішіпейілдік – кемеңгерлік көркі» дейді қазақ. Ол «Отаным – елім, жерім, атамекенім» деп көрші мемлекеттен оралған қандасымыз. Тұңғыш қазақ тіліндегі «Халықтың көші-қоны туралы» заңның авторы болған соң ба, бұл жағынан да, жаратылысынан да жақын болып кетті. «Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз. Отанымның әр тасы біздің алтын тағымыз. Атамекеніңнің ауасы да, жері де қымбат. Ал Отаныңда өмір сүру екі есе бақыт» деген еді бізбен бір әңгімесінде. Ол Өзбекстанда Жызақ облысы Мырзашөл агро-экономикалық коледжінде оқытушы, тәрбие және оқу жұмыстары жөніндегі директордың орынбасары, Мырзашөл ауданы халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. «Өзге жерде сұлтан болғанша өз жерінде ұлтан» болуды ұйғарыпты. 2009 жылы Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке көшіп келгенде өмір жолын жаңа ақ парақтан, қайтадан қатардағы математика пәнінің мұғалімінен бастапты.
Шымкент қаласында қандастарымыз жиі орналасқан «Асар» мөлтек ауданындағы осынау еңселі №89 ІТ мектеп-лицей 2011 жыл 9 қыркүйекте ашылған. Ғимарат типтік, 3 қабатты, 1200 орындық. Мұнда қазір 2602 оқушы оқиды. Мектеп ашылған күннен бастап қазіргі уақытқа дейін педагогика ғылымдарының кандидаты Атабаев Қасымбай Өмірбекұлы мектеп директоры қызметін алдыңғы қатарда абыроймен атқарып келеді. «Асар» елді мекеніне қандастардың көшіп келуіне ықпал етіп, оқушылардың интеллектін, фукционалдық сауаттылығын және экологиялық құзіреттілігн арттыру бағытындағы тәжірибелері көпке белгілі. Әсіресе жасөспірімдердің ортаға бейімделуіне қолайлы жағдай жасай білді.
Мектепте білім сапасы қандай? Ең бірінші осы сұраққа жауап іздедік. Атылмыш білім ұясының оқушылары 2013 жылы халықаралық PISA сараптамасы бойынша қандай көрсеткішке қол жетті? Мәселен бір ғана 6-сынып оқушыларының оқу жетістігінің тәуелсіз мониторингінің саластырмалы талдауы бойынша «математика» пәні 13%-ға, жаратылыстану пәндері бойынша 7%-ға жоғары нәтиже көрсеткен. Тестілеуге қатысқан 6-сынып оқушыларының тест нәтижелерінің индивидуал талдауы жалпы оқушылардың оқу жетістігінің оң динамикасын (2% — 25%-ға дейін өсімін) көрсеткен. Оқушылардың оқу жетістігі бойынша оң динамикасы оқушылардың ойлау және түсіну қабілеттері жоғары екендігінің білдірді. Тестілеу нәтижесі бойынша 96% қатысушылар «жақсы» деген баға алды, үлгерімі 100% -ды құрады. Ең жоғары нәтижеге 30 тапсырмадан 26-27-ін толық орындаған Тұрдыбаева Гүлназ, Тұрсынқұлов Досымжан, Рахымбеков Нұрсұлтан, Амангелді Мадина қол жеткізді. Бұл оқушылар жаратылыстану – математикалық дайындықтарының жоғарғы деңгейде екенін дәлелдеді. Құрылғанына үш жылдан соң Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының 11.06.2014 ж. № 490 бұйрығымен Шымкент қаласы білім бөлімінің №89 жалпы орта мектебіне жаратылыстану бағыты бойынша «мектеп-лицей» мәртебесі берілді.
Арнаулы орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес, әрбір білім мекемесінің жанында (ауласында) оқу-тәжірибе учаскесі болуы қажет. Демеушілердің көмегімен ашылғанына бір ай өтпей жатып яғни 2011 жыл қазан айының 2 жұлдызында мұнда жылыжай салынды. Жылыжайдың ауданы 300 шаршы метр. Жылыжай мен оқу-тәжірибелік учаскелерін құрудағы негізгі мақсат не? Ол экологиялық ой-санасы қалыптасқан жеке тұлғаны шығармашылық тұрғыда дамыту, қоршаған орта проблемасына деген өз көзқарасы бар белсенді және талантты балаларды тарту, теория мен практиканы ұштастыра отырып, баланы еңбекке баулу. Бұл тұрғыда мектеп өз үдесінен толық шығуда.
Мектеп ауыл-шаруашылық дақылдарды экологиялық жағынан таза өнім алу бойынша және оқушылардың жаратылыстану пәндерінен ғылыми зерттеу дағдыларын дамыту мақсатында тағы да демеушілер көмегімен үш секторлы пирамидадан тұратын аумағы 154 шаршы метрді құрайтын, темір конструкциялы, шатыры поликарбонаттан жасалған «FLORA & FAUNA» жаратылыстану пәндерінің лабораториясы құрылды.
Мектеп лабораториясында «Жасыл» экономикаға ауысу барынша үлкен танымалдыққа ие және ауқымды қызығушылық тудыруда. «Жасыл экономика» принциптерін ұстана отырып өсімдіктерді өсіру мен күтіп баптау үшін арнайы жасалған әйнектелген ғимарат салынды. Лабораторияда ылғалдың, температура мен жарықтың белгілі бір жағдайлары қамтамасыз етіліп, ағаштар, бұталар, цитрусты өсімдіктер, жеміс-жидектер мен гүлдер өсіріледі. Құстар мен балықтардың ерекше түрлерін өсіріп баптау, олардың тұқымдарын шығару, сапасын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Осы бағыттағы қызмет – елдің бірегей табиғат байлығын сақтауға бағытталған.
Лаборатория ішінде температураны белгілі бір деңгейде ұстау үшін күн сәулесі мен техникалық жылыту құрылғылары арқылы жүзеге асырылады.
БІРІНШІ ПИРАМИДА: Қоныржай белдеу. Өсімдіктері: драцена, фикус Бенжамена, фация, шефлера, юкка, монстера, аглонема, кодиум, маранта, дивенбахия, хризантема т.б.
ЕКІНШІ ПИРАМИДА: Субтропикалық белдеу. Өсімдіктері: қызғалдақ, анар, құрма, інжір, бадам т.б.
ҮШІНШІ ПИРАМИДА: Тропикалық белдеу. Өсімдіктері: пальма, Вашингтон пальмасы, лимон, апельсин, мандарин, киви, банан, ананас, лавр ағашы, ангели, аденум, алакадия, малочай, бамбук т.б.
2019 жылы Шымкент қаласының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы, ҚР Премьер-министр орынбасары Сапарбаев Бердібек Машбекұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Нұрымбетов Біржан Бидайбекұлының мектеп-лицейіне арнайы келуі оқушылар мен мектеп ұжымының еңбегіне берілген жоғары баға ретінде қабылданды. Қазіргі таңда лабороторияда 800-дей өсімдік түрін өсіріп, бақылап, зерттеп, талдау нәтижесінде бірнеше ғылыми жобалар дүниеге келуде. Сондай-ақ балық, бал арасы және құстарды күтіп, өсіріп баптау жұмыстары атқарылуда. Бұл тұрғыда мектеп қала, республика деңгейінде түрлі дәрежедегі жүлделі орындар иеленуде. Сонда ғой, жақсылыққа жаны құмар Бердібек Мәшбекұлының ұсынысымен мектеп-лицейдің экология бағытындағы іс-тәжірибесі бүкіл республика көлемінде таратылды.
Қазірдің өзінде мектеп шахмат және экологиялық білім беруде Шымкент қаласында көшбасшы.
«Асар» шағын ауданында тұратын аз қамтылған отбасы балаларына әр жылы тиісінше демеушілік жасайды. Қаланы гүлдендіруге 25 000 дана (петуня, тагис, сальвия, т.б) және өзге мектептерге 3 000 гүл көшеттерін сыйға бергендігін көпшілік әлі күнге дейін айтып жүр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Бұл жетістікке жетуде Қасымбай Өмірбекұлының өз салалары бойынша орынбасарлары Қожбанова Нұржамал Исмайылқызының, Файзиева Қынагүл Жиенбайқызы, Камалханова Ләззат Такирханқызы, Асқанбаева Жанна Оралбекқызы, Ермекова Ғазиза Шамшадинқызы, Якубаев Шоқан Халилаұлы еңбектері орасан зор. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген Алтынсариннің сөзін білмейтін мұғалім жоқ шығар, сірә?! Жақсы мұғалімнің 5 қасиеті болады екен. Біріншісі өз пәніне қызықтыра алу, екіншісі оқуға жағымды атмасфера жасау, үшіншісі сенімді қасиет жасай алу, төртіншісі оқуға деген құлшыныс, бесінші жауапкершілік. Осы қасиеттер бойынан табылған озат ұстаздар Тұрарбекова Айнұр Әшірханқызы, Ерубаева Жансұлу Нұрмаханқызы, Ерубай Ұлан Ержанұлы, Алтыбеков Бағдат Қалдыбайұлы, Сәндібекова Гүлханыс Жарылқасынқызы, Жанысбаев Данияр Бағдаулетұлы, Асанов Бағлан Ғаппарұлы, Байырбекова Фарида Закирқызы, Шәмшібаева Айгүл Есенбекқызы, Жалдыбаева Гүлнара Усіпбекқызы, Нұрымов Әбдрахман Абдулбақытұлы, Құдайбергенова Дүрия Абдуллақызы, Оразбай Гүлдана Нұрсапарқызы, Байдуллаев Сакен Рақымбекұлы, Құлманова Кәмшат Бақытқызы, Байботаева Мәдина Қаһарқызы шынында мектеп мақтаныштары.
№89 ІТ мектеп-лицейінің директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қожбанова Нұржамал Исмайылқызы айтады:
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Осы бағдарламаны негізге алып, қазіргі күнде ұлттың болашағы болған жастарымызды саналы, білімді, ұлттың қамын ойлайтын, Отанға адал қызмет ететін ұрпақ етіп тәрбиелеу біздің міндетіміз. Бұл бағытта оқушылардың түрлі үйірмелерге қатысуына, оларға қызығушылығын арттыруға сынып жетекшілерге басшылық жасап келемін.
Білім алушыларға ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңдіруге, кәсіпке, еңбекке баулуға, мектепте түрлі спорт, өнер бағытында түрлі үйірмелер аштық. Соның бірі ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойын түрлерінен «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» сынды спорт секцияларын «Шымкент қалалық ұлттық ойындар» және «Салт-дәстүр» орталығымен келісімшарт жасап, оқушыларды қатыстырып, ұлттық рухты, патриотизмді, тәлім-тәрбиені дәріптеуді басты назарда ұстаудамыз. Өнер үйірмелерінен «Сахна саңлақтары», «Шешендік өнер», «Жас қаламгер», «Жас қобызшы», «Менің домбырам» сынды оқушылардың бойында салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың маңыздылығымен ақпараттандырып, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Атап айтар болсам, «Қыздың көркі бұрымында» атты іс-шараның мақсаты, сұлулықтың сәні бұрымға қатысты ертеден келе жатқан ырымдар мен тиымдар, бұрымның қадір-қасиеті, киесі туралы қыздардың бойына сіңдіру және ұрпақты өнеге мен білімге, елжандылыққа, ізгілікке, бауармалдық пен өнегеге шақыруымен құнды. «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деп бұрынғыдан келе жатқан астарлы мәні бар сөздер бекерге айтылмаған, сондықтан да біз қыз тәрбиесіне ерекше қарауымыз қажет. «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым», «Салт-дәстүр бірлігі», «Мерейлі отбасы», «Әке көрген оқ жанар», «Жігітке жеті өнер де аз», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі» т.б. мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда.
Қорыта келе,бала тәрбиесі еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын орындау мақсатында мынадай ұсыныс айтар едім:
Жалпы адамзаттық құндылықтар – отбасылық тәрбиенің негізі дей отырып, барлық оқу орындарында «Үштік одақтың» жұмысын жандандыру жас ұрпақтың бойына алты құндылықты сіңдіре отырып «Адалдыққа», «Сенімділікке», «Парасаттылыққа», «Әділдікке» тәрбиелеуіміз керек. Осы құндылықтар жас ұрпақтың бойынан табылса ұлт болашағы рухани бай тұлға болып өсері хақ. Ұлттық рух бар жерде «Біртұтас» тәрбие күш алады».
Тәрбие тақырыбына қатысты ойларын мұғалім Байырбекова Фарида Закирқызы жалғастырады:
– «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Жеткіншектерді рухани-адамгершілік қасиетке баулу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы.
«Ата-аналарды педагогикалық қолдау» бағытын іске асыру мақсатында «Әділдік және жауапкершілік» құндылығы бойынша 25.11.2024 ж. күні 6-сынып оқушыларының ата-аналарымен «Зейін – алғырлықтың алғыштары» тақырыбында тренинг сабағы жоғары деңгейде өтті.
Сабақтың мақсаты: Бала тұлғасының тәрбиесінде ата-аналарға қолдау көрсетіп, педагогикалық және психологиялық кеңестер беру
Сабақтың міндеттері:
- Ата-аналардың өзіндік ашылуына жағдай жасау, балалар зейіні даму проблемасының маныздылығын тусіндіру.
- Ата-аналарға зейінді дамыту дағдыларын меңгеруге кемектесу.
- Ата-аналарға зейінді дамыту әдістері мен тәсілдеріне қолданылатын
практикалық бағыттағы жұмыстар мен құралдарды қолдану.
(үлгі ретінде 6- сыныптарға өткен тренинг)
Әр айда 1-11 — сыныптың жетекшілерімен бірге Қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру бойынша мектебіміздің педагог-психологтары Озарбаева Балжан мен Сәндібекова Гүлханыс тренинг сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар көрініс табуы қажеттілігін атап, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар тұла бойына шоғырланған жеке тұлға тәрбиелеу мақсатында қатысушы ата-аналарға тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері мен тиімділігін арттырудың жолдары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға бай мұрамыз. Осыны негізге ала отырып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға білімді, адал ұрпақты тәрбиелеуді көздейміз. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек!
Алтын ұя абыройын асқақтатын жәйттің бірі – қанаттанып ұшқан түлектер жолы. Мына бір дерекке көзіміз түсті. 2012-2023 оқу жылының мектеп бітірушілердің ҰБТ-ның қорытынды динамикасы бойынша «Алтын белгі» –23, жалпы орта білім «Үздік аттестат» – 20, негізгі орта білім «Үздік аттестат» – 64, грантқа ие болғандар –215, жалпы жоғары оқу орнына – 197, колледж –15 деп көрсетіп тұр. Мұнда бір сабақтастық сақталған. Түлектердің өз білім ордасына хат жазып отыруы да дағдыға айналыпты. Осындай бірнеше хаттың ішінде шет елден жеткен шәкірт лебізі ерекше әсер етті.
«Аяулы алтын ұям менің! Өздеріңізге деген ыстық ықыласпен хат жазудамын. Біздің мектеп әлемдегі ең керемет білім ордасы деп білемін. Себебі өз үйіңдей қамқор әрдайым ыстық көрінеді. Өздеріңіздің арқаларыңызда мектепте белсенді болып, көптеген іс-шараларға ат салыстым. Алтын ұямның президенті болып сайландым. Мектепті «қызыл аттестатпен» тамамдадым.
Көз алдыма алғаш сабырлы да мейірімді жүзімен тіл қататын ұстаздардың ұстазы, мектебіміздің басшысы Қасым Атабаев Өмірбекұлы елестейді.
Ардақты Қасым ағай! Әрбір оқушыға қамқор жансыз. Шынын айтсам, бізге әкеміздей, атамыздай жанашырсыз! Балалардың жарқын болашаққа қадам басуына әрдайым қолдау көрсететінсіз. Үнемі мектеп абыройын ойлап жүресіз. Парасатты мінезді Сізден әрдайым күш-қайрат алатынбыз, үйренгеніміз де өте көп. Самайыңызды ақ шалып, зейнеткерлік жасқа да жақындап қалыпсыз, Сізге мың алғыс айтамын! Мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі құрметтісі Қожбанова Нұржамал Исмайылқызынан көп үлгі алдым. Бәрі есімде. Сіздің үйретуіңізбен қаншама игі іс-шараларды керемет етіп алып шықтық. Бірде-бірінде мін болған емес. Әңгімеңіздің бәрі тәртіптен басталатын Нұржамал апайға да алғыс айтамын.
Ендігі бір алғыс аяулы да ардақты ұстазым Байырбекова Фарида Закирқызына арналады. Бұл кісі менің талай-талай асуларды бағындыруыма көмегін тигізді. Осы кіснің арқасында сегіз қырлы бір сырлы болып өзімді көп қырымнан таныдым. Сол оқушылық шақта “ELBASY MEDALI”-нің қоласына да, күмісіне де ие болыппын, бірнеше журналдардың мұқабаларына шықтым. Былай қарап тұрсам мен біршама іс бітіріп тастаппын. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ұстаздық – киелі әрі мақтан тұтарлық мамандық.Менің қанаттануыма өз мектебімдегі бүкіл ұстаздар қауымына қарыздармын. Бәріне алғыс айтамын! Ал 63 жасқа толып жатқан мектебіміздің жүрегі Қасым Өмірбекұлын осынау мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеймін.
Сәлеммен Колдарбек Дариға,
Түркия мемлекетінің Зонгулдак қаласындағы
“Zonguldak Bülent Ecevit Üniversitesi” (ZBEÜ)
1 курс студенті».
Бұдан бөлек түлектерден Райымбек Мерей Құралбекқызының, Қалыбай Сұлудың, Бораш Тоғжан Асанқызының, Бақдаулет Айжамал Нұрғалиқызының, Бақдаулет Ұлту Нұрғалиқызының, Төрегелді Ғайни Өмірзаққызының хаттары сақталыпты.
Қамқор басшы – қоғам көшбасшысы, іскер де, сезімтал тұлға. Кез-келген табысты басшы өзінің биіктігі оның қарамағындағылардың жетістіктерінен туындайтынын түсінеді. Сондықтан көшбасшының алғашқы міндеттерінің бірі – ұжымды жоғары деңгейден көрінуге ынталандыру және биіктерге жетуді қалайтындардың барлығына көмектесу. Қасекеңдегі ерекшелік те сол, үнемі ұжым абыройын ойлап жүретіндігі. Сондықтанда өмірінің көп бөлігі мектепте өтеді. Былайша айтқанда, ол кісі мектеп шыңында, ол жолда білімін, тәжірибесін, батылдығын арнаған тұлға. Көптеген адамдарға, ұжымдастарына жақсылық жасай біледі. «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» дейді Шоқан Уәлиханов. «Шешен кісі сөз бастар, адал кісі ел бастар» дейді атақты Жамбыл ақын. Осынау сөздер тура Атабаевқа арнап айтылғандай.
Бұл тұрғыда сөзіміз дәлелді болу үшін әріптес мұғалімді тыңдап көрейік.
Мектеп әлеуметтік педагогы Бақытгүл Әуелбекова:
–2016 жылдың тамыз айының аяғында тағдыр тәлкегімен Шымкент қаласына көшіп келдім. Артымнан ерген үш перзенттіммен баспанасыз күй кештім, жұмыс іздеп сарсылдым. Басыңа сын түскенде өмірдің шын бағасын түсінесің. Талай басшының алдынан өттім. Қасымбай Өмірбекұлына келгенімде қамқор басшы менің жылдар бойы жасаған жұмыстарымды көрді. Қиналған кейпімді сезді, жағдайымды түсінді.Мені жұмысқа қабылдағаны былай тұрсын, пәтер ақысын өз жанынан төлеп, көмек қолын созды. Мен мұндай қамқор, мейрімді, кішіпейіл басшыны бұрын соңды кездестірген емеспін.
Бұл кісінің бір қасиетіне тәнтімін. Ол адамгершілігі, адамдарға деген жанашырлығы. Мектебіміздің мәртебесін, дәрежесін көтеріп қана қоймай, ұжымдағы ұстаздарға өзінің жақсылығын аямай, қамқорлық қолын созып жүреді. Шын мәніндегі ұлағатты ұстаз, жақсылық жаршысы.
Әл-Фарабидің «Ар-ождан алдындағы адалдық – өз қадір-қасиетіңе, ізгі-іс әрекетіңе байланысты» деген сөзі бар. Ұжымның басшы алдында бас иетіні – бойындағы қамқорлығы, адалдығы, кішіпейілдігі, әділдігі. Осы қасиеттері арқылы ол кісі қоғамның сенімін, құрметін табады және оны алға жетелейді.
Басшының оқушыларға деген кішіпейілділігі мен қамқорлығы өз алдына бөлек бір әңгіме. Оқушылардың білім сапасын көтеруге, әртүрлі жарыстарға, сайыстарға қатысуларына жағдайы жасап отыратындығын тағы айтпай болмайды.
Мектептегі мұғалімдермен, ата-аналармен, оқушылармен де қарым-қатынасы, кері байланысы өте жақсы. Сол себепті де, әріптестерінің, ата-аналар мен оқушылар да оны өте жақсы көреді. Қамқор басшының жасаған жақсылықтары өте көп. Оқу сапасын жақсарту, жаңа оқу бағдарламаларын енгізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін тренингтер ұйымдастыру, оқулықтар мен оқу құралдарын жаңарту, қиын жағдайда қалған оқушыларға көмек беру, оқушылардың жеке қабілеттерін ескере отырып, оқытуды ұйымдастыру, талантты және дарынды балаларға арнайы бағдарламалар ұсыну, мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеруіне көмектесу, мектептегі тәрбие жұмысын жақсарту, ата-аналармен байланысты нығайту, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыру, мұғалімдер арасында достық және өзара түсіністік атмосферасын қалыптастыру, жағымды жұмыс ортасын құру, және т.б.
«Жастарымыз кішіпейіл,қамқор болсын десек, бірінші өзімізден бастауымыз керек» дейтін сөзі бар. Әуелі өзіміз оларға үлгі болатындай әрекет жасауымыз керек деп есептейді.
Мен Қасымбай Өмірбекұлының маған қиын кезде жасаған жақсылықтарын, қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын. Ол кісінің ерен еңбегін, ұжымға адалдығын, мейірімділігін, жауапкершілігін өте қатты бағалаймын.
Бақытгүлдің шынайы жүректен шыққан осынау сөзі мектеп басшысына деген құрметімізді арттыра түсті. «Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет – ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой» дегенді еріксіз мойындатуда.
Бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы, 2022-2023 оқу жылының «Үздік мұғалімі» және 2024-2025 оқу жылының «Үздік сынып жетекшісі», қалалық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Қонысбаева Жадыра Ахметқұлқызы мұнда 10 жылға жуық ұстаздық етеді. «Мен бұл білім мекемесінде еңбек еткеніме мақтанамын! Оның нақты себебі, мектеп ұжымының ынтымақтастығында, ауыз бірлігінде! Бұл әрине басшымыз Атабаев Қасым Өмірбекұлының арқасында! Ол кісінің жас мамандарға деген қолдауы, жан-жақты дамуға, адамның өз бетімен білімін жетілдіруіне, таңдауға, еркін және шығармашылық тұрғыда қызмет жасауға мүмкіндік жасайтын дара тұлға. Басшы қандай болса, мектеп hәм сондай-ақ болмақшы. Оқу мен оқытудың жүйелі жүргізілуін бақылау–мектеп басшысының үлкен абыройлы жұмысы. Сол білім берудің тиімділігін арттыруда Қасым Өмірбекұлы оқытуды жақсарту, мұғалімдерді ынталандыру және кәсіби дамыту мәселелеріне басты назар аударады».
Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар балалардың жан-жақты дамуына, адамгершілік қасиеттерді сіңіруіне, өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға жағдай жасайтын ерекше орта. Балалар тек білім алып қана қоймай, олардың тұлғалық дамуына тікелей әсер ететін тәрбиені де бойларына сіңіреді. Сол себепті мектептегі оқу мен тәрбие жұмыстарын кіріктіріп, біртұтас жүйе ретінде қарастыру – тәрбиенің сапасын арттырудың негізгі жолдарының бірі.«Біртұтас тәрбие» жүйесі – балалардың барлық салаларда рухани, эстетикалық және әлеуметтік бағытта үйлесімді дамуына жағдай жасайтын кешенді тәсіл. Бұл оқушылардың ой-өрісін, моральдық-адамгершілік қасиеттерін және әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Қасымбай мырзаның басты мақсаты – білім ордасын мейірімді мектепке айналдыру. Мейірімді мектеп – оқушының өзін құрметті де қауіпсіз сезінетін орта. Бұл бала мен педагог арасындағы сыйластық. Пәндерді кіріктіре оқыту арқылы рухани-адамгершілікке тәрбиелеу. Атап айтқанда: қазақ тілі, қазақ әдебиет, тарих және өзге де сабақтарда оқушыларға рухани құндылықтарды, мәдени мұраларды насихаттау – олардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, өз халқына деген құрметін оятуда. Ай сайын жоспар бойынша ата-аналармен жиі кездесулер сапалы жүргізілуде. Бұл жиындар арқылы балалардың даму жағдайы талқыланады, жаңа жетістіктер мен кемшіліктер анықталады. Әр ата-ана баласы туралы хабардар болып, қажетті көмек көрсете алады. Осындай байланыстың әсерінен мектеп пен отбасы арасында берік байланыс орнаған. Бұл тұрғыда сынып жетекшілері Қонысбаева Жадыра Ахметқұлқызы, Балқыбаева Әтіркүл Орынбекқызы, Бекетова Меруерт Қайратқызы, Ахметова Балжан Әбдірайқызы, Қамбар Дәулет Сүлейменұлы, Нұрмаханбетова Райхан Бердәзімқызы, Смадиярова Лаззат Түймебайқызы, Ешанқұлова Гүлбаршын Еркінбекқызы, Әбибұлла Жамбыл Жабайұлы, Шүнетова Нұржамал Қадіржанқызы, Аманов Мадияр Тоғызбайұлының жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.
Көп балалы ана Дәулетбек Ләззат Өмірбекқызының мына бір сөзі де жүрек төрінен шықты:
–Ұл-қыздарым осы №89 ІТ мектеп-лицейінде білім алуда. Алдыңғы толқын төрт қызым да «Алтын белгімен» бітірді. Ұлттық бірыңғай тесттілеуден жоғары балл алып, өздері қалаған оқуларына қол жеткізді .
- Бақдаулет Айжамал, 121 баллмен Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университетіне «ғылыми биология» мамандығына грантқа түсті.
- Бақдаулет Аяжан, 112 баллмен Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне «фармецевт» мамандығына грантқа түсті.
- Бақдаулет Ұлдана, 125 балл жинап, Қазақ-Британ техникалық универси- тетіне «қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі» мамандығына грантқа түсті.
- Бақдаулет Ұлту: 107 балл жинап, Тұран университетіне «халықаралық қатынастар» мамандығына грантқа түсті.
Одан кейінгі екі ұлымның үлкені мектепте ашылған кадет сыныбында, ал кенжем лицей сыныбында білім алуда. Дұрыс тәлім-тәрбие, нағыз білімнің жолында шәкірттер ешқандай мойымай, тек алға ұмтылып, өмірде өз орындарын тауып жатыр. Бұл тұрғыда мектеп ұжымына, ұстаздарға өте ризамыз. Бәріненде «алтын ұя» басшысы Атабаев Қасым Өмірбекұлына айтар алғысым шексіз. Ол кісінің арқасында мектеп жылдан жылға көркейіп, дамып келеді. Ұстаздарға құрметпен, оқушыларға туған балаларындай қарайды. Қажырлы еңбегі мен білім беру саласындағы біліктілігі арқасында біздің балаларымыздың болашағына деген сенімділікті арттыруда. Бір кереметі мектепті тек басқарушы ғана емес, шынайы қамқоршы ретінде алға жетелейді. Әр оқушының дамуына арналған көңіл бөлушілік пен сүйіспеншілігіне тәнтімін. Ата-ана ретінде балаларымызды білім мен тәрбие жолында дұрыс бағыттап, олардың әр қадамын назарда ұстап, үлкен өмірге дайындап жатқан кең пейілді ұстаздық ниетіне аналық жүрегіммен бас иемін!.
Көшбасшы директор, үздік ұстаз, «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Қасым Өмірбекұлы 63 жасқа қадам басты. Ұлағатты ұстаз өмірінің әр кезеңінде жүздеген шәкірттің жүрегіне жол тапты. Ол өзінің білімін, тәжірибесін және мейірімін мұғалімдер мен оқушыларға арнап, олардың жетістіктеріне марқайды. Алған асуларын саралап, өткенге ой жіберіп, есеп беретін кезең де алыс емес. «Ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам. Мейрім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса – сол шын адам болады». Шын адам болу – ең үлкен бақыт. Көшбасшы директорда ең бастысы осы бақыт бар.
Әкім Ысқақ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ тіліндегі заңның авторы, 1997 жылдың «Жыл адамы», Халықаралық Журналистер Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам аудандарының құрметті азаматы.
Астана қаласы.
Leave a Reply