Отыз жылда да өз жұмысынан жалықпаған тәрбиеші

Тәрбиеші – ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ол балалардың алғашқылардың бірі болып әлемді тануына, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Тәрбиешінің еңбегі тек кәсіби міндет қана емес, үлкен жауапкершілік пен сүйіспеншілікті талап ететін қасиетті іс. Осы бір ерекше қасиеттер бойынан табылатын қызметкерлердің қатарында Шымкент қаласындағы №60 «Тараз» бөбекжай бақшасы МКҚК тәрбиешісі Сабира Темірбаева да бар. Бүгінгі таңда білікті маманның еңбек өтілі 30 жылдан асады. Осыған дейін Шымкент қаласындағы педучелищені, одан кейін Оңтүстік Қазақстан М.Әуезов атындағы университетінің тарих факультетін тәмамамдаған ол 2019 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетіне оқуға түсіп, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығын алып шығады.

Сабира Темірбаева алғашқы еңбек жолын сонау 1991 жылы Шымкент қаласындағы №33 «Юбелейный» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған. Бұдан соң №63 орталау мектепте тарих пәнінің мұғалімі, «Ақбөбек» мектепке дейінгі шағын орталығында тәрбиешісі қызметтерін атқарады. Ал қазіргі таңда №60 «Тараз» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 2016 жылдан бері қарай тәрбиеші болып еңбек етіп келеді.

2023 жылы ол Шымкент қаласы білім басқармасының Әдістемелік орталығының директоры М.Медетбекованың мадақтамасымен марапатталады. 2022 жылы «Жаңашылдыққа төрт қадам арқылы балалардың ойлау қабілеті мен танымын арттыру» атты қалалық семинарға қатысып, Алғыс хатқа ие болды. Бұған дейін республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналынан, «Педагогикалық шебер» журналының бас редакторы Н.Кузьменкодан, «Bilgen» ұлттық авторлық методика және бағалау орталығынан, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамынан жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі игілікті істер мен шығармашылық ізденістер танытқан белсенділігімен кәсіби шеберлігі үшін Алғыс хаттар алып, марапатталған.

Бүгінде «Сөздер патшалығы», «Күлкімен өткен әрбір күн жарық», «Баланың эмоционалдық жағдайы» тақырыптарында балалар арасында түрлі ашық сабақтар өткізіп жүрген педагог балалармен жұмыс істеу тәжірибесінде өз түйгенімен бөлісіп, мамандыққа деген махаббатын жеткізді.

– Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, балалар мен ата-аналардың тілін таба білу – тәрбиеші бойындағы құнды қабілет. Балалар балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие алып, олардың ертеңгі күні мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуларына барынша үлес қосып, сол жолда еңбек етіп келеміз. Отыз жыл осы салада жүрсем де бұл жұмысымнан еш жалыққан емеспін. Осы уақыт аралығында түсінгенім, тәрбиеші болу дегеніміз – әр балаға екінші ана болу. Иә, кей балалар тынымсыз, енді бірі шыдамсыз, тағы бірі агрессивті болып келеді, себебі әрқайсысы бір-бір үйдің еркесі. Мұндай кезде тәрбиеші әрдайым, әр жағдайда ұстамды, сабырлы болуы тиіс.

Кейде оларға көңіл бөлу, мейірім, махаббат жетіспейтіндей көрінеді. Осы мақсатта балалармен мейлінше мейірімділік, достық қарым-қатынас қалыптастыруға тырысамыз. Себебі бұл – тек ата-аналардың ғана емес, тәрбиешілердің де парызы. Тәрбиеші баланың ішкі дүниесін сезіне біле алғаны жақсы. Бұл тұста өзара тілдесу, түрлі ойындар арқылы баламен сенімді әрі жылы қарым-қатынас орнату өте маңызды. Балалар бір-біріне ғана емес,  тәрбиешіге де өз ойын еркін жеткізе алуы керек.

Мен айтар едім, тәрбиеші өз мамандығын мақтан тұту қажет. Себебі, ол – балаларға тәрбие, білім, бағыт беруші, жол сілтеуші. Әр бала – жеке тұлға, оларды мақтап, мадақтап, көңіл-күйлерін көтеруге тырыссақ, ол баланың балабақшаға деген қызығушылығы да арта түседі. Сол уақытта ата-ананың да алғысын аламыз. Ата-ана тарапынан жақсы сөз естісек, демек еңбегіміздің бағаланғаны деп білеміз. Сол балалар болашақта елімізге, жерімізге өз үлесін қоса алатын, ақылды, абыройлы, білімді азамат болып өссе, бұл да біз берген алғашқы тәрбиенің жемісі деп білемін, – дейді маман.

 

Иә, тәрбиеші – жүрегі мейірімге толы, әр баланың болашағына шынайы алаңдайтын жан. Оның еңбегі балалардың жеке тұлға болып қалыптасуында ғана емес, тұтас ұлттың келешегін айқындауда маңызды орын алады. Сондықтан тәрбиешінің еңбегін бағалап, оған қолдау көрсету – әрқайсымыздың борышымыз. Өйткені тәрбиелі ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика