Мектеп – әрбір адамның өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл тек білім алып, ғылым негіздерін үйренетін орын ғана емес, сонымен қатар жеке тұлға ретінде қалыптасатын, достық пен жауапкершілікті сезінетін мекен. Балалық шақтың ең жарқын сәттері, алғашқы жетістіктер мен естеліктер дәл осы мектеп қабырғасында өтеді. Мектептің негізгі мақсаты – оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, оларды өмірге дайындау, өз ойларын еркін жеткізе алатын, жан-жақты дамыған азаматтар етіп тәрбиелеу. Сонымен қатар, ол қоғамдағы ең маңызды құндылықтардың бірі – білімге деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті оятады.
Ұлттық құндылықтар тақырыбында тәрбие сағаттары өтілді
Бүгінгі таңда елімізде оқу ордаларында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама аясында оқушылардың бойына ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сіңіру, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті құрметтеуге баулу жұмыстары жүзеге асуда. Сонымен қатар, бағдарламаның мазмұны адамгершілік, патриотизм, толеранттылық және өзара құрмет қағидаларына қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Дәл осы бағытта Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебі де тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Бүгінде мектеп директоры Жайлаубаева Ақтолқын Ақжолқызының бастамасымен аталған білім ордасында көптеген шаруалар атқарылуда.
Атап айтар болсақ, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Тәуелсіздік және отаншылдық» құндылығын негізге ала отырып, оқу жылының басында оқушыларға Қазақстанның тарихын, мәдениетін, табиғатын таныстырып, елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру, оқушылардың бойында мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімін ояту, туған жерді қорғауға және мақтан етуге тәрбиелеу мақсатында 1-11 сыныптарда «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбымен сынып сағаттары өткізілді. Сынып сағаты барысында жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздерін зерделеу, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, қауіпсіз мінез-құлқын және т.б. сақтауы туралы ақпараттар беріліп, әңгіме жүргізілді.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық, парасаттылық ұғымын насихаттау бойынша тәрбиелік мәні бар бірыңғай «Әділетті Қазақстан — Адал азамат — Озық ойлы ұлт» тақырыбында адалдық сағаттары өткізілді. Іс-шараға «Адал ұрпақ» ерікті клубының мүшелері, «Мектеп парламенті» өзін-өзі басқару ұйымы мүшелері, «Жас Ұлан» ұйымы мүшелері белсене қатысты. Одан бөлек «Қарттар күні» мерекесіне орай елдің салтанатын сақтап, ұрпаққа аманаттаған, ғұмырының сәулелі сәттерін еліне арнаған қазыналы қарттардың құрметіне «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Қамқор» жобасы аясында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбымен мерекелік іс-шаралар легі ұйымдастырылса, жас жеткіншектерге Ұлы Отан соғысы туралы мағлұмат беру, білімдерін тереңдету, сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын дамыту, оқушыларды елін, жерін сүюге тәрбиелеу, соғыс бұлты төнгенде, жаудың бетін, елдің кегін қайтарған Ұлы Отан Соғысының ардагерлері туралы, елімізді, жерімізді, Отанымызды қорғаған ардақты азаматтарымыз туралы білімдерін кеңейту, ұрпаққа ерлікті үлгі ету мақсатында «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа тігілген ту» тақырыбымен бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Қазыналы қарттарымызға құрмет көрсету, жастардың бойында қайырымдылық қасиетін қалыптастыру, қоғамда жастардың қамқорлығына зәру жандардың бар екендігін оларға ұғындыру бойынша тәрбие сағаттары барысында бейне топтамалар көрсетіліп, үлкенге құрмет, қамқорлық, ізеттілік, алғыс айту тақырыптары талқыланды.
Балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жүйелі жұмысты қажет етеді
Бүгінде балалар арасындағы құқықбұзушылық мәселесі де өзекті болып отыр. Құқықбұзушылық заңға қайшы әрекеттердің жиынтығы екенін ескерсек, ол балалар арасында орын алса, қоғамның моральдық және әлеуметтік тұрақтылығына елеулі қауіп төндіреді. Оның негізгі себептері мен салдары әртүрлі болса да, ең бастысы бұл құбылыстың алдын алу үшін жан-жақты жұмыс жүргізу қажет.
Балалардың құқықбұзушылықтары бірқатар бағытта көрініс табады. Олардың ең жиі кездесетін түрлеріне қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, өзгелерді мазалау немесе шу шығару, ұрлық, бөтеннің мүлкін зақымдау, тонау, басқа балаларға немесе адамдарға физикалық немесе психологиялық зиян келтіру, қоқан-лоқы көрсету, жастардың топтасып әрекет етуі, бұзақылық жасау, жаппай төбелестерге қатысу, заманауи технологияларды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерде басқа адамдарға қоқан-лоқы жасау немесе олардың ар-намысына тию секілді әрекеттер жатады.
Әрине, балалардың құқықбұзушылыққа баруына әртүрлі факторлар әсер етеді. Бұл факторларды бірнеше топқа бөлуге болады. Оның ішінде ата-ананың баланы бақыламауы, тәрбиеде немқұрайлылық танытуы, отбасындағы қақтығыстар, тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді отбасылық факторлар, тұрмыстық қиыншылықтар мен материалдық тапшылық, жұмыссыздық пен кедейлік жағдайы секілді әлеуметтік-экономикалық факторлар, қоршаған орта мен тәрбиенің, сонымен бірге зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдер, ойындар мен бейнемазмұнның ықпалы да бар.
Балалардың құқықбұзушылыққа баруы олардың болашақ өміріне кері әсерін тигізеді. Нәтижесінде бала өзіне деген сенімділігін жоғалтып, қоғамнан шеттетілуі мүмкін. Құқықбұзушылық жасаған балаларды қоғамның қабылдамауы, олардың ортадан тысқары қалуы да заңдылық. Одан бөлек, балаларға жасөспірім соты тарапынан ескерту, айыппұл салу немесе арнайы мекемелерге жіберу сияқты шаралар қолданылады. Бала қандайда бір құқықбұзушылық жасағанда оның заң алдында жауапкершілігі бар екенін білуі міндетті. Сондықтан да, отбасылық деңгейде, мектеп деңгейінде, мемлекеттік деңгейде алдын алу шаралары жүргізіліп отыруы тиіс.
Балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу кешенді әрі жүйелі жұмысты қажет етеді. Ол бірнеше деңгейде жүзеге асуы керек екенін жоғарыда айттық. Ең бірінші ата-аналар балаларға оң үлгі көрсетуі керек. Оларға адамгершілік құндылықтарды үйретіп, тәрбиені баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес жүргізу қажет. Балаға жеткілікті көңіл бөліп, оның қызығушылықтарын, достарын және уақытын қалай өткізетінін қадағалау керек. Мектепте тәрбие беру және құқықтық сауаттылықты арттыру бағдарламалары бойынша ақпараттар беріліп, әлеуметтік педагогтар мен психологтардың балалармен және олардың отбасыларымен жұмыс істеуі, қиын оқушылармен жеке жұмыс жүргізу және оларға қажетті қолдау көрсетуі маңызды. Мүмкін болса мейлінше балаларға қауіпсіз және дамуға қолайлы орта құру қажет. Ол үшін оқушыны қоғамдық ұйымдар мен волонтерлік клубтардың жұмысына араластыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесін назарға алған дұрыс.
Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде де қолға алынған. Осы мақсатта құқық қорғау органдарының өкілдері мектептерге арнайы келіп, жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Бұл бойынша №57 жалпы орта білім беретін мектебінде кәмелетке толмағандардың арасындағы және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтардың, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, зорлық-зомбылықтың, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың профилактикасы, өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау және өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Бала құқығы – басты құндылық» тақырыбымен айлық науқан өткізілген болатын. Айлық науқан аясында қосымша білім беру педагогы Жұлдызай Жиенбаеваның шәкірттері «Қылмыссыз жарқын болашақ» тақырыбымен сахналық қойылымдар көрсетсе, отбасылық құндылықтарды сақтау, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктің алдын алу, тіл табысып кетуіне ықпал ету бойынша педагог-психологтар Жібек Жолдасбекова, Жансая Жарылқасынның ұйымдастыруымен «Анама хат», «Әкеме хат» тақырыптарында хаттар жазу іс-шарасы және педагогтар мен «Адал ұрпақ» еріктілер клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен «Болашағың өз қолыңда» тақырыбында бейнероликтер сайысы өткізілді.
Сонымен қатар, аталған айлық науқан аясында бала тәрбиесінде отбасы тәрбиесінің жауапкершілігін көтеру мақсатында ата-аналардың қатысуымен жиналыс өткізілді. Жиналыс барысында суицид пен буллингтің алдын алу, ұялы телефондағы ойындардың бала өміріне қаупі, «Ұл тәрбиесі», «Қыз тәрбиесі», «Жыныстық тәрбие», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу», отбасылық құндылықтарды сақтау, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктің алдын алу, жасөспірімдерге жасалатын қылмыстың алдын алу бойынша тақырыптар талқыланып, ата-аналар мен мектеп әкімшілігі тарапынан бір жақты шешімдер шығарылды. Сонымен бірге, прокурор Зүлпідін Алихан Мәлікұлы оқушылармен арнайы кездесу өткізді. Онда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігі жөнінде толыққанды айтылып, есірткі заттарының заңсыз айналымы және олардың адам ағзасына келтірер зияны туралы маңызды ақпараттар берілді. Алихан Мәлікұлы есірткіні тұтынған, қолданған, тасымалдаған адамдарға заң шеңберінде тиісті жаза бар екендігін түсіндіріп қана қоймай, оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру және заң талаптарының маңыздылығын сақтау туралы бірқатар кеңестер берді.
Одан бөлек «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы және «Абайлаңыз, балалар!» республикалық акциясы аясында түнгі клубтарда және басқа да ойын-сауық орындарында есірткінің және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымының алдын алу, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау және өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында директордың оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Хабиба Темиршикова, Ерболат Нұрмырзаев, Шымкент қаласы Ішкі Істер Департаменті, Абай ауданы полиция басқармасының жасөспірімдер жұмысы бойынша инспекторы, полиция майоры Хамит Турсуметов, «Алпамыс» ұлдар клубының жетекшісі Орынбай Мағжанның қатысуымен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жас жеткіншектер көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, мазалап жүрген түрлі сұрақтарға жауап алды. Ал 5-7 сынып оқушыларына «Жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу. Жолда жүру ережелері. Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбымен жиналыс өткізіліп, онда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау және өмір қауіпсіздігін сақтау тақырыбында сөз қозғалды.
Балалар арасындағы құқықбұзушылық – қоғамның барлық деңгейінде назар аударуды қажет ететін күрделі мәселе. Бұл құбылыспен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Баланың құқықтық сауаттылығын арттыру, оның жеке басының дамуына жағдай жасау, отбасылық қарым-қатынасты нығайту арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады.
«Оқырмандар клубындағы» оқырмандар саны күн сайын
толығып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бағдарламаның басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету, балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту болып табылады. Бұл бойынша Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінде жүзеге асырылған жұмыстар жетерлік.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханашылары Умида Мамашарипова, Маржан Сейілова, қазақ тілі пәні мұғалімі Ағира Исакованың ұйымдастыруымен және «Оқырмандар клубы» мүшелерінің қатысуымен «Демалыста қандай кітап оқуға кеңес берер едің?» тақырыбымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара барысында оқушылардың төл әдебиетке, әлем әдебиетіне деген қызығушылығы көңіл сүйсіндірді. Бүгінде шығарманы оқып, ой түйіндеп, талдау жасай білген оқушылардың болашаққа деген көзқарасы да ерекше. Мектепте «Оқырмандар клубы» жұмыс істейді. Клубтағы оқырмандар саны күн сайын толығып келе жатыр. Қазіргі таңда жас оқырмандар кішкентай оқырмандарды клуб құрамына мүшелікке шақыруда.
Оқушыларды кітап оқуға шақырумен бірге «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында негізделген ұлттық құндылықтар тақырыбы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ұлттық ойындарды балаларға кеңінен насихаттау үшін тарих пәнінің мұғалімі, 9 «Ғ» сыныбының жетекшісі Айдана Садуова көңілді үзіліс ұйымдастырып, оған «Мектеп парламенті» өзін-өзі басқару ұйымы, «Жас Ұлан» ұйымы, «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшелері белсене қатысып, ұлттық ойындар ойнап, көңілді үзілістің көркін қыздырды. Үзілісте балалар асық ойнап, өзара жарысқа түсті. Ұлттық ойынның осы түрі балалар үшін өте қызықты әрі пайдалы. Асық ойнау баланың ойлау қабілетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке үйренеді. Сондықтан асық ойынын мектеп балаларының ішінде дамытқан өте тиімді.
Тек асық емес, сонымен бірге шахмат ойыны да баланың логикасын дамытып, зейінін шоғырландырады. Оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту және жандандыру мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінде қосымша білім беру педагогтары Жұлдызай Жиенбаева, Бауыржан Сангилов, дене шынықтыру пәні мұғалімі Майл Халилов және 4-6 сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Қазақстан – менің алтын бесігім» тақырыбында 4-6 сынып оқушылары арасында мектепішілік шахмат олимпиадасы өткізілді. Бүгінде аталған мектеп оқушылары шахмат секцияларына ерекше қызығушылық танытып отыр.
Дойбы ойыны – ойлау қабілетімен бірге саусақ моторикасын дамытатын спорттық ойындардың бірі. Мектепте оқушылардың мотивациясын көтеру үшін дойбы ойынынан қосымша үйірме сабақтар ұйымдастырылуда. Бұл бойынша да 4-6 сынып оқушылары арасында мектепішілік дойбы олимпиадасы өткізілді.
Оқушыларға мемлекеттік тілді білудің маңызы жайлы айту және оны құрметтеуге үйрету, оқушының сөздік қорын молайтып, тіл байлығын дамыту, пәнге қызығушылығын арттыру – бұл да мектептің маңызды бағыттарының бірі. Оқу ордасында «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының «Руханият» бағытының жылдық жоспарына сәйкес аға тәлімгер Өтепбек Несібелі Мұратбекқызы және 7 сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Тіл – ұлттың мақтанышы» тақырыбымен эссе байқауы өткізілді. Сонымен қатар, оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту, тіл білімінің негізін қалаған тұлғаларды дәріптеу, өзге тілдерге құрметпеу қарай тақырыптары бойынша мектеп басшысы Ақтолқын Ақжолқызының бастамасымен және директордың әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Шұға Көмекбайқызының жетекшілігімен қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, өзбек тілі әдістемелік бірлестіктері мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Тіл –достықтың тірегі» тақырыбымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты кітап көрмесі қойылды. Оған қоса қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ағира Исакова балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған әдеби кеш өткізді. Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушының мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Классик жазушының шығармашылығын оқушыларға насихаттау, саралау, талдау жұмыстарын жасау оқу жылы барысында өз жалғасын таппақ.
Айтпақшы, мектепте «Театр сабақтары» театр үйірмесі де жұмыс істейді. Үйірме жетекшісі қосымша білім беру педагогы Жұлдызай Жиенбаеваның жетекшілігімен Алима Тилеумбетова жетекшілік етіп отырған 4»Г» сыныбының оқушылары «Жеті лақ» ертегісінің желісі бойынша сахналық қойылым көрсетсе, Дана Тулебаева жетекшілік етіп отырған 6 «А» сынып оқушылары Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын сахналады.
«Трехязычие в Казахстане» тақырыбында пікірсайыс өткізілді
Жас жеткіншектерге еңбекті дәріптеп, жастарға еңбек адамын үлгі-өнеге ретінде ұсыну, еңбекке сүйіспеншілікпен, еңбек адамдарына құрметпен қарау, оқушыларды халық шаруашылығы салаларындағы еңбектің түрлерімен таныстыру, еңбек іс-әрекеті туралы ұғындыра отырып, олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру, мамандық таңдауға дайындау тақырыптары да «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында қамтылған. Осы бойынша мектепте «Еңбек түбі – береке» атты сынып сағаттарымен бірге, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының «Еңбек» бағытының жылдық жоспарына сәйкес 3 сынып оқушыларының қатысуымен көңілді үзіліс ұйымдастырылды. «Жас Қырандықтар» үзілісте ақ қағазды бояумен айшықтап, оны әдемі түстермен әсемдеп шықты.
Жас ұрпақтың бойында азаматтық белсенділік, әлеуметтік құзіреттілік, азаматтық жауапкершілік дағдыларын дамыту, әлеуметтік шығармашылыққа қабілетті өзінің жеке басын, қоғам мен мемлекетті жетілдіру мүддесінде әрекет ете алатын тұлғаны қалыптастыру да негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Ол бойынша орыс тілі пәнінің мұғалімі Раушан Баймурзаеваның бастамасымен 9-10 сынып оқушылары арасында «Трехязычие в Казахстане» тақырыбымен пікірсайыс өткізілді. Пікірсайысқа «Мектеп Парламенті» ұйымы, «Жас Ұлан» ұйымы, «Адал Ұрпақ» еріктілер клубы мүшелері белсене қатысып, орамды ойлары мен пайымды пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы ұрпақ тәрбиелеу аясында және Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының «Зерде» бағытының жылдық жоспарына, «Дара жол» пікірсайыс клубының жылдық жоспарына, «Мектеп Парламенті» өзін-өзі басқару ұйымының жылдық жоспарына сәйкес қараша айында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Жоламанқызының жетекшілігімен, аға тәлімгер Несібелі Мұратбекқызы және пікірсайыстың жандануына, оқушыларымыздың интеллектуалдық тұрғыда дамуына сүбелі үлес қосып жүрген 10 «А», «Г» сынып оқушылары Абибулла Анеля, Бекбосынова Аминаның ұйымдастыруымен пікірсайыс өткізілді. Пікірсайыс Америкалық парламенттік форматта (АПФ) өткізілді. Америкалық парламенттік формат (АПФ) дегеніміз – бұл парламенттік тұрпаттағы дəйектердің, тапқырлықтың жəне риторикалық қасиеттердің сайысы. Əрқайсысы екі ойыншыдан тұратын екі команда, яғни Үкімет пен Оппозиция ұсынылған «Бұл палата қазіргі заманғы бағалау жүйесі БЖБ және ТЖБ-ны қолдайды», «Бұл палата Қазақстанда АЭС салынғанын қолдайды» қарарларын талқылады. Екі раундтағы екі қарарды да оқушылар тереңінен түсініп, өз ойларын ортаға салды.
«Дара жол» пікірсайыс клубының спикерлері Амина мен Анеля 6-7, 9-сынып оқушыларына пікірсайыс форматтарын, ойынның әдіс-тәсілдерін түсіндіре отырып, қарарларды кең көлемде талқылады. Спикерлер дебатқа жеңіске жетем деген оймен емес, мол ақпарат пен тәжірибе жинақтаймын деп келген жастар ғана нағыз жан-жақты тұлға болып қалыптасатындығын айтып өтті. 6-7-сынып оқушылары соған сәйкес «Бұл палата өндірісте адамдарды робот алмастыруы керек деп есептейді» қарарын талқылап, өзіндік ойларымен бөлісті. Ал 9 «Ә» сынып оқушылары Махамбетжан Нұризат, Мұхтарбек Роза, Мұхтар Маржан, Байбосын Перизат фракцияларға бөлініп, «Бұл палата бала-ата-ана таңдаған мамандықты қалауы керек деп есептейді», «Бұл палата қазіргі кезеңде адамдар арасында виртуалды қарым-қатынастар басым» деп есептейді қарарлары бойынша ойын көрсетіп, өз ойларын ортаға салды. Мұндай оқушылар арасындағы пікірсайыс оқу жылы барысында дамып, жұмыстар жүйелі жүргізіліп, үрдіс ретінде жалғасын таба бермек.
Мектеп – тек білім ордасы ғана емес, әр оқушының жеке тұлға болып қалыптасатын ортасы. Бұл ретте №57 жалпы орта білім беретін мектебі де осындай игі миссияны орындап, білім мен тәрбиенің негізін қалап келеді. Болшақта осында білім алған әрбір түлек туған еліне адал қызмет етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз.
Leave a Reply