Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты Ә.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектеп – білім беру саласында маңызды орын алатын оқу орындарының бірі. Мектеп жарты ғасырдан астам уақыт қаладағы білім беру жүйесіне өз үлесін қосып келеді. Иә, мектептің 70 жылға жуық тарихы бар. Сол уақыт аралығында қаламыздағы қаншама бала рухани азық алып, мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Бұл жылдар ішінде білім ордасы тек оқу орны емес, ол ұрпақ тәрбиелейтін, адамгершілік пен кәсіби дағдыларды қалыптастыратын мекенге айналды.
Мектептің алғашқы қадамдары қарапайым болғанымен, уақыт өте келе оның тарихы қомақты жетістіктер мен тағылымды сәттерге толы болды. Алғашқы түлектерінің табысы мен қазіргі оқушылардың жеңістері – бұл мектептің рухының, ұстаздардың қажырлы еңбегі мен шәкірттердің адал еңбегінің нәтижесі. Педагогтар мен оқушылардың шығармашылығы, оқу бағдарламаларының жаңаруы, заманға сай әдістемелер – мұның бәрі мектептің даму тарихының бір бөлігі. Тарих дегенді архивте қалған оқушылардың аты-жөндері ғана деп емес, оның ар жағында қаншама адам тағдырлары, армандары мен табыстары жатыр деп түсіну керек. Мұның өзі аталған оқу ордасының бүгінге дейін қаншама жұмыстар атқарғанын бірден аңғартады.
Бүгінде мектепке Ибраева Радагүл Махмудханқызы басшылық етеді. Директордың жетекшілігімен мұнда түрлі білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, оқу процесін заманауи әдістермен жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда аталған білім ордасы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін рухани өркениеттің ошағы ретінде білім мазмұнын жетілдіру бойынша аянбай еңбек етіп келеді десек артық айтпаймыз. Себебі Радагүл Махмудханқызы – өте білікті басшы және білімді маман. Ол 1970 жылы қарашаның 26 жұлдызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кеңшарында дүниеге келіп, 1988 жылы №181 жалпы орта мектебін тәмамдаған соң, сол жылы Шымкент Педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға қабылданады. Аталмыш оқу орнын 1993 жылы үздік үлгідегі дипломымен аяқтайды. Сол жылы Шымкент қаласындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 жалпы орта мектебіне қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі лауазымына қабылданады. 1997-1999 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Өз саласында үздіктердің қатарынан көрініп, 2002 жылы қазақ тілі және әдебиет пән олимпиадасының бірінші орын, 2004 жылы қалалық «Жыл мұғалімі» байқауының екінші орын жүлдегері атанды. Одан бөлек жүздеген оқушыларды білімге баптап, оларды қалалық, облыстық пән олимпиадаларына, ғылыми жоба байқауларына дайындады.
2015 жылы Радагүл Махмудханқызының «Шығарма – ой еңбегі» атты әдістемелік көмекші құралы жарық көрді. Одан өзге төрт әдістемелік жинақтың құрастырушысы ретінде танылды. 2018-2021 жылы аталмыш мектепте директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызыметін атқарды. Ал 2021 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №2 Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне конкурстан өтіп, директор лауазымына тағайындалды. Міне, содан бері осы оқу ордасына және мектеп басшысы ретінде өзіне жүктелген мақсат-міндетті еш қиындықсыз атқарып келеді.
Бастауыш сыныптардың онкүндігі өтті
Ә.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінің ұстаздар қауымы да жеке тұлғаны жан-жақты дамытып, оқушылардың қоғамдық бірлестіктерін дамыту бағытындағы міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек етуде. Жыл санап мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеріп, ғылыми-ақпараттық коммуникациялық желілерді бағындыруда белсенділігі арта түсуде. Жуырда бастауыш сынып әдістеме бірлестігінің жетекшісі Кульбаева Гүлзира Жүрсынбекқызы мен озық тәжірибелі ұстаз Тұрғанбекова Гүлжан Ізбасарқызының жетекшілігімен бастауыш сыныптардың онкүндігі өтті. Онда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге байланысты түрлі іс-шаралар мен ашық сабақтар өткізілді. Онкүндіктің алғашқы күні мектеп басшыларының, оқушылардың және әдістеме бірлестігі мүшелерінің қатысуымен апталықтың салтанатты ашылуы өтіп, онда бірлестіктің апталық жоспары таныстырылды.
Онкүндік аясында математика пәні бойынша 1 «А» сыныбында «Қосу және азайту», 1 «Г» сыныбында «Сложение и вычитание с числом 6», 1 «В» сыныбында «8, 9 сандарын қосу және азайту», 2 «В» сыныбында «Құрама есептер», жаратылыстану пәні бойынша 4 «Г» сыныбында «Свойство веществ», 2 «Г» сыныбында «Мышчы», 4 «А» сыныбында «Заттардың қасиеті қалай өзгереді?», Әліппе пәні бойынша 1 «Б» сыныбында «Ж дыбысы», «Әдебиеттік оқу» пәні бойынша 3 «Б» сыныбында «Ғылымға көңіл бөлсеңіз» тақырыптарында ашық сабақтар мен 3-4 сыныптар арасында «Зерделі бала», «Озық ойлы алғыр топ» атты сайыс сабақтары өткізілді. Мұғалімдер интербелсенді тақтаны пайдалана отырып, оқушыларға интерактивті тапсырмалар беріп отырды. Нәтижесінде барлық ашық сабақтар жоғары деңгейде өткізілді деуге әбден болады.
Сонымен қатар, бастауыш сыныптар арасында «Әлем балалар көзімен» атты сурет сайысы, «Туған жерім – алтын бесігім» атты мәнерлеп оқу сайысы, «Мақал-мәтелдер сайысы», «Театр өнері», «Директорға хат», «Радио FM», «Кәсіби желімен байланыс» сынды жобалар ұйымдастырылып, оқушылардың зейін-қабілетін ашуға, оқушының ой-пікірін білуге жағдай жасалды. Іс-шаралар танымдық-дамыту қалыпта өткізілді, мұғалімдер оқушылардың оқу мүмкіндіктерін ескеретін тапқырлықтары мен зеректілікке арналған тапсырмаларды пайдаланды, ал оқушылар әр түрлі сайыстардан өз білім дәрежелерін, тапқырлықтарын көрсетіп, қосымша білім алды.
Апталықтың соңында мектеп басшылары мен сарапшылардың қатысумен онкүндікке қорытынды сараптама жасалынып, атқарылған шаруалар оң бағаланды. Сонымен қатар, бастауыш сыныптардың онкүндігі барысында ерекше белсенділік танытқан оқушылар арнайы Мақтау қағазымен де марапатталды.
«Жасыл клуб» балаларға экологиялық тәрбие беруде
Ә.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінде «Жасыл клуб» ұйымы жұмыс істейді. Клубтың негізгі бағыты – білім алушыларға экологиялық тәрбие беру, олардың табиғатты қорғау қабілеттерін арттыру, табиғатты, қоршаған ортаны аялауға, қорғауға, тазалық сақтауға, табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу. «Жасыл клуб» балаларға экологиялық тәрбие арқылы көптеген пайдалы дағдылар мен білім береді. Бұл клуб балаларды табиғатты қорғауға, оны сақтауға және жақсартуға ынталандырады. Клубтың бағдарламалары мен іс-шаралары балалардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Мысалы, олар табиғат қорғау акцияларына, ағаш отырғызу, су көздерін тазалау секілді жұмыстарға қатысады. Сонымен қатар, клуб жас ұрпақтың табиғатқа және экологияға жауапты қарым-қатынасын қалыптастыруға, сондай-ақ экологиялық сауатты мінез-құлықты дамытуға ықпал етеді.
Мектепте «Жасыл клуб» құру «Мектептегі экологиялық «Жасыл клуб» туралы типтік ереже» негізінде жүзеге асырылады. Бұл құжат клубтың негізгі мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ оның қызметін айқындайды. Клубтың негізгі міндеттеріне мыналар кіреді:
– Оқушылардың жоғары экологиялық мәдениеті мен білімін қалыптастыру.
– Оқушылардың экологиялық мәселелерді шешуде әлеуметтік белсенділігін арттыру.
– Экологиялық бағдарланған мінез-құлықты қалыптастыру және экологиялық мәселелерді шешу бойынша практикалық дағдыларды меңгеру.
– Биологиялық әртүрлілікті сақтау, энергия үнемдеу, қоршаған ортаны бақылау және басқа да маңызды аспектілер бойынша мектеп практикасына іс-шаралар енгізу.
– StartUP секілді өңірлік және халықаралық экологиялық ұйымдармен және жобалармен ынтымақтастықты дамыту, экология саласындағы бизнес-жобаларға қатысу.
Клуб мектептегі білім беру аясында жұмыс істейді, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық жобалар мен іс-шараларға оқушылар мен мұғалімдерді тартады. Осылайша «Жасыл клуб» оқушылардың экологиялық мәдениеті мен практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған мектеп экожүйесінің маңызды элементі болып табылады.
«Жасыл клубтың» жұмыс жоспары оқу жылының басында бекітіледі. Жоспарға сәйкес «Бөлме өсімдіктерін баптауға тұрақты көмек көрсету», «Ғажайып гүлдер әлемі», «Пластик қалдықтарына жаңа өмір сыйлау», «Су – тіршілік көзі», «Экологияны қорғаймыз» тақырыптарындағы іс-шаралар да жұмыс жоспарына енгізілген. «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы да ерекше назарда. Атап айтар болсақ, 2024-2025 оқу жылының жұмыс жоспарына сәйкес 2024 жылдың 04 желтоқсан күні Ә.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте педагог М.Туреханованың ұйымдастыруымен 8 сынып оқушылары арасында аталған акция негізінде сенбілік өтті. Онда оқушылар мектеп ауласын қоқысқа айналған жапырақтардан арылтып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосқан болатын. Бүгінде мектепте экологиялық бағыттағы жүйелі жұмыстар өз кезегімен тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
«Көңілді үзіліс» – бала күлкісінің шексіз симфониясы
Мектептегі көңілді үзіліс – бұл оқушылардың сабақ арасындағы үзіліс уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуге бағытталған шығармашылық және танымдық іс-шаралар жүйесі. Ол «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында жүзеге асады. Көңілді үзіліс оқушыларға ерекше әсер қалдырады, өйткені бұл сабақ арасындағы белсенді және қызықты уақыт олардың көңіл-күйін көтеріп, демалуына көмектеседі. Мұндай үзілістер балалардың шығармашылық және әлеуметтік қабілеттерін дамытумен қатар, мектеп өмірін жарқын және есте қаларлық етеді. Мақсаты – оқушылардың шаршауын басу, денсаулығын жақсарту, сабаққа деген қызығушылығын арттыру және ұжымдық қарым-қатынасын нығайту.
Осы бағытта Ә.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушыларға ұлттық ойындарды дәріптеу негізінде 1 «Г» сынып оқушыларының қатысуымен «Асық ату» ойыны өткізілді. Ойынды дене шынықтыру пәніңің мұғалімі Хамит Иманкулов ұйымдастырды. Мұндай көңілді үзілістер балаларға асық ойнату арқылы оқушыларды ұлттық ойындарға қызықтыра отырып, ұлтжандылыққа тәрбиелейді. Балаларды ептілікке, дәлділікке, тапқырлыққа, байсалдылық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін бұл ойын – ұлттық құндылығымызды дәріптеуде де таптырмас тәсіл. Одан бөлек, ұлттық ойындарды білім алушыларға насихаттау, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында жоғары сынып оқушыларына да кір тасын көтеру, қол күрес ойындары ойнатылып, оқушыларды бір сергітіп алды. Дәл осындай сергітудің тағы бір түрін көңілді үзілісте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сергей Говоров ұйымдастырды. Ол балаларды бір орында тұрып доп тебуден жарыстырып, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасады.
Бастауыш сынып мұғалімі Канзоджаева Салима Тауасарқызы да көңілді үзілісте керемет бір ойын өткізді. Ол 2 «В» сынып оқушыларының бет-жүзін көрмей, тек дауыстары арқылы тани отырып, есімдерін атау арқылы балаларды зор қуанышқа бөледі. Осылайша оқушылардың жағымды қарым-қатынастары мен эмоционалдық әл-ауқатын дамыту мақсатында «Жақсы көңіл-күй» бағыты бойынша оқушылар қоңырау уақытын көңілді өткізді.
Иә, Ә.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін бұл мектеп – білім мен тәрбиенің алтын ұясы. Бұл мектепті бітірген сан мыңдаған түлектер өмірдің әртүрлі саласында ел игілігі үшін қызмет етіп жүргені анық. Мұғалімдер ұжымы мен оқушылардың еңбегі жылдар бойы жинақталып, бүгінде бірегей тәжірибе қалыптастырды. Содан бері ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, білім ордасы өз миссиясын абыроймен жалғастыруда. Бұл мектептің қандай жетістігі болса да, сол жерде еңбек етіп жатқан ұстаздар мен оқушылардың ортақ жеңісі. Ондағы озық тәжірибелі педагогтардың еңбегі бүгінгі ұрпаққа нағыз үлгі. Тек білімнің ғана емес, ел руханиятының жарқын айнасына айналған бұл мекеме жас ұрпақты бір шаңырақ астында біріктіріп, оларды адалдық пен адамгершілікке тәрбиелеудің қайнар көзіне айналды.
Бұл мектептің жарқын болашағы, жаңа белестері әлі алда. Аталған білім шаңырағы келешекте де сапалы білім мен тәрбие берудің үлгісін көрсетіп, талай талантты тұлғаларды тәрбиелей беретініне сенімдіміз. Ендеше, бұл білім ордасының болашағы жарқын, жетістіктері мол бола берсін!
Leave a Reply