Бүгінгі таңда жасанды интеллектті қолдану аясы күн саңап кеңейіп келеді. Сондықтан да елімізде жаңашыл технологияны мектеп қабырғасынан бастап меңгеру жан-жақты қолға алынып жатыр. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде «Жасанды интеллект заманындағы жаңа көкжиектер» атты физика және информатика пән бірлестігінің апталығы өткізілді. Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл пәндік апталықтар білім алушылардың танымдық қабілеттерін арттыруға, ғылым әлеміне жақындатып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталды. Биылғы физика және информатика апталығының ашылуы да осы мақсатты көздеген болатын. Ашылу салтанатының барысында мектеп директоры Раушан Алмаханқызы сөз алып, оқушыларға сәттілік тілеп, ғылым мен білімнің маңыздылығын атап өтті. «Физика – табиғаттың тілін, ал информатика – болашақтың тілін үйретеді. Екі ғылымның үндесуі – сіздер үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенемін. Бәріңізге табыс тілеймін!» – деді ол сөз соңында.
«Жасанды интеллект заманындағы жаңа көкжиектер» атты апталығының жоспары шеңберінде түрлі байқаулар, жобалар көрмесі, тәжірибелер көрсетілімі және зияткерлік ойындар өткізілді. Соның бірі – «Кім жүйрік?» білімділер бәйгесі. Информатика пәнінің мұғалімдері Ақжарқын Баймаханова және Айгерім Маймакова атты педагогтардың ықпалымен ұйымдастырылған интеллектуалдық сайыс 6 сынып оқушылары арасында жоғары деңгейде өтті. Тек білімділік пен ептілікті ғана емес, сонымен қатар, жылдамдықты, шешендікті және топтық жұмыс істеу қабілеттерін дамытуға бағытталған бұл іс-шара бес кезеңді қамтыды. Оқушылар әртүрлі пәндер бойынша сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмалармен бірге шығармашылық жұмыстарды орындау арқылы өздерінің жан-жақты білімдерін көрсете білді. Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз оқушылар анықталып, олар арнайы Мақтау қағаздарымен марапатталды.
Жасанды интеллекттің мүмкіндігі шексіз
Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде ескі фотоларға жан бітірген видеоларды көзіміз жиі шалып қалып жатады. Адамның қазіргі шағындағы фотобейнесі балалық шағындағы фотобейнесін құшақтайтын, сол секілді А.Байтұрсынов, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов секілді белгілі тұлғаларға тіл бітіріп, оларды сөйлететін видеолар аз емес. Шындығында мұның бәрін жасап жатқан – жасанды интеллект (ЖИ).
Қазіргі таңда жасанды интеллект жайлы білмейтіндер кемде-кем. Әсіресе, ол мұғалім, маркетолог немесе ІТ маман болса. Сонда жасанды интеллект деп отырғанымыз не? Бұл – адамның дағдыларын жаңғыртуға қабілетті бағдарламалар, шығармашылық жұмысты компьютерлерге тапсыруға мүмкіндік беретін технологиялар жиынтығы. Ол арқылы ақпарат іздеуге, сұрыптауға, әнге мәтін, мәтін ән жазуға, сұрақтарға жауап алуға, сценарий құрауға, деректерді, фото-видеоларды өңдеуге, сурет салуға, дизайн жасауға, фотоиллюстрациялар дайындауға, басқа да нақты тапсырмаларды орындауға болады. Әрине, бұл тізбектеп отырғаным жасанды интеллекттің мүмкіндіктерінің бірнешеуі ғана, шындығында ол бұдан өзге де қаншама қызмет түрлерін атқара алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жасанды интеллекттің дамуына қолдау білдіріп, оны білім, медицина, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару сияқты әртүрлі салада белсенді пайдалануға шақырған болатын. «Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет», – деген еді ол Digital Bridge форумында. Міне, қазір жасанды интеллектті көптеген салада қолдана бастады. Банк секторы, маркетинг, бизнес, медицина, білім беру, сондай-ақ музыка, сурет, дизайн және сайт жасау секілді шығармашылық индустрияда да қолданысқа еніп жатыр. Сол арқылы адамдар миға салмақ салатын кей дүниелерді, сонымен қатар күнделікті қайталанатын тапсырмаларды автоматтандырып, нәтижесінде жұмыс істеу өнімділігін арттырып отыр. Жасанды интеллекттің артықшылығы да осында жатса керек. Сондықтан да қазіргі таңда жасанды интеллекттің қызметіне деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Тіпті ол үшін қанша болса да ақы төлеуге дайын кәсіпкерлер де аз емес. Бұл – жасанды интеллекттің дамыған үстіне дами беретінінің айқын көрінісі.
Жалпы, жасанды интеллект бүгін ғана пайда болған жоқ. Википедияға сенсек, «жасанды интеллект» ұғымын ең алғаш рет американдық ғалым Джон Маккарти қолданған екен. Бұл сонау 1956 жыл болса керек. Ал шындығына келгенде жасанды интеллект Джон Маккартиге дейін де қолданылған деседі. Тек оған дәл осы атау берілмеген. Алайда дәл қазіргі уақытта оның мүмкіндіктері мен ауқымының артқаны сонша, әрбір салаға дендеп еніп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып барады.
Бүгінде бұл дүниені мұғалімдер де қолдана бастады. Неге қолданбасқа, егер ЖИ әдетте сағаттап уақыт бөлуге тура келетін презентацияны бір минутта дайындап берсе, сол бір минутта керек суретті жасап алып, оны видеоға айналдыра алатын және небәрі екі минутта тест құрап бере алатын мүмкіндігі болса?! ЖИ құралдары арқылы ұстаздар тест, викторина, презентацияларды, сабақ жоспарларын жасап, өз жұмыстарын бірнеше есеге жеңілдете алады. Мысалы, ChatGPT (OpenAI) қиын тақырыптарды түсіндіру үшін қосымша материалдар жасауға, эсселер жазуға, оны толықтыруға, сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берсе, Khan Academy арқылы оқушыларға жеке бейімделген тапсырмалар дайындап беруге болады. Сол секілді Google Bard оқушыларға практикалық тапсырмаларды ұсынуда жақсы көмекші бола алса, Grammarly оқушылардың эсселерінің грамматикалық және стилистикалық қателерін тексеріп береді. Ал Quizlet – тесттер мен викториналарды жасайтын, әрі материалды есте сақтау және қайталау үшін керемет платформа.
Сонымен қатар, елімізде ShyraqAI атты жаңа ақылы платформа жұмыс істеп жатыр. Бұл жасанды интеллект жүйесі оқу материалдарын автоматтандырып, білім беру саласында сандық технологияларды қолдануға жол ашуда. Аталған платформаның көмегімен мұғалімдер балалардың ойлау қабілетін дамытатын ойындарды, ҚМЖ, ТЖБ, БЖБ, эссе, тіпті презентацияға дейін дайындай алады. Платформа дайын материалдарды бір минуттың ішінде жүктеп, телефонға сақтап береді. Одан бөлек, Perplexity.ai атты жаңа нейрожелі арқылы қажет ақпараттарды іздеуге, бейне, аудио материалдарды, сабақ жоспарларын және әртүрлі тапсырмаларды жасауға болады. Сонымен бірге бұл нейрожелі қызықты және креативті жаттығуларды жылдам жасауға және оқушылардың танымдық қабілетін дамытуға арналған логикалық тапсырмаларды да ұсына алады.
Жасанды интеллекттің білім алушыларға да пайдасы жоқ емес. ЖИ-дің көмегімен білім алушылар әлемнің кез келген жерінен әртүрлі оқу материалдарына, курстарға және ресурстарға қол жеткізе алады. Онлайн платформалар, виртуалды кітапханалар және интерактивті курстар білім алушыларға қажетті ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік береді. ЖИ-мен жұмыс істейтін онлайн платформалар білім алушыларға кез келген уақытта, кез келген жерде 24/7 оқу мүмкіндігін ұсынады. Бұл білім алуды тиімді әрі қызықты етіп қана қоймай, олардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасайды.
Рас, бүгінде жасанды интеллект адамдарға ізденіп, ойланып жаны қиналмайтын жайлылық беріп қойды. Тіпті қоғамдағы кей пікірлер мұның қауіпті көрініс екенін айтады. Себебі санаулы секундтарда қажетті ақпаратты дап-дайын күйінде алуға үйренген адамның ойлау қабілеті тежеліп, мұның соңы жаппай білімсіздікке, сауатсыздыққа алып келеді деседі. Қарап тұрсақ, мұнымен келіспеуге де болмайтындай. Өйткені, оқушыларға есепті ЖИ шығарып беріп, тапсырманы ЖИ орындап беріп жатқан, сол секілді мұғалімдерге авторлық бағдарламалар мен ғылыми жұмыстарды да осы ЖИ әп-сәтте даяр қылып беріп жатқан жайттар да жоқ емес. Мұның ақыры неге әкеліп соғатынын дөп басып айту қиын, дегенмен де әрбір адам жасанды зерденің күшіне тым қатты сеніп алмай, оны дұрыс мақсатта ғана пайдалануға тырысқан жөн.
Қазіргі таңда ЖИ медицинада да кең қолданыста. Мына қызықты қараңыз, жақында робот-хирург видео арқылы ота жасауды үйреніп, тапсырманы өте сәтті орындап шыққан. Джонс Хопкинс университетінің ғалымдары роботқа әр қимылды жеке-жеке үйретпей-ақ, оған операциялардың бейнежазбаларын көрсетеді. Нәтижесінде робот жасанды интеллекттің көмегімен дәрігерлердің барлық әрекеттерін 100 пайыздық дәлдікпен қайталап қана қоймай, күтпеген жағдайларға да бейімделіп, процестің барысына жауап беруді де үйренген.
Расында, бүгінгі күні жасанды интеллект медицина саласының ажырамас бөлігіне айналуда. Ол диагноз қою, емдеу әдістерін жоспарлау, дәрі-дәрмек жасау және медициналық зерттеулер жүргізу сияқты көптеген бағыттарда қолданылады. Мысалы, рентген, КТ және МРТ суреттерін талдауда ЖИ алгоритмдері дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, қатерлі ісік сияқты ауруларды бастапқы кезеңінде анықтай алады. Пациенттердің генетикалық және медициналық мәліметтерін талдап, әр адамға жеке емдеу жоспарын ұсына алады. Әрине, жасанды интеллекттің дамуы мұнымен тоқтамайды. Болашақта жасанды интеллект медицина саласында бірнеше бағытта қолданылатын болады. Соның ішінде ауруларды ерте анықтап, тұқым қуалайтын ауруларды болжау және алдын алу мүмкіндігі артады. Одан бөлек, робот дәрігерлер көбейіп, олар өте күрделі хирургиялық және нақты дәлдікті қажет ететін оталарды орындай алатын болады.
Енді жұмыс орындары қысқара ма?
Жасанды интеллекттің пайда болуымен жиі айтылып жүрген тағы бір мәселе, бұл жұмыс орындарының қысқаруы. Иә, ЖИ технологияларының дамуы жұмыс орындарына әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, деректерді өңдеу, есеп-қисап сияқты салаларда ЖИ адам еңбегін алмастыра алады. Сонымен қатар, чат-боттар мен виртуалды ассистенттер кейбір қызмет көрсету салаларындағы адамдардың орнын басып жатыр. Жасанды интеллект әсерінен клиенттерге қызмет көрсету, сатушылар, кассирлер мен банк қызметкерлері, жылжымайтын мүлік агенттері мен курьерлер сияқты кәсіби қызметкерлер бірте-бірте жойылатын болады. Тіпті, жасанды интеллект 300 миллион жұмыс орнын алмастырады деген болжам да жоқ емес. Ал әлемнің танымал кәсіпкері Эндрю Янг болса «Қарапайым адамдарға қарсы соғыс» кітабында «Автоматтандыру үрдісі дәрігер, заңгер, бухгалтер, қаржы кеңесшісі, трейдер, журналист, тіпті суретші мен психолог секілді мамандықтарға да қауіп төндіреді» деп жазады.
Дегенмен, жасанды интеллекттің арқасында жаңа мамандықтардың да пайда болатынын ескерген жөн. Болашақта нейрондық желілермен жұмыс істеуді меңгерген адамдар нағыз сұранысқа ие мамандар қатарына енеді. ЖИ программисттер мен инженерлер көптеп қажет бола бастайды.
Шетелдік Forbes, Popular Science басылымдары болашақта пайда болуы мүмкін 162 мамандық тізімін жасап шыққан екен. Олардың қатарында робоэтика бойынша адвокат, қоршаған ортаны қалпына келтіру менеджері, криптовалюта банкирі, IT-генетик, интеллектуалды жекеменшікті бағалау, медициналық робототехник, виртуалды өмір архитекторы секілді мамандықтар бар. Тіпті, онда келешекте жоғары оқу орындарында галактикалық архитектор мамандықтарын оқытыла бастауы мүмкін деген болжам айтылады. Ал осылардың бәрі жасанды интеллектсіз жүзеге асады дегенге сену қиын. Мұның бәрі алдағы уақыттары ЖИ әлеуетінің қаншалықты кеңейе түсетінін байқататындай.
Дегенмен, мына нәрсені ұмытпаған жөн: жасанды интеллект толыққанды қызметкер емес, ол жай ғана көмекші құрал. ЖИ кешенді тапсырмаларды адамның қатысуынсыз жасай алмайды және кейбір ерекше ізденісті, креативті талап ететін салаларда ЖИ адамның орнын баса алмайды. Ол адамға керемет көмекші болғанымен адамның қиялына ерік бере отырып жасалынатын дүниелерде шорқақтау болуы мүмкін. Сонымен бірге, жасанды интеллектті де адам басқаратынын ұмытпаған жөн.
Қорыта келгенде, жасанды интеллект адамзаттың өміріне үлкен өзгерістер әкелуде, бірақ оның пайдасы мен зияны арасында тепе-теңдік сақталуы керек. ЖИ адам өмірін жеңілдетіп, жұмыс тиімділігін арттырып, ғылым мен технология саласында жаңа мүмкіндіктер ашуда, медицинада ауруларды ерте анықтау мен емдеуді жетілдіруде, білім беру саласында оқыту әдістерін жекелендіруде, экологияда ресурстарды тиімді пайдалануда пайдалы рөл атқарады дедік. Дегенмен, ЖИ жұмыссыздық, деректердің қауіпсіздігі, жеке өмірге қол сұғу сияқты мәселелерді де қоса туындатуы мүмкін. Оның әлеуетін толыққанды пайдалана алу үшін ЖИ қызметін заңмен реттеп, тиімді әрі қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету маңызды. Егер адамзат ЖИ-ді дұрыс бағытта қолдана білсе, ол бізге үлкен пайда әкелетіні анық, олай болмаған жағдайда оның теріс салдары да болмай қоймайды.
М.ЫБЫРАЙ
Leave a Reply