«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – сапалы білімнің тұғыры

Біртұтас тәрбие бағдарламасы – бұл білім беру мекемелерінде оқушылардың рухани, моральдық, интеллектуалдық, дене және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жоспар. Бағдарламаның негізгі мақсаттары – ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, білімге құштарлықты дамыту, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, еңбекқорлық пен жауапкершілікке баулу, табиғатты қорғауға және заңды білуге үйрету. Бұл тәрбие жұмысы мектептегі іс-шаралар, сыныптан тыс жұмыстар, ата-аналармен байланыс және қоғамдық ұйымдармен серіктестік арқылы жүзеге асырылады. Тақырыптық тәрбие сағаттары, спорттық жарыстар, шығармашылық үйірмелер, қоғамдық іс-шараларға қатысу, ата-аналар жиналыстары мен тренингтер – осының бәрі балаларды жан-жақты дамытуға арналған. Бағдарламаның негізінде оқушының жеке тұлғалық, қоғамдық және кәсіби дамуының үйлесімі жатыр.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының құндылықтарын пәнді оқытуға кіріктірудің тиімді жолдарын тәжірибе жүзінде көрсету мақсатында Білім басқармасының Әдістемелік орталығы пән мұғалімдеріне арналған «Сабақта құндылықтарға негізделген тәсілдерді кіріктіру ерекшеліктері» тақырыбында оқыту семинарын өткізді. Семинарға Қаратау және Еңбекші ауданына қарасты білім мекемелерінің пән мұғалімдері, жалпы саны 216 педагог қатысқан болатын.

Іс-шара барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА ұйымдастыруымен жүргізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: білім мазмұнындағы құндылықтар тәсілдемесі» тақырыбындағы республикалық семинарға қатысып, сертификатталған педагогтер «Астана» атындағы жалпы орта мектептің пән мұғалімдерімен бірге құндылықтарды сабақтың өн бойына кіріктіріп жүргізудің тиімді тәсілдерін ұсынды. Қатысушыларға тәрбие мазмұнын айқындауда әзірленген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының құндылықтарын пәнді оқыту процесінде интеграциялау арқылы оқушылардың тұлғалық және әлеуметтік дамуына ықпал ету мүмкіндіктері түсіндірілді.

Сонымен қатар, құндылықтар негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерін, білім алушылардың бойында құндылықтарды пәндік мазмұн, сынып сағаттары мен сыныптан тыс әлеуметтік тәжірибелер арқылы дарытудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп, өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салып, ертеңгі ұрпақты жан-жақты үйлесімді дамыған тұлға етіп тәрбиелеудің тиімді жолдарын талқылады. Нәтижесінде, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, өткізілген сабақтар бойынша кері байланыс жасалды, ұсыныстар берілді. Озық тәжірибесімен бөліскен әріптестеріміз Әдістемелік орталықтың Алғыс хатымен марапатталды.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – жас ұрпақтың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бұл бағдарлама оқушылардың рухани-адамгершілік, интеллектуалдық, дене және әлеуметтік тұрғыдан үйлесімді дамуына жағдай жасап, оларды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және салауатты өмір салтына тәрбиелеуді көздейді. Сондай-ақ, ата-аналармен және қоғаммен тығыз байланыс орната отырып, балалардың тұлғалық қалыптасуына оң ықпал етеді. Осы бағдарламаны тиімді іске асыру арқылы ұлт болашағын тәрбиелейтін білімді, тәрбиелі және саналы ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика