Кішкентай балдырғандарды нағыз зерттеушілер деуге болады. Олардың білмекке деген талабы таудай. Мынау не? Ұстап көрсем бола ма? Ол неге қызыл? Мынау неге жасыл? Осындай таусылмайтын сұрағы бар балаларымыз өздерімен бірге бізді де үнемі ізденуге, білімімізді шыңдауға жетелейді. Тәрбиеленушілеріміздің білмекке деген талабын қанағаттандыру үшін жуырда «Мен зерттеушімін» атты ашық сабақ өткіздім. Тәрбиеші ретіндегі мақсатым баланы қоршаған әлем құбылыстарына бақылау жүргізуге баулу және көрсетілген экспериментті түсіндіру болды. Сабақ барысында қағаздың қасиеттері және қайта өңдеу әдістерімен таныстырдым.
Алдымен ой қозғау мақсатында балалар, табиғат деген не деп сұрадым. Көп жауаптар айтылды, соңында бәріміз табиғат, бізді қоршаған орта деген қорытынды шығардық. Табиғаттың жанды және жансыз табиғат болып бөлінетінін білдік және анықтама бердік.
Жанды табиғат- қоректенеді, тыныс алады, өседі, қозғалады, жүреді, сөйлейді, тұқым шашады. Оларға адамдар, жануарлар, өсімдіктер, құстар, жемістер, көкөністер, балықтар жатады.
Жансыз табиғат- қоректенбейді, өспейді, тұқым шашпайды. Оларға су, тау, күн, ай, құм жатады. Балалар тақылауға ерекше құлшыныспен араласып, білетіндерін бөлісті.
Балаларға жанды және жансыз табиғатты бейнелеу үшін сурет салуды ұсындым. Барлығы қуана келісті. Қағазды алдық. Осы тұста олардың назарын қағаздың қалай жаслатынына аудардым.
-Қағаз жанды табиғатқа жата ма, жоқ жансыз табиғатқа жата ма деген сауалыма олар жанды табиғаттан жаслады деп жауап берді. Осылай бұған дейін үйренгенмізді бір негіздеп алып, сурет салуға кірістік.
Олар сурет салып жатқанда мен қағаз туралы түсініктеме бердім. Қағаздың қарағай немесе емен ағашынан алынатынын айтып, қағаз болғанша қандай өңдеулерден өтетінін тәптіштеп түсіндіріп бердім.
ҚАҒАЗ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?
Кесілген ағаштар фабикаға әкелініп, оларды сыртқы қабықтарынан тазартып, қырады. Арнайы өткізгіш машина арқылы өңделген діндерді үгітіп, ұсақтайды. Үгітілген ұсақтарды електен өткізіп, үгінділерді бөледі. Өңделген шикізатты арнайы қазанға салып қайнатады. Қайнау үстінде арнайы шикізат қосылып, пайда болған ақшыл сұйықтықтарды арнайы машина арқылы лента күйінде түсіреді. Осылайша бірнеше өңделген лента таспаларға оралып, оларды қиып дәптер күйіне түсу үшін типографияға жіберіледі. Қағаздар типографияда арнайы қайшы арқылы қиылып жасалынады.
ҚАҒАЗДАРДЫҢ ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕРІ БАР?
Бұл сұраққа жауап беру үшін бізге балалармен бірге тәжірибе жасауға тура келді.
Тәжірибе.
Екі стаканға су құйып, бірінші стаканға пласмас, екінші стаканға қағаз салдық. Қағаз суды бойына сіңіріп алды. Мұны қағаздың бір қасиеті деп жазып қойдық.
Бұдан кейін мата мен қағазды салыстырдық. Мата жыртылмайды, қағаз жыртылады. Қағаздың тағы бір қасиеті оңай жыртылады. Және жыртылады, жыртылғанда дыбыс шығарады, сондай-ақ, оңай умаждалады. Қағазды умаждап неше түрлі фигура жасауға болады.
Бұл тәжірибеміздің соңында балалар салған суреттерін әйнектен көрді. Әйнек мөлдір болғандықтан, сурет көрініп тұрды. Ал, қағазды қойғанда сурет көрінбеді.
Неге деген сауалыма балалар өйткені қағаз мөлдір емес деп жауап беріп, қа,ғаздық тағы бір қасиетін жазып қойдық.
Осылай біз қағаздың қасиетін, түрлерін және олардың пайдасын біліп алдық та, қағазды қайтадан өңдеу тәжірибесін жасап көрдік.
Ол үшін бәріміз қағазды ұсақтап алып, оны суы бар ыдысқа салдық.
Миксермен араластырып, оны сүзгіштен өткіздік. Сүзіп алған шикізатты ақ матаға жайып, жылдам кебу үшін үтікпен үстінен басып кептірдік. Үтіктелген шикізат бір- біріне жабысып, қайта қағаз болып шықты. Өздері шығарған қағазды көргенде балалардың қуанғанын көрсеңіз. Осылай біз баланың дүниетанымын кеңейттік және еңбекке баулыдық.
Нұржамал Қынатбекова, тәрбиеші,
«Айша» бөбекжайы, Шымкент қаласы.
Leave a Reply