Қазан айының сtories/01/imagescalhzo9f.jpg» width=»298″ height=»172″ />оңында Шымкент-тегі жеңіл атлетика кешенінде Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске түсіруге арналған ха-лықаралық бокс бәсекесі өткен-ді. Сайыста оңтүстікқазақстандық боксшыларды жеңісті жолға Біржан Жақыпов бастады. Лондон Олимпиа-дасынан кейін жарыс алаңына алғаш шыққан былғары қолғап шеберін жеңісімен құттықтап әңгімеге тартқан болатынбыз.
— Біржан Лонданнан келген бетте берген бір сұхбатыңда «Қанша соққы жіберіп алғанымды өзімнен артық ешкім білмейді ғой» деп едің, бұл жолы қалай болды?
— Бұл жолы облыстың намысын қорғауға шықтым. Лондон олимпиадасынан кейін бір ай үзіліс жасап, демалдым. Содан кейін дайындық басталды. Дайындық — бұл спортшының өмірі десе де болады. Әр жеңістің өзіндік орны бар, қуаныштымын, әрине! Бұл жолы бәрі әділ болды.
— Олимпиада жаңғырығы әлі тұр құлағымызда, ол туралы әлі де жазылып жатыр. Өзің туралы жақсы да, жаман да айтылды. Қалай қабылдадың, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріңе өзіңнің көңілің тола ма?
— Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін төрт жыл бойы тынымсыз дайындаласың. Түрлі дәрежедегі бәсекелерге қатысасың. Спорт та өмір сияқты ғой. Бірде жеңесің, бірде жеңіліс табасың. Сөздің аты сөз, айтылады, айту оңай әрине, мені қолдағандарға рахмет айтамын, сынға да қарсы емеспін.Біз спортшылар бәрін еңбегімізбен дәлелдейміз. Шаршы алаңға шықтым ендігі жаңалықтың бәрі уақыт еншісінде. Жалпы болғанның бәріне қанағат етемін. Құдайға шүкіршілік жасаймын. Алланың бұйыртқаны болады. Әркімнің несібесі болады.
— Лондон Олимпиадасындағы төрешілік Бейжің Олимпиадасынан да төмен болды. Байқасаңыз, бұрын Куба, Ресей боксшылары топтан озып, қара үзіп кететін. Ал Бейжіңдегі ойындардан соң, Олимпиада қай елде өтеді, сол елдің боксшылары командалық есепте көш бастайтын болды. Мәселен, Ұлыбритания құрамасы бокс бәсекесіндегі жалпыкомандалық есепте бірінші орында тұр. Осыдан төрт жыл бұрын Қытай құрамасына ешкім жете алмаған. Мені бәрінен бұрын, жас боксшылардың жағдайы алаңдатады. Теледидар арқылы бокс бәсекесін тамашалаған балғын спортшылар Лондон рингіндегі әділетсіздіктерді көрді. Осы жағдайдың бәрін көрген кішкентай боксшылардың ертең боксты тастап кетпесіне кім кепіл?! Бұл да сіздің сөзіңіз. Спорттың ішінде боксты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? Осы қателік болды-ау, мүмкін басқа спорт түрін таңдағанымда үлкен жетістіктерге жетер едім деген ойлар бола ма?
— Жалпы, спортты таңдағаныма өкінбеймін. Жаңа айтып кеттім жарыс болған соң, жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Әділетсіздік адамды қайрайды, намысыңды жаниды. Адам өзіне сенуі керек.
— Жарыс алаңына қайта шыққаныңызға қарағанда сіз өзіңізге сенімдісіз…
— Кішкентай боксшылар бізге қарап бой түзейді,біздің қателігімізден үйренеді, араларында еліктеп жүргендері де болуы керек, одан бөлек қалың жанкүйеріміз бар. Жарыстың үлкен-кішісі жоқ. Мен бүгін өз жанкүйерлерімнің үмітін ақтадым. Бұл сол сенімнің арқасы. Қуанып тұрмын, дегенмен толық формама келдім деп айта алмаймын. Аз уақыт ішінде дайындалдым. Облысқа ұпай алып бердім. Бапкерлер маған сенді. Бірінші жол ашып бересің деп тапсырма берді. Берілген тапсырманы жақсы орындадым деп ойлаймын. Команда құрамындағы жігіттердің барлығы да жақсы өнер көрсетіп жатыр. Барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырысып бағуда. Ал, мен ойлаған нәтижеге жеттім, артылған үмітті ақтадым. Осы кубоктағы жеңісімді Облыстың 80 жылдығына тарту етемін.
— Бапкеріңіз туралы көп айтылады. Біржанның Олимпиадаға жолдама алуы да бапкері, бокстан Қазақстан ұлттық командасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың арқасы деген де пікірлер бар. Жалпы жеңіс дайындыққа байланысты ма, бапкерге байланысты ма?
— Жеңіс бірінші кезекте өзіңе байланысты. Физикалық, психологиялық дайындық керек. Әсіресе, ішкі дайындық өте маңызды. Ерінбей еткен еңбек міндетті түрде жемісін береді. Бапкерлердің айтқанын тыңдау керек. Жаттығу жұмыстары, дайындық мұның бәрі бапкерсіз өтпейді. Ал, енді арасын ажыратып көріңіз. Жалпы бапкерсіз спортшы бола ма?..
— Жалпы спортқа, соның ішінде боксқа қалай келдіңіз?
— Бокс — бұл менің таңдауым. Қызықтырды, еліктірді, өміріме айналды. Боксқа дейін футбол, жүгіру тағы басқа спорт түрлерімен айналыстым, бірақ, ешқайсысына тұрақтағаным жоқ.Достарымның көпшілігі бокспен айналысатын алғаш соларға еріп келдім. Кейін қызығушылығым арта түсті.
— Бүгінгі қазақ спортына көңіліңіз тола ма?
— Көңілім толады. Өзім осы салада жүргендіктен білетінім, көзбен көргенім көп. Бапкерлердің қалай тер төгетінін, спортшыларды қандай қажыр-қайратпен дайындайтынын, жеңістің қандай еңбекпен келетінін білемін. Чемпион болу оңай шаруа емес.Ал, бізде Аллаға шүкір чемпиондар, соның ішінде Олимпиада чемпиондары көп. Кешегі өткен Лондон Олимпиадасынан Қазақстан ұлттық құрамасы 7-алтын, 1-күміс, 5-қола медальды еншілеп қайтты. Еліміз жалпы есепте 12 орынға тұрақтады. Бұл біз үшін, еліміз үшін үлкен қуаныш, бұл қажыр-қайрат пен ерен еңбектің ЖЕМІСІ!
— Жанкүйерлерге жеткізер қандай жаңалықтарыңыз бар?
-Үлкен спорттағы ғұмырым алдағы уақытта да жалғасады, бұл — менің шешімім. Келесі жылы Астанада өтетін чемпионатта «Әлем чемпионы» атануды мақсат етіп отырмын.
— Ендеше мақсатыңызға жетіңіз, біз сізге тек қана Жеңіс тілейміз!
Жібек ҚЫЛЫШБАЕВА
«ҚЫЗМЕТ» ақпарат
{jcomments on}
Leave a Reply