Теннис мықтылары анықталды

Жуырда үстел теннисінен Оңтүстік Қазақстан облысының олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер теннис мектебінің ашық біріншілігі өтті. Облысымыздың 80 жылдық мерекесіне орай «Сұңқар» спорт кешенінде ұйымдастырылған бәсекеге аудан, қалалардан 130-ға жуық спортшы қатысты.

   Командалық есепте ұлдар арасында Төлеби ауданының теннисшілері топ жарса, күміс жүлде Шымкент қаласының жігіттеріне бұйырды. Ал, түркістандықтар үшінші орынға ие болды. Қыздар арасында сайрамдықтар жеңіске жетсе, екінші орынды төлебиліктер жеңіп алды. Ұлдар арасындағы жекелей сында да жүлделі орындардың бәрін Төлеби ауданының спортшылары иемденді. Атап айтар болсақ, Б.Тұрсын облыс чемпионы атанса, оның жерлестері А.Алтай мен Е.Оразбаев жүлделі орындарды бөлісті. Қыздар арасында сайрамдық Г.Хайитбаева жеңіске жетсе, оның командаластары М.Эшенқұлова мен К.Алиханова да жарыс жүлдегерлері атанды.

   Жұптық сында да төлебилік теннисшілер бірінші орынды жеңіп алды. Ал, қыздар арасында сайрамдықтардың мерейі үстем болды. Шымкенттік Е.Сұраншиев пен Е.Өтелбеков сынды талантты спортшылар да сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды. Аралас жұптық сында сайрамдық Г.Хайитбаева мен шымкенттік Е.Рүстемге тең келер ешкім болмады.

    Жарыс жүлдегерлеріне диплом, медаль және кубок тапсырылды. Ардагер спортшылар да естелік сыйлықтармен марапатталды.

   Ғ. ҚАДЫРБЕКҰЛЫ,

«Қызмет» ақпарат.

 

 

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика