Таяуда Талдықорған қаласындағы «Өркен» спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пауэрлифтингтен респулика кубогі үшін жарыс болып өтті. Аталмыш сынға республикадан жеті команда ұсыныс білдірсе, бәсекеге сондай-ақ, қырықтан астам спортшы қатысып өз бағын сынап көрген болатын. Енді осы жарыстың өткізілуіне кеңінен тоқталып өтсек.
Аталмыш сайыста облыстық «Мүгедектер спорт клубының» мүшелері биіктерден көріне алғандығын бірден айта кетейік. Ал әйелдер арасында 48 келіде бақ сынаған Гүлдана Нұралиева 22,5 келіні бағындырып күміс жүлдеге ие болса, алтын жүлдені Астаналық спортшы еншілеген. Сондай-ақ, 56 келі салмақта бақ сынаған Гүлбану Абдыхалықова 75 келіні көтеріп, бірінші орынды жеңіп алған болса, 67,5 келі салмақта шеберлік байқасқан спортшылар арасында жетісулық Раушан Қойшыбаева 80 келіні еңсеріп жарыс жеңімпазы атанды. Ал 82,5 келі салмақта өнер көрсеткен спортшылар арасында 90 келіні ырқына көндірген Ләззат Сәлімжанова алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Ерлер арасында өткен сын-сайыстарда да Алматы облысының спортшылары жоғары нәтижелерге қол созған болатын. Бұл орайда көптеген жарыстарда топ жарып облыстың мерейін өсіріп жүрген Ерлан Бақтыбаев жетекшілік ететін мүгедектер клубын ерекше атап өткен жөн. Осы жарыс барысында да аталмыш спорт клубы жүлде салған болатын. Алдымен 48 келіде мүмкіндігін байқаған Ернат Қасмұханов 80 келіні оңай бағындырып, барлық қарсыластарын артта қалдырды. Дәл осы салмақта екінші топта сынға түскен Елнұр Қашқынов та жеңістің биік тұғырынан көрінсе, 52 келіде бағын сынаған Арлан Атейбеков те ешкімге дес бермеген еді.
Бұдан бөлек, 130 келіні еркін еңсерген Әділжан Баутов жарыс жеңімпазы атанса, 75 келі салмақта өнер көрсеткен Рахметжан Хамаев 157,5 келіні бағындырып Қазақстан рекордын жаңартты. Сондай-ақ, аталмыш бәсекеде сынға түскен Сергей Миньков пен Нодоржан Хамруллаев күмісті қанағат тұтса, Есімхан Чтенов үшінші орын алып қола жүлдені иеленді.
Міне, осылайша жетісулық жарымжан спортшылар толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір спортының жеңісті жолын жалғастырған еді. Ал тағдыр тәлкегіне қайсарлықпен мойымай спортпен айналысып жүрген осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың бұл жетістіктерін ересен ерлік істер қатарына жатқызуға болады.
Мұрат МҰҚАШҰЛЫ
Талдықорған қаласы
«Қызмет» ақпарат.
Leave a Reply