tories/1353666166_aza.jpg» border=»0″ width=»211″ height=»151″ align=»left» /> Алаш баласының әлемнің әр түкпірінде танылып, жалқы шығып көзге ұрғанын көрудің өзі бір бақыт. Жұмабек Тұрсынұлы дейтін бір бауырымыздың қалың қытайдың ортасынан топ жарып, ережесіз жекпе-жектен Азия чемпионы болғандығы туралы естіп, мерейіміз өсіп қалып еді. Жақында Жұмабектің өзімен телефон арқылы хабарласуға мүмкіндік туып, шағын сұхбат жасаған едік. Оқырман назарына сол сұхбатты ұсынып отырмыз.
–Қиырдағы қазақ ауылында өскен қарадомалақ ұл екенсіз, спортқа қалай келдіңіз?
–Біздің балалық шақтың алғашқы құмары футбол болды. Құлдыраңдап доп қуып жүріп күреске келдік. Сонымен 2004 жылдан бастап еркін күреспен айналыстым. 2007 жылы ережесіз жекпе-жекке келдім. Содан бері осы спортты серік етіп жүрмін.
–Еркін күресте де нәтижеңіз жаман болмаған сияқты есітуімізге қарағанда, ережесіз жекпе-жекке келуіңіздің мәні неде?
–Ол рас, еркін күресте де жетістігім жаман емес еді. Ережесіз жекпе-жекке ауысуымның басты себебі, бұрынғы жаттықтырушым басқа жаққа кетіп қалды да, жаңа жаттықтырушымен арада түсініспестік болды, бір-бірімізге үйлесе алмадық.
–Қазірге дейін қанша жекпе-жек өткіздіңіз?
–Қазірге дейін отыз рет жекпе-жек өткіздім. Аллаға шүкір, соның ешбірінде жеңіліс тапқан жоқпын. Жеңіске жету үшін жақсы дайындық пен қажымайтын жігер керек, әрине.
–Қандай салмақта додаға қатысып жүрсіз?
–Алғашқыда 70 килә салмақ бойынша қатыстым. Ал қазір соңғы кезде 66 килә бойынша шығып жүрмін.
–Алдыңғы бір хабарласқанымда жарыста жүрмін деп едіңіз. Нәтиже қалай болды?
–Ішкі Моңғолияда өтіп жатқан жарыс қой. Шүкіршілік, абыроймен аяқтадым. Қарсыласымды қылғындыру әдісімен талдырып тастадым.
–Қазір қайдасыз?
–Қазір Ши-Ән қаласындамыз. Келесі жарыстарға дайындықта жүрміз.
–Соңыңыздан ерген шәкірттер бар деп естідік…
–Иә, оншақты шәкіртім бар. Барлығы да мықты, жігерлі жігіттер. Болашағынан үміт күттіріп жүргендер. Қазірдің өзінде біраз нәтижеге қол жеткізді.
–Бірнешеуінің атын атап қойсаңыз.
–Асылбек, Айдын есімді жігіттер көзге түсіп жүр. Ерсін, Қастер, Ернұр қатарлы шәкірттерім де қазір көпке таныс боп қалды.
–Азия чемпиондығын қашан алдыңыз?
–Осы 2012 жылғы ақпан айында Яң Хұң Гаң деген қытайды жеңіп алдым.
–Өзіңізге ең ауыр түскен жарыс кіммен болды?
–Өткен жылы желтоқсанда, Оңтүстік Африкалық Иршат Сайетпен RUFF белдігі үшін болған сайыс біршама қиынға түсті. Үш раунд бойы тынымсыз жағаласып, ақыры белдікке ие болдым.
–Алдағы уақытта қандай жекпе-жектер күтіп тұр?
–Алда бірнеше шарт жасасқан майдандардан басқа, АҚШ-та өтетін MMA және UFC белдіктері үшінгі жекпе-жектер бар. Алла қолдап, кедергілер болмаса, осы қыста сол алаңнан көрінуім мүмкін.
–Халықаралық ареналарда қазақ қандастармен кездесіп жүрсізбе?
–Қазақиялықтармен бетпе-бет келген кезім болған жоқ. Ресейлік бір қазақпен майданда кездескенім бар. Қазақша дұрыс білмейді екен, онымен жақсы түсінісе алмадым.
Жалпы, атажұрттағы спортшы-лардың бірталайымен жақсы байланыстамын. Бейбіт Шүменов, Ардақ Назаров, Қанат Сләм қатарлы бокс пен ережесіз жекпе-жекте жүрген жігіттермен жақсы қарым-қатынастамын. Телефон арқылы жиі әңгімелесіп тұрамыз. Қазақстандық спортшыларды қытайларға танытып, Қытай сайттарына шығарып жүрген жайымыз да бар.
–Өзіңіз жақсы білесіз, Қанат Сләм да өзіне жасалған барша жағдайлардан бас тартып, атажұртқа ат басын бұрды. Сіздің де Қазақияға келіп, қазақ елінің көк туын желбірету мақсатыңыз бар ма?
–Атажұртқа бет бұру ойы жоқ та емес. Бұрын күресте жүрген кездерде де екі ел арасындағы достық жарыстарға қатысып тұрдық. Сол кезде де маған елге келсең деген ұсыныстар болған. Қалай дегенмен Қазақстанда мықтылар көп қой. Мен атажұртқа барсам да әуелі бір үлкен биікті бағындырып алуым керек шығар деп ойлаймын. Алдымен жақсы танылып, толық жетілгенде бару ойым бар.
–Алла жолыңызды ашсын! Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен: Есбол НҰРАХМЕТ,
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply