Әбдісадық Халилаев: «Біз бала күнімізде даңқты спортшы болуды армандаушы едік»

Қызметтің анықтамасы:Әбдісадық Халилаев Самбодан 3 дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі төреші, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Спорт және өнер факультетінің профессоры. Түркістан қаласының құрметті азаматы.2009 жылы Чехияда , 2010 жылы Латвиада өткен спорт шеберлері арасында  әлем чемионатына қатысып чемпион атанған. 2011 жылы Грекияның Солоники қаласында өткен чемпионаттың қола жүлдегері. Жуырда Марокконың Касабланка қаласында спорт шеберлері арасында өткен әлемдік додадан алтын медаль алып үш дүркін әлем чемпионы атанды.2011 жылы Алматыда өткен ХІІ Азия ойындарының алаугері, 2012 жылы «Лучшие люди Казахстана» атты 3 тілде жарық көрген әмбебап энциклопедияға енді.

Әлемді мойындатқан  Әбдісадық ағамен сұхбаттасудың сәті осы аптада түсті.

–         Аға, әңгімені әріден бастасақ, спортқа  қалай келдіңіз, қандай жағдайлар әсер етті?

–         Менің Қаратау бөктерінде өткен  балалық шағымда доп қуып, шаң қаптырған ауыл қара домалақтары үшін «спорт деген бір сиқыр» еді. Ол кезде спортшы болуды армандамаған бала болмаған шығар, сірә. Сол сиқырлы, белгісіз бір күш мені әсем астанамыз Алматыға қарай жетеледі. Сонымен,1975 жылы  мектепті бітірген соң  арман қуып Алматыға  Қазақ Дене шынықтыру мәдениеті  институтына оқуға келдім.  Осы институт қабырғасында жүріп  спорттың 3 түрінен спорт шебері атағын қорғадым. Атап айтсам, самбодан және дзюдодан КСРО спорт шебері және қазақша күрестен  еліміздің спорт шебері атандым.Спортта жетістікке жетуіме, спортты сүюіме ықпал еткен институттағы ұстаздарым: Асубаев Асқар Әкімұлының, Нағызбек Ордабаевтың еңбегі ерекше.

Институтты бітіріп, жолдамамен туған Түркістаныма оралдым. Қаладағы спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналастым.Біраз уақыт аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы болып қызмет атқардым. Кейін  бес жылдай Алматыдағы Қазақтың Политехникалық институтының Дене тәрбиесі  кафедрасында ұстаздық еттім. Содан соң, 1991 жылы осы университет ашылғанда алғашқылардың бірі болып кафедраға  ұстаздық қызметке шақырылдым.

1994 жылы «ҚР еңбек сіңірген жатықтырушысы» атандым.Өмір жолым қысқа қайырып айтсам осындай.

–         Әбдісадық аға, «шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ұлағатты әңгіме бар, бірқатар  ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, өз мектебіңізді қалыптастырып, артыңызда із қалдырып келе жатқан азаматсыз…

–           Аллаға шүкір, шәкірттерім бар. Есімдерімен мақтанатындай, мен ғана емес ел мақтанышына айналған спорт саңлақтары бар менің мектебімнен шыққан. Мысалы, самбо күресінен үш дүркін Әлем чемпионы Базарбек Дөңбайды айтуыма болады. Базарбек Сидней олимпиадасына университетіміз үкілеп қосқан саңлақтарымыздың бірі болды. Әлемнің 200-ден астам мемлекеті қатысқан дүбірлі додада 5-ші орынмен оралды. Бұл жаман көрсеткіш емес еді. Базарбек бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша самбо күресінен аға жаттықтырушы.Дархан Төреәділ, Ордабек Мүсіров, Әділ Әуелбеков, Келдібек Шубаев Азия чемпиондары, әлемнің жүлдегерлері.Ринат Құралбаев 2006 жылы Дохада өткен ХV Азия ойындарының қола жүлдегері. Сонымен бірге топ жарып жүрген балуан қыздарымыз да бар. Оның алдыңғы буыны Кәмшат Ахметовалар бүгінде ХҚТУ-да ұстаздық етеді, ғылым кандидаты, Нұргүл Қабылова Степнойдағы(Созақ ауданы) спорт мектебінің директоры қызметінде. Кәмшат кезінде 5 дүркін ҚР чемпионы атанды,Қытайда өткен бүкіл әлемдік универисадаға қатысып(2004 ж) жүлделі оралды. Жалпы, соңғы жылдары   қыздар күресіне көбірек ден қойып жүрмін.

–         Неге?

Әрине, кейбіреулер жекпе-жек  спорт түрлерін қыздарға тән емес деп түсінер, олай емес. Бүгінде әлемді аузына қаратқан балуан қыздар аз емес. Қыздар өте еңбеккеш, алға қойған мақсатқа берік, тырмысып бағатын, былайша айтқанда өлермен келеді. Бір айта кетер жайт, біздің университеттің дзю-до, самбодан қыздар күресі  соңғы 6 жылдан бері еліміздің универсиадаларында  1-орынды бермей келеді. Міне, бұл нәтиже жаңағы айтқан «өлермендіктің» арқасында келген жеңіс.Бүгінде құрамада өнер көрсетіп жүрген балуан қыздарымыз: Ақтолқын Жанұзақова  — әлем кубогының иегері, Айзада Шалапова -үш дүркін Азия чемпионы, Айжан Жылқыбаева үш дүркін Азия чемпионы, Нулифар Әбілова — Азия чемпионы, әлемнің жүлдегерлері. Осы жуырда Севера Нишанбаева деген 2-ші курс студенті Азия  Кубогі  үшін сайыста  ІІІ орынды иеленді.  Бұл қыздарымыздың бәрі осы спорт факультетінде оқып жүр, жастары19-21 –дегі жастар. Әсіресе, Айжан қызымыздың болашағынан мол үміт күтемін.  Ілгеріде атбегілер тұлпарды құлынынан таниды екен, сөйтіп, жүйрікті баптап бәйгеге қосатын болған. Сол сияқты мен де осы Айжан қызымды 10 жасынан спортқа баулып, тәрбиелеп келемін. Алар асулары, болашағы алда деп есептеймін. Оның жаттығуларына қарап отырып аузымен құс тістейтін нағыз мықты, дүбірлі додада топ жаратын жүйрікті көргендей боламын.

-Иншалаһ,айтқаныңыз келсін. Дегенмен, қыз балалардың әлеуеті ұлдарға қарағанда төмендеу емес пе? Одан басқа олардың табиғаты, тұрмыс құруы деген мәселелер бар…

–           Оныңыз рас, ондай жағдайлар бар.Ақтолқын Жанұзақова деген қызымызды баптап, Лондон олимпиадасына дайындаған едік, бірақ аяқ астынан тұрмысқа шығып кетті. Жоспардың бәрі өзгеріп, олимпиадаға бара алмай қалды. 

Жалпы, спорттағы жиырма жылымда (жаттықтырушылық) 6 Азия чемпионын, 8 Азия чемпионатының жүлдегерлерін, 3 әлем  чемпионы, 4 әлем чемпионатының жүлдегерін  шығарыппын. Бұл енді аз ба, көп пе, еңбегімді шәкірттерім, халық білер.

–         Ел ағалары, басшылық тарапынан қолдау қалай болуда?

      – Жалпы, университет басшылығының спортқа деген көзқарасы дұрыс. Әсіресе, тұңғыш ректорымыз  Мұрат Жұрыновтың ХҚТУ спортының көркеюіне қосқан үлесі айрықша. Ол кісінің спортқа, спортшыға  деген жанашырлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Университет ашылған алғашқы  күндерден бастап жұмысты (бұрынғы техникумның ғимараты еді ғой)  спортзалды жөндеуден бастады. Шағын ғана спорт залы бар көне ғимарат қой. Соны дұрыстап, мәжіліс залын спорт залына айналдырып, асхананы да жаттығу залына айналдырып, стадион салып бір-екі жылдың ішінде кәдімгі республикалық турнирлер өткізуге болатындай спорт кешенін жабдықтады. Мұрат Жұрынұлы өзі  жасында бокспен шұғылданған, Қарағанды облыстық бокс Федерациясын басқарған спортқа жаны жақын азамат қой. Спортпен айналысқан студенттерді жақсы көріп, олардың барынша жағдайын жасайтын.Бірде халықарлық бір жарысқа баратын болдық. Қаржы жағы жетіспей (ол кісі жоқ еді) студенттерді пойызға отырғызып, өзім қалып қойдым. Ертесіне ол кісіге кездесіп, жағдайды айтып едім, сөзге келмей, бас есепшіге телефон соғып: «немедленно, Әбдісадыққа іссапар шығынын есептеп, ұшаққа билетке тапсырыс беріңдер»-деп тапсырма берді. Маған, тез ұшақпен жет, балаларды жетімсіретпей олардан бұрын жетіп, күтіп алатын бол»-деді. Мұндай қуанбаспын. Одан кейін Оразалы Сәбден басшылық жасағанда да университет спорты жақсы дамыды. Оразалы Сәбденұлы да спортшы болатын. Студент кезінде спорттың бес түрінен «спорт шебері» нормативін қорғаған, спортты жанына серік еткен жан. Әлі күнге спортпен айналысады. Таңертең 1 сағат уақытын спорттық жаттығуға арнайтын. Уақыт тауып университет баскетбол командасының ойындарын тамашалайтын, тамашалап қана қоймайтын өзі де оқта-текте баскетбол ойнап тұратын. Қазіргі басшымыз Лесбек Тәшімұлы да спортқа бүйрегі бұрып тұрады.  Түрлі жарыстарға спортшылардың жол шығынын көтеріп қолдау көрсетеді. Барлық спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған.Спорт залымыз да, алаңымыз да бар.Барлық секциялар, спорт үйірмелері ақысыз жұмыс істейді.Дегенмен, қаржылық қолбайлау жоқ емес. Алыс шетелдерде өтетін, үлкен спорт жарыстарына баруға қаражат болмай қалатын кездер бар. Ондай кездерде облыстық департаментке шығамын. Болат Қырықбаев мырза обалы не керек түсіністікпен қарап мәселені оң шешіп береді. Сөйтіп бәйгеге балаларымды қосып, өзім елде қалып қоятын кездер де болады. Әрине, оның теріс жағы да бар. Өйткені, ол балаларды мендей білетін, мендей жанашыр адам қайда?! Қысылтаяңда, қай жерде, қандай (подсказ) демеу көрсету керектігін мен жақсы білер едім, әттең қол қысқа ғой дейміз іштей. Өзім қатысқан шеберлер арасындағы жарыстарға, төрешілік ететін сайыстарға  өз қаржыммен барып жүрмін. Мен Азия чемпиондарын, әлем чемпионын дайындап едім деп әкім-қаралардың есігін қаққан емеспін.Көңіл бөлмеді деп ешкімге өкпе-наз да айтпаймын. Барға қанағат, жоққа төзіммен қарайтын қазақ емеспіз бе?  Кейде менің әрекетім біреулерге  күлкілі көрінеді(фанаттық болып көрінеді). Ондайларға айтарым: «мен мұңым да, жырым да –спорт, қуанышым да, қызығым да спорт.Спорт менің өмірімнің мәні!»

–         Қаладағы, елдегі бұқаралық спорттың жай-күйі көңіліңізден шыға ма?

–         Жалпы  алғанда жаман емес қой. Соңғы жылдары бірнеше спорт мектептері ашылды қалада. Жаңа спорт кешені пайдалануға берілді биыл. Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай пайдалануға берілген кешен талапқа сай  жақсы жабдықталған. Дегенмен, 230 мың халқы бар Түркістан үшін бұл әлі де аз. Шет аудандарды, ауылдарды әлі де спортқа тартуымыз керек. Жаттықтырушылардың жалақысы төмен. Қаладағы спорт клубтар, секциялардың дені ақысыз үйретеді. Жаттықтырушыларға жағдай жасау керек. Ең бастысы, бұқаралық спортты дамыту үшін халықтың санасын ояту керек. Насихат күшті болуы тиіс.

Қазіргі балалар  «бай» болуды, «банкир» болуды армандайды, оңай жолмен ақша табуды жөн көреді. Балалық аңсар шығар, дегенмен жақсы үрдіс емес. Біз бала күнімізде даңқты спортшы болуды армандаушы едік. Ол кезде спортшы деген идеал еді…

Меніңше, бұл тарапта санаға өзгеріс керек деп ойлаймын. Спортты, спортшыны көбірек насихаттау керек.Сол кезде жас буын  спортқа бет бұрып, дені сау, жаны сергек ұрпақ тәрбиелеп өсірер ме едік…

—         Әңгімеңізге, рахмет аға! Алда алар асулар, бағындырар биіктер көп болсын!

Әңгімелескен: Әтіргүл Тәшімова,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика