Руслан Егізбайұлы:« Өз бейнеңізді бешпентіңізге де түсіріп алуға болады»

Ақпаратты білген —  әлемді билейді. Ал сол ақпаратты өңдеу, жазу, жеткізу –бұл да  технология. Технология дегенде, әзірше  ештеңе ойлап тапқанымыз жоқ. Әзірге өзіміз жасап шығармасақ та өзгенің технологиясын жоғары деңгейде меңгеру де алғырлық деп білеміз. Заманауи көзқараспен қарасақ, бүгінде мылтық алып  майданға шығу қалып барады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан саяси жағдайлар куә. Осыған қарап, үшінші мыңжылдық ақпараттық майдан ғасыры деген уәжбен келіспеске амалымыз жоқ. Бүгін осы ақпараттық технологияны небәрі  28 жасында дөңгелетіп 7 кәсіпті бірдей игеріп отырған Руслан Егізбайұлы жайында әңгіме қозғағанды жөн санадық.  Руслан Егізбайұлы Қызылорда облысының тумасы. Өзгелердей несие алып пайызын  төлеп отырған жоқ. Осылай да кәсіп ашып нәсібін көруге болады екен. Елбасы  саясатының бір тармағы  еңбек адамын мейлінше насихаттау болса, біз де осы мақсатта кәсіпкерліктің біз білмейтін сыры мен қырын барынша жазып жеткізуге тырыстық. Осы жерде мемлекетке алақан жаймай, жеке кәсіп ашуға болатынына тағы бір көзіміз жетті. Мақсатымыз өз кәсібін ашып отырған азаматты дәріптеу  емес,  кәсіпкерліктің тұтқасын таба алмай жүрген азаматтарға бағыт бағдар болса дейміз.

Сіз басшылық етіп отырған «Digital Copy Professional» компаниясы  «KONICA MINOLTA» компаниясының Қазақстандағы негізгі серіктесі екенін білеміз. Осы жерде «KONICA MINOLTA» компаниясы жайында аз кем айта кетсеңіз? Қазақстан еліне импортталып отырған заманауи кеңсе құрал жабдықтарының  құны қандай?

-«KONICA MINOLTA» компаниясы өздеріңіз жақсы білесіздер германиялық баспа техникасы  өнімдерін өндіріп отырған компания. Компанияның президенті Цукаса Уэхара есімді жапон азаматы. Біздің әрбір өнімдеріміз жапон елінде өндіріліп, Германияда құрастырылады. Яғни сүйегі жапон, еті немістікі деген сөз. Менің айтқым келгені  «KONICA MINOLTA» компаниясы  өнімінің артықшылығы. Ол техника адам баласына талап қоя алады. Ал, талап қойылған жерде сапа болады. Мысалы: баршамыздың кеңсеміздегі  «Кэнон»  кеңсе құралымен 10 жыл жұмыс істеген адам ауру болады, оның өзіндік себептері бар және оны бәріміз білеміз. Ал, «KONICA MINOLTA» өнімдерінде ауаның ылғалдылығы мен құрғақтылығы сонымен қатар күн сәулесінің тура түспеуі және тұрған орнының көлемі  басты назарға алынған. Ылғалдылық 30-70 пайыз болғанда кеңсе температурасы 10-30 градус болуы тиіс. Бұл негізгісі.  Осы талап орындалмаған жағдайда құрылғы автоматты түрде сөнеді. Бұл адамның денсаулығын ойлайтын ақылды құрал-жабдықтар.Бастапқыда өзге де, кеңсе құрал жабдығын өндіретін  компаниялармен  жұмыс істегенбіз. Мені қызықтырғаны осы неміс технологиясы болды. Бүгінгі таңда облысымызда «KONICA  MINOLTA» компаниясының кеңсе өнімдерін Жебе, Спектр баспалары  пайдаланып отыр,  Гамма баспаханасы   келіссөздерді бастады. Құны жөнінде айтар болсам 160 мың  мен 19,5 млн теңге аралығында. Әрине, қымбат дүние өзіне сай өнім береді.

19,5 млн ға бағаланып отырған құрылғымыз қолыңыздағы ақпаратты ол мейлі 100 беттік журнал болсын бар болғаны бір минуттың ішінде  колыңызға дайын етіп ұстатады. Әрине, жеке кәсібін ашқалы отырған азаматтарға мұнша қаржы табу қиын екені де  түсінікті жағдай. Сол себептен де, біз сатып алушыларға  егер қолындағы құжаттары заңды болған жағдайда елу пайызын төлеп, қалғанын кезең кезеңімен төлеуіне мүмкіндік қарастырып отырмыз.

-Мен түсінбей отырған бір мәселе бар. Сіз осы «KONICA  MINOLTA» өнімін алып әр түрлі баспа өнімдерін шығарып өз кәсібіңізді жүргізіп отырсыз. Соған қарамастан ол құрылғыларды сатуға мүдделісіз. Олар  ертең сіздің басты бәсекелесіңіз болмай ма, осы жерде, сізге бәсекелес табудың қажеті қанша деген сұрақ туындайды?

-Дұрыс айтасыз. Біз жаңа ақпараттық технология жағынан кеш қалған халықпыз. Әрине елімізді ақпараттық технологиямен қамтамасыз етіп жатқан өзге де компаниялар бар шығар. Менің айтқым келгені адам баласына зиянсыз, жылдам, сапалы, қол күшін көп қажет етпейтін технология, неге оны менен басқа отандастарым қолданбасқа. Біздің кәсіпкерлер адам баласының жарысып жүріп көп нәрсе үйренетінін білмейді.  Алматыдағы Әль-Фараби Қазақ Ұлттық Университетінің баспаханасында  бұрын 30 адам жұмыс істеген болса, «KONICA MINOLTA» өнімін қолданғалы  небәрі 4 адам жұмыс істейді. Қол күшін қажет ететін жұмыстар бүгінде автоматты жағдайда тез әрі сапалы орындалады.

Ал «Digital Copy Professional» компаниясы  жайында айтар болсам, біз үстіміздегі жылдың тамыз айында ашылған болатынбыз. Аз ғана уақыт аралығында көпті мойындатуымыз- ол осы технологияның басты артықшылығы мен сапасы, сонымен қатар бағасының тиімді болуы деп білемін.

Неге германиялық компанияны таңдадыңыз , немістермен жұмыс істегенді ұнатамын деп отырсыз. Неге?

Неміс халқы жауапкершілігі мол халық десем артық айтпағаным. Адалдығы да бар. Мысалы сіздің сатып алған затыңызға өзге компаниялар бір екі жыл кепілдік беруі мүмкін. Ал мұнда егер келісімге келсеңіз  20-30 жылға дейін кепілдік беріледі. Бұл бұрын соңды болмаған жағдай. «Неге германиялық компанияны таңдадыңыз»? — деген сауалыңызға қазақстандықтар неге неміс көлігін таңдайды деп жауап бергім келеді.

Мен мәңгілік емеспін. Менің кәсібім де мәңгілік емес. Сол себептен қолымнан келіп тұрғанда барынша еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Менің қол астымда жұмыс істеп жүрген жігіттердің барлығы қазақ жігіттері. Қазақ жігіттерін жұмысқа алғаным,  бұл  ұлтшылдықтың белгісі  емес, бәрі осында ештеңеден  хабарсыз болып келген. Мақсатым қазақ жігіттеріне үйрету, осы заманға сай білікті маман болса деймін.  Егер жас кәсіпкер жігіттер  осы компанияның техникаларын алып сатамын десе,  кеңсе құрал жабдықтарын  жеткізіп беруге әзірмін.

Бүгінге дейін адам баласының көзін алмастыратын ешқандай жасанды технология шыққан жоқ. Мысалы: сіздің алдыңызда жатқан қағаз бетіндегі әрбір әріп, майда адам көзіне көрінбейтін нүктелердің жиынтығы. Жасыратыны жоқ, көбіне  көзіміз талып қызарып  кетеді. Себебі мұндағы қағаз бетіндегі нүктелердің өз шекарасынан шығып кеткен кетпегенін біздің көзіміз көріп қояды. Сол себептен де көзімізге салмақ түседі. Ал біздің ұсынып отырған технологиямыз «SimitriHD IIbit» форматында өнім беретінін мақтанышпен айтар едім. Қай жағынан алып қарасаңыз да адам баласының қауіпсіздігі мен тиімділігін ескергенін анық сезінуге болады.

-Жалпы кім — кімді де болмасын сіздің бүгінгі жетістікке жету жолыңыз қызықтырады. Бүгінгі таңда бір-бірімен тығыз байланысты 7 саланың басын қосып, кәсібіңізді  жүргізіп отырсыз. Сонымен қатар  бұрын мемлекеттік қызметте болғаныңызды да білеміз. Мемлекеттік қызметкеқайта  шақырса барар ма едіңіз?

Менен қандай жұмыс істемедіңіз деп сұрасаңыз болады. Менің істемеген жұмысым жоқ. Есепші болып та жұмыс істедім. Мемлекеттік қызметтен кетіп,  жеке кәсіп ашуыма бала жөргегі  (памперс)  себепші  болды. Айлығымыз аз еді. Келесі айлыққа дейін тіпті жетпей  қалып жататын. Ойлана келе жеке баспахана ашуды ұйғардым. Алғашында шығынымыз  көп болды. Себебі, ол кезде  Қытай , өзге де елдердің баспа технологиясын қолданған болатынбыз.  Осы жылдан бастап «KONICA MINOLTA»  компаниясының Қазақстандағы басты серіктесіміз. Біз бүгінгі таңда отандастарымызға кеңсеге қажетті технологияларды өз бағасында ұсынып, қызмет көрсетуді  өз мойнымызға алып отырмыз. Мысалы: қандай да бір ақау, не болмаса қажетті шикізат, оның ішінде бояу сынды дүниелермен біздің компания толық қамтамасыз етеді.  Осы жерде баса айта кететін жағдай мұндағы баспа технологиясы  қымбат болғанымен,  үйрену мен жұмыс істеу жолы өте жеңіл. Бас аяғы  2 сағаттың ішінде толық меңгеруге болады. Бұл жөнінде арнайы білім алған мамандарымыз жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр. Қажетті  бояудың құны 40 мың теңге көлемінде болса, бұл 27 мың дана А-4 қағазына  жеткілікті деген сөз. Бұны көп отандастарымыз түсіне бермеуі мүмкін, осы салада жұмыс істеп жүрген мамандар болмаса. Бұл, сіз 100 теңгеден жаздырып, я болмаса шығарып жүрген әрбір бет сізге 2 теңгеден түседі деген сөз. Енді өзіңіз салыстырып көріңіз. Ал, мемлекеттік қызметке шақырса бармас едім.

-Сіз басшылық етіп отырған «Digital Copy Professional» компаниясы  бүгінгі таңда тағы қандай қызмет түрлерін ұсынып отыр, қай салаға сұраныс басым?

-«Digital Copy Professional»  аты айтып тұрғандай қазақша баламасы «Сандық Көшіру Шебері»  деген мағына берсе , осы атымызға лайықпыз деп айта аламын. Бүгінгі таңда бас аяғы 14 қызмет түрін ұсынып отырмыз, оның ішінде кітап, визитка, баннер баспа саласына қажетті барлық қызмет түрлері бар.

-«KONICA MINOLTA» компаниясының өнімін негізгі тұтынушы елдер қайсы дегенде қай елді  айтар едіңіз?

-Қай салада болмасын бәсеке көп. Мен оған қуанамын. Өзге компаниялар бір жағынан менің бәсекелесім болғанымен бір жағынан әріптесім. «KONICA MINOLTA» компаниясының өнімдерін Германия толық тұтынып отыр. Ендігі нарық Орта Азия оның ішінде Қазақстан. Бүгінгі таңда біздің өнімдерімізді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты  алғалы отыр. Бірақ өңіріміздегі жоғары оқу орындарынан бүгінге дейін ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Егер жоғары оқу орындары  бұл технологияны енгізсе кітапхана, интернеттен алған ақпараттарын автоматты жағдайда кітапша қылып шығара алар еді. Бұл да бүгінгі  заманның бір жаңалығы мен артықшылығы.

 Мұнда келіп тіпті, өз бейнеңізді бешпентіңізге де түсіріп алуға болады.

-Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет!

Нұрлан ӘЛІМБАЕВ,

  «Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика