ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЖАНДАР

Нағыз өрт сөндіруші шаршауды, әрі «қолымнан келмейді» деген сөзді білмейді. Тәуліктің кез-келген уақытында, тіпті, аптап ыстық пен қақаған аязда, ол отқа да, суға да түседі. Өрт сөндірушілерде «жауынгерлік есеп» деген ұғым бар. Бұл ұғым — өртке қарсы күресетін өрт сөндірушілер командасының өз есептеріне қашан да 100 пайыз әзірлікте болу керектігін айшықтайды.

Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Сонымен бірге, қарапайым тұрғындар үшін қалыптасқан экстрималды жағдай — бұлар үшін күнделікті қалыпты жағдай десе де болады. Өйткені, өрт қауіпсіздігінің заманауи маманы күн сайын түрлі оқыс оқиғалардың алдын алып, адам өміріне  араша түседі.

Осындай жағдайлардың бірі  ағымдағы жылдың 26 қаңтарында қаламыздың  №8 шағын ауданында орын алды. Күндізгі сағат 14.23-те  «101» телефонына көпқабатты тұрғын үйдің пәтерінің бірінде өрт орын алғандығы туралы хабарлама түсе сала мамандандырылған жасақтан  4 техника, жеке құрамнан 18 адам аттанып кетті. Оқиға орнына жеткенде  үйдің пәтерлерінің бірінде будақтаған түтіннің шығып жатқандығын анықтап, мамандандырылған жасақ бастығының көмекшісі, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Аманкулов бастаған, құрамында  аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау прапорщигі Ратбек Қаратаев, газ-түтіннен қорғау қызметінің аға шебері, азаматтық қорғау старшинасы Жеңіс Ботабеков, бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға прапорщигі Баходыр Кенжебаев бар топ тез арада қою қара түтінге тұншығып, шыға алмай қалған  үйдің тұрғындарын эвакуциялауға кіріседі, нәтижесінде түтіннің тұсауында қалып қойған 3 адамды, оның ішінде бір  жас баланы қауіпсіз аймаққа шығарды. Қарт  әжемен жас бүлдіршін немеренің, өздігімен жүріп, тұра алмайтын қарт кісінің өмірін дер кезінде ажалдан арашалап  қалған өрт сөндірушілерге олардың алғыстары шексіз еді.  Өрт сағат 14:39-да оқшауланып, сағат 14:44-те толығымен сөндірілді.

         Арада апта салмай осындай тосыннан туған төтенше жағдай  1 ақпан күні  сағат 15:25-те Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Қабанбай батыр даңғылында орналасқан 5 қабатты үйде орын алды.  2-ші қабатта орналасқан 1 бөлмелі пәтердің жалпы көлемі 12,5 ш.м. қонақ бөлмесі мен лоджиясында үй заттары және жиһаз жанды. Бұл жолы тұрғындарға  №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы аға лейтенант Н.Балқыбек бастаған,  құрамында кіші сержанттар Е.Шынтаев, Ж.Төлепбергенов, сержант Б.Ережепов және жүргізуші аға сержант А.Айтжан бар өрт сөндірушілер буыны көмекке келіп,  өмірге қауіп төндірген аймақтан  8 адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз аймаққа шығарды.  Өрт сағат 15:37-де оқшауланып, сағат 15:46-да толығымен сөндірілді. Ең бастысы адам өмірі құтқарылды.

Осылайша күнделікті өз өмірлерін тәуекелге тігіп, адам өмірін құтқаруды басты міндет деп білетін бұл құтқару қызметінің мамандары бейбіт күннің  батырлары, құрметке лайық жандар.

А. Толтаев

Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика