Бұл мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті және Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен өткен кеңейтілген отырысының басты тақырыбына айналды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева аталған іс-шараға модератор ретінде басшылық жасады.
Шағын кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін талқылау барысында отырыс қатысушылары әлеуметтік аспектілерге де аса көңіл аударды. Бұл ретте талқыланған тақырып экономика және қоғамның әлеуметтік өмірінде шағын бизнестің атқарар рөлі, сондай-ақ шағын кәсіпкерлер жағдайына қатысты болды.
Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Төретайқызы Құрбанбаеваның пікірінше, өңір кәсіпкерлерінің мәселелері ең алдымен бизнесті жүргізуде қажетті білімі мен қабілеттерінің болмауында, бизнеске қажетті мамандар дайындығы мен қайта дайындауға қатысты мәселелерде. Бүгінгі маман мәселесі – бизнесті дамыту мен қолдаудағы мемлекеттік саясат аясындағы басты мәселе болып табылады. Шағын және орта бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігі де өзекті мәселелер қатарында. Кепілзатқа қойылатын орынсыз талаптар, банктік несиелердің пайыздық жоғары мөлшерлемелері бизнес-ахуалды жақсартуға кедергі болуда.
Сондай-ақ, ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары бизнесті дамытуға тосқауыл болып отырған бірқатар мәселелер қатарында монополист-кәсіпорындармен өзара қалыптасқан қарым-қатынасты да атап өтті, яғни тарифтердің жыл сайын негізсіз еселеп өсуі кәсіпорындар экономикасына кері әсерін тигізуде. Гүлнар Төретайқызының айтуынша, өңір кәсіпкерлері мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестікте бюрократиялық кедергілерге, сыбайлас жемқорлық әрекеттерге де жиі кезігеді (бюрократиялық, қағаз бастылық, сыбайлас жемқорлық және т.б.).
— Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алулар барысында туындап отырған мәселелер де баршылық, жекелеген мемлекеттік органдар немесе шенеуніктер біліктілік талаптары арқылы көп жағдайда нақты бір фирмалардың мүддесіне қарай шешуге тырысады, — деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ салық салу, кедендік және техникалық реттеуде де мәселелі тұстар баршылық.
Осыған байланысты Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің күрделі мәселелерінің бірыңғай «мәліметтер базасы» қалыптастырылған, бизнес мәселелері және олардың шешу жолдары картасының тізілімін жасамақ. Бұл ретте ақпараттарды реттеу және жүйелеу ұсынылуда.
Мәжіліс барысында ОҚО Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары электр қуатына қосылу үшін берілетін техникалық рұқсаттар туралы сауал тастады.
«Бүгінгі таңда, бос электр желісіне қосылу туралы нақты ақпараттың болмауынан техникалық шарттарды алу бірқатар қиындықтар мен кедергілерді туғызуда, — деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Әлтаев, монополистер электр желісіне қосылу үшін өз шарттарын бекітіп қойған.
Бұл мәселені шешу үшін біз облыстың барлық бос электр жүйелерінің, трансформаторлардың дерекқорын құрып, ол базаны реттейтін органды анықтап алуымыз керек. Дерек қор үнемі жаңартылып тұруы керек — деді Н.Әлтаев.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізген отырыстың қорытындысы бойынша ҚР Үкіметіне заңнамалық мазмұнда нақты ұсыныстар дайындалатын болады.
ОҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Leave a Reply