ШЫМКЕНТТЕ ҚЫЗҒАЛДАҚ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент – қызғалдақты қала. Үшінші мегаполис өзіне символ етіп Ұлы Даланың бір нышаны – қызғалдақты таңдағанын білерсіз. Логотипіне де сол сұлу гүлді әдемілеп бейнелеп алған.

Міне, қыстың соңғы күндерінің бірінде Шымкенттің Ақтасында қызғалдақ қауыз ашты. Қызғалдақ болғанда да, көбіміздің көз алдымызға бірден келе қоятын кәдімгі Грейг қызғалдағы емес, әрине. Гүлдеген қызғалдақ – Бузе қызғалдағы. Бұл қызғалдақ түрі өз тұқымдастары арасында ең алғаш қауыз жаратын қасиетімен ерекшеленеді. Ақсары түсті күлтесі сонадайдан көзге әдемі көрінеді.

Бузе қызғалдағы Орта Азияның шөлді алқаптарынан (Қызылқұм, Арал маңы құмдары) бастап, Жетісудың тауалды қыраттарына дейінгі құмды-топырақты алқаптарында өседі. Бойы аласа, 5-10 см арасында ғана болады,  жапырағы жұқалтым шұбалаңқы тіктеу келеді. Пиязшығы да тым ірі емес, кішірек қана көпжылдық өсімдік.

Бұл қызғалдақтың түрін 1859 жылы швейцар ботанигі Эдмонд Буасье жан-жақты сипаттап жазады. Гүл атауы да сол ботаниктің құрметіне байланысты аталған. Шамасы, оның қолына тиген тұқым Балқаш маңындағы құмдар мен Жоңғар Алатауы тарапынан жеткен болса керек.

Бузе қызғалдағы Қазақстанның Қызыл кітабына енген қызғалдақтар қатарында жоқ. Дегенмен, еліміздің оңтүстігіндегі «Сырдария-Түркістан», «Алтынемел» табиғи парктері, «Қаратау», «Барсакелмес» қорықтары аумағында өсетіндіктен қорғалады.

Шымкент қаласын «қызғалдақты қала» деп әспеттеп жатқанмен, бүгінде қала аумағындағы табиғи қызғалдақтарға деген көзқарастың жібі түзу емес. Жыл сайын қолда өсірілетін қызғалдақтарды мақтана көрсетісіп жатады. Сонысымен бұл ерекше гүлді насихаттағансиды. Қала басшылығының мұндай ұстанымын түсіну де қиын шығар. Ондай қолда өсірілетін гүл барша қалада өсе береді емес пе? Онда Шымкент несімен «қызғалдақты қала»?

Бұған дейін де айтып жүрміз. Шымкент қаласының қазіргі аумағында табиғи қызғалдақтың 4 түрі (Грейг, Кауфман, Бузе, Корольков) өсетіні белгілі. Қала аумағындағы табиғи қызғалдақтың бірнешеуі өсетін алқаптардың бірінен «Қызыл қырат» деп пе бір атау беріп, арнайы «қызғалдақ қаумалын» ашып, тұрғындар мен қала қонақтарының жыл сайынғы серуендейтін дәстүріне айналдырса, міне нағыз насихат та, «қызғалдақты қала» атауына жарасатын іс те сол пе? Ол үшін арнайы жер іздеп шарлаудың қажеті жоқ. Шымкенттің Тәшкенге шыға беріс тұсындағы Ақтастың маңындағы 30-40 гектар алқап қаланың бас жоспарында арнайы рекреациялық аймақ ретінде белгіленіп тұр. Ол жерде жоғарыда аталған табиғи қызғалдақтың бірнеше түрлері кезігеді. Тек, олардың тұқымын қосымша тағы да жиілете егіп шығу керек-ті. «Қызғалдақ қаумалы» дайын болады. Қазірге, қала басшылығы бірнеше жылдан бері бұл ұсынымызға жауап бермеді.

Дегенмен, көңілге қуаныш сыйлаған көктеммен бірге келген жаңа қызғалдақ маусымы құтты болсын!

 

С.Дүйсебайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика