Түркістанда әуежай салынады

       Шымкент агломерациясының көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Түркістан қаласында жаңа әуежай салынады. Бұл жөнінде BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында ҚР Өңірлік даму министрлігінің Өңірлік саясат департаменті директорының орынбасары Тілеуғазы Беспалинов хабарлады.
       «2013 жылы Шымкент агломерациясын 2020 жылға дейін дамыту жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес агломерацияны аймақтық және институционалды дамыту көзделген. Мәселен, Шымкент қаласының және Сайрам, Төлеби, Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт және Ордабасы аудандарындағы елді мекендерінің бас жоспарлары біріктіріледі. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламаларына өзгерістер енгізу жоспарланған», — деді Тілеуғазы Беспалинов.
       Мұнымен қатар, Шымкент агломерациясын индустриалды-инновациялық орталық, фармацевтикалық кластер, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу орталығы және өңірдің туристік және тарихи-мәдени орталығы ретінде қалыптастыру және дамыту көзделіп отыр.
       «Сондай-ақ, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша іс-шаралар іске асырылады. Атап айтқанда, агломерацияны тұрақты түрде энергия, газ, сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт объектілерін дамыту қарастырылған», — деп қосты Т.Беспалинов.
       Оның айтуынша, 2017 жылға дейін Шымкент агломерациясының аумағын жоспарлаудың ұзақ мерзімдік кешенді сызбанұсқасы әзірленеді.
       «Шымкент агломерациясының көлік инфрақұрылымын дамыту аясында «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысын аяқтау, Арыс қаласында көлік-логистикалық торабын құру, «Шымкент – Ташкент» автомобиль жолын реконструкциялау, Шымкент қаласының халықаралық әуежайында жаңа жолаушы терминалын салу, сондай-ақ Түркістан қаласында жаңа әуежайдың құрылысы бойынша жобаларды іске асыру маңызды болып табылады», — деп атап өтті Өңірлік саясат департаменті директорының орынбасары.
       Сондай-ақ, жоспарда Шымкент агломерациясының аумағын экологиялық сауықтыру, төтенше жағдайлардың алдын-алу бойынша бірқатар іс-шаралар қарастырылған екен.
       Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агломерациялардың халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналатынын атап өткен еді.
       «Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту — маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент пен Ақтөбе болады», — деген болатын Президент.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика