Мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басуға шақ қалса да бүгінде түлектердің бірқатары әлі де болса жандарына жақын мамандық таңдай алмай жүргені белгілі. Психолог Сәлима Сатылғанқызы әсіресе мамыр айында осы мәселе бойынша көмек сұрап келген ата-аналар мен жасөсіпірімдің қарасы көбейеді дейді. Мамандықты қалай таңдау қажет? Таңдау жасағанда, ең бастысы, нені ескерген жөн? Материалымыздан оқи аласыздар.
– Салима ханым балалардың мамандық таңдауына қалай көмектесе аламыз?
– Ең өзекті мәселе бұл мамандық таңдау. Менің жұмыс тәжірибемде мамандығын дұрыс таңдай алмай сол арқылы күйзеліске, депрессияға түсіп кеткендер көп кездесіп келеді. Тіпті сондай тізімде жастары 30, 40, 50-ден асқан жандар да болды. Қазақ жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек деп бекер айтпаса керек. Адам өз жұмысын ынтамен, қалауымен жасағаны дұрыс. Сондықтан саланы қателеспей таңдауы – өмірдегі жетістіктердің бірі.
Жалпы мамандық таңдағанда бағыт-бағдар беру бала үшін де, ересектер үшін де өте жауапты іс. Сондықтан әсіресе ата-ана кішкентай кезінен бастап баланың неге бейім екенін, оның бойындағы болмысын, оның табиғи жаратылысын ескеруі керек. Себебі оның қандай салаға бейім екені, мамандық таңдаудағы іргетасы бала кезден қалана бастайды.
– Қазіргі кезде көпшілік мамандығына емес жалақысына қарап сала таңдайды. Қоғам психологиясындағы бұндай пікірдің қалыптасуына не түрткі?
– Мұның себептерінің бірі – адамдардың бәсекелестікке қабілетті нарықтық заманның талабына сай болуға деген талпынысы. Тіпті, кейде мол табыс көзінің адамның сол жұмыспен айналысуына шабыт беретінін жоққа шығара алмаймыз. Алайда бұл тек уақытша ғана қаржыға деген құштарлықтан туындайтын сезім. Адамның мамандығы оның хоббиіндей болуы керек. Ол әрқашан “мен жұмыс істеп жүрмін” деген емес, “мен сүйікті хоббиіммен айналысып жүрмін” деген ойда болуы қажет. Міне мамандығыңды осылай жақсы көрсең, қаржылық табыс көзі де көп ұзамай молынан келері анық.
Ал өз мамандығын тек қаржы көзі ретінде қарайтын адамдардың психологиялық сипатын айтып берейін. Бала кезінде жоқшылықта өскен жан барлық бейімін ақша табуға қояды. Ол мол ақша табуым керек, ата-анама көмектесуім керек, жоқ деген сөзді енді ешқашан естімеуім керек деген оймен өседі. Кейбір адамдар өзінің өзгелер алдындағы ішкі сыртқы бағасын көтеру үшін мол қаражат әкелетін мамандыққа ұмтылады. Олар осылайша өзін ата-ананың алдында дәлелдегісі келеді. Көбінесе бұл жағдай ата-ананың баласын өзгелермен салыстыра сынауынан пайда болады. Мысалы, жұрттың баласы “керемет екен, көршінің баласы жетстікке жетіпті, сен болсаң әлі жүрсің” деп өзге адамдармен көп салыстыратын болса, болашақта бала мамандығын соған орай табыс көзіне байланысты таңдайтын болады.
– Мектеп бітірер уақыт таяп қалса да әлі күнге дейін мамандық таңдауда мың құбылып жүрген түлектер аз емес. Сондай оқушылардың бұлай қиналуына психологиялық тұрғыдан не түрткі болуы мүмкін?
– Қазіргі кезде 100% мектеп бітірушінің тек 20%-ы ғана өзінің қай салаға бару керек екенін біледі. Өкінішке қарай, 75-80% жас түлек әлі күнге дейін өздерін таппай адасуда. Неліктен? Себебі ата-ана бала алдында өте беделді. Ата-ана кезінде өздері қалап, алайда қол жеткізе алмаған мамандыққа баласының барғанын қалайды. Мәселен, кезінде дәрігер, заңгер бола алмаған ересектер кейін баласының сол жолға түскенін көргісі келеді. Осылайша сала таңдауда бала қателесіп жатады. Бұның алдын алу үшін алдымен ата-ана баланың қабілетіне орай ақылдасуы қажет. Түрлі ұсыныс айтып, баланың ойын, жан дүниесі нені қалайтынына үңіле алуы керек. Қазіргі заманда барлығы қолжетімді. Адамдар психологиялық тұрғыда сауатты. Сондықтан тіпті өзін таппай қиналып жүрген жандар болса, психологтың немесе кәсіби маманның көмегіне жүгінсе болады.
Leave a Reply