Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарабаев мәлім етті.
«Келесі жылдан бастап «Алтын белгіге» үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Олар келесі талаптарға сай болуы керек. Біріншіден, орта жалпы білім берудің білім беру бағдарламасына сәйкес 10, 11-сыныптарда оқу кезеңіне тоқсанда, бір жылда және қорытындысында «5» деген баға болуы керек. Сондықтан келесі жылы 10-11-сыныптарда тек жылдық және қорытынды бағалар ғана емес, тоқсандық баға да есепке алынады. Екіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында жалпы орта білім беруді аяқтағаннан кейін «алгебра» пәні бойынша қорытынды аттестаттаудан өту қажет», – деді Жомарт Қарамбаев онлайн брифинг барысында.
Баяндамашы 2023 жылдан бастап «Алтын белгіге» үміткерлер қалған төрт пәнді өздері оқыған мектебінде тапсыратынын атап өтті.
«Үшінші талап – үміткердің негізгі білімі туралы үздік аттестат болуы керек. Бұл 9-сыныпқа дейін үздік оқуы керек деген сөз», – деп түсіндірді Жомарт Қарабаев.
Білім және ғылым министрлігінің өкілі талаптардың күшеюі «Алтын белгіге» үміткерлер санына әсер ететінін, олардың саны азаюы мүмкін екенін, бірақ бұл жерде білім сапасы мәселесі бірінші орында тұрғанын айтты.
Leave a Reply