ТУ — ЕҢ ҚЫМБАТ СИМВОЛЫМЫЗ. ОЛ ӘРҚАШАН БИІКТЕ БОЛУЫ ТИІС

Шымкенттік өрт сөндірушілер тек батыл да, қайсар жандар ғана емес, олар өз елінің нағыз патриоты. Бұған дәлел болатын оқиғалардың бірі Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионында орын алды.

Қатты желдің салдарынан ғимараттың шатыры  футболдан жарыс өтіп жатқан алаңға құлаған сәтте ғимараттың алдында желбіреп тұрған байрағымыз құлаған шатырдың астында қалады.  Әп-сәтте  еш қауіпке қарамастан үйіндінің астындағы Туды алып шығу үшін ұмтылған екі  жігіттің бірі №2 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау кіші сержанты Намаз Нұркен болатын. Туды шығару сәтін ұялы телефондарына түсірген футболға жанкүйер болып келген азаматтар  «Инстаграмм», «ТikТok» желілері арқылы кеңінен таратып, видео 2-3 миллионнан астам қаралым жинаған.

Шатырдың астына кіріп, байрақты алып шыққан жігіттерге желі қолданушылары «туымыз тек көгімізде желбіресін» деп өздерінің жылы лебіздерін жеткізіп жатыр.

2016 жылдан бері батыл өрт сөндірушілердің қатарында елі үшін аянбай еңбек етіп жүрген Нұркен Әбдікәрімұлы «Бұл біздің азаматтық борышымыз. Ту – ең қымбат символымыз, ол әрқашан биікте болуға тиіс» дейді.

Елім дейтін, оның игілігі жолында аянбай еңбек ететін осындай жастарымыз барда  мемлекетіміздің болашағы жарқын болатынына біз кәміл сенеміз!

С. ШОЙМАНОВ

Қызмет бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика