Шымкенттіктер қыста жаурамас үшін, ала жаздай еңбек еткен мамандар барын салды. «Қуат жылу орталығы -3» мекемесінің жұмысшылары тозығы жеткен құбырларды жаңартып, қысымдап үлгерген. Алдын ала өткізілген сынақ жұмысынан 80-ге жуық ақау анықталыпты. Оның төртеуі магистральды жылу жүйесіне қатысты орын алған. Енді 19 шақырымға жуық жылу құбыры жаңартылып жатыр. Ал тұрғын үйлер мен мемлекеттік нысандарға жылу беру қазан айының соңында басталады.
Оған дейін әрбір жылу тұтынушы үйдегі құбырларын тексеріп, сығымдау жұмыстарын жүргізіп алуы тиіс. Әсіресе, көпқабатты үй төрайымдарына белсенді болған жөн. Орталықтың бөлім басшысы Тыныбек Бердиев жерлестері жылыту маусымының шапағатын көретініне сенімді. «Жылу құбырлары жыл сайын жаңартылып жатыр. Сондықтан болар, маусым кезінде апатты жағдай сиреген». Былтыр үш апат есін шығарғанымен, дер кезінде жөнделгенін тілге тиек етті. «Бұрындары ішкі орамдық жүйелерден 100-150-ге дейін апатты жағдай тіркелген болса, қазір 10-15-тен артық шақырту алмаймыз»- деп мақтанды.
Яғни, жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында бұл жылы 19,4 шақырымдық ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 17,8 шақырымы біткен, бұл 92 пайызды құрайды. Соның ішінде, Толстой – Адырбеков көшесінде 357 метр жылу құбыры ауыстырылуда. Бүгінде оның 267 метрі аяқталса, қыркүйек айының соңына дейін толық ауыстырылып бітпек.
Үшінші мегаполисте 900 шақырымға жуық жылу жүйесі бар. Бүгінге дейін ескірген құбырлардың 20% жаңартылған. «3-Энергоорталық» АҚ-дағы 2 турбина, 3 қазандық ағымдағы, транформаторлар күрделі жөндеуден өтті. Қалған 3 бойлерді күрделі жөндеу 82%, қосалқы жабдықтарды ағымдағы жөндеуі 95%-ға орындалып, қалған жұмыстар 10 күн ішінде аяқталады. «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қарасты 15 жылу қазандықтың 13-і дайын. Қалған 2 қазандық дайындық үстінде. 17 сорғы стансалардан 15-і дайын, қалған екеуінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 19,4 км жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, бүгінге дейін 97% орындалды.
1987 көпқабатты тұрғын үйдің 93,7% яғни, 1863 үй жылыту маусымына дайын. 124 көпқабатты тұрғын үйде жұмыстар жалғасуда.
Биыл жылу маусымы қазан айының екінші жартысында басталады. Алдымен жылу құбырлары суға толтырылады. Одан соң,мемлекеттік мекемелерге жылу беріледі. Қалада 484 бюджеттік мекеме бар. Олар 99% дайын.
Жылыту маусымына дайындықты қала әкімі Мұрат Әйтенов пысықтап отыр. Қыс мезгілінде тұрақты және сапалы жылу берудің маңыздылығына тоқталып, тиісті сала басшыларына есептегі сандық көрсеткіштерді жіті тексеріп, істен шығу қауіпі бар нақты нүктелерді анықтауды тапсырды. Аяқталмаған күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалап, қыркүйектің соңына дейін аяқтауды жүктеді.
Leave a Reply