Шымкентте 25 қазан — Республика күні мерекесіне орай «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық форум өтті. Айтулы іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Форумда басқарма басшысы сөз сөйлеп, көпшілікті Республика күні мерекесімен құттықтады.
Мұратжан Шүкірханұлы, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы: «Республика күні — еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке. Бұл — ата-бабамыздың арманы орындалып, еркіндікке қол жеткізген күн. Осыған орай қаламызда мемлекеттік рәміздерді насихаттау, мемлекеттік Туымызды дәріптеу, оның қадірін жас ұрпаққа ұғындыру мақсатында осындай патриоттық форум ұйымдастырылып отыр».
Көк тудың желбірегені эстафетасы 2019 жылы бастау алды. Әлеуметтік желіде бастау алған патриоттық іс-шара сол жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Азаматтық форумға ұласып, туды белсенді насихаттағандарға құрмет көрсетілді. Сыйлыққа Мемлекетіміздің туы ұсынылды. Содан бері бұл іс-шара дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Биыл патриоттар форумына ұласып, тарихи оқиғаға куә болған тұлғалар ұлықталды. Жиында медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетов пен ҚР Қарулы күштерінің Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Омбаев бастаған ел ағалары сөз сөйлеп, жастарға Тудың қадірі мен Отанға адал қызмет ету туралы өнегелі әңгімелерін айтты.
«Тәуелсіздікпен диалог» аудары аясында кәсіпкер, «Ізгілікте жарысайық»қоғамдық қорының төрағасы Асхат Мауленов, мәдениет қайраткері Арман Алиев, қол арбамен жүгіруден бірнеше дүркін чемпионы, би спортынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ермек Қалымбетовтар жетістіктерімен бөлісті.
Форум барысында мемлекеттік Туды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Leave a Reply