Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарасты Достық шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталған болатын. Құрылыс жұмысы барысында 1206 электр бағанасы мен трансформатор орнатылып, 47 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Және тұрғындардың сұранысы бойынша, жобадан тыс көшелерге қосымша әр 3 үйге бір электр бағанасы орнатылуда.
Елді мекен тұрғындары электр энергиясына әр киловатына 25-30 теңгеден төлеп келген. Алдағы уақытта абоненттеу жұмыстары толық аяқталып, тариф құны 17,9 теңгені құрайтын болады.
Мердігер мекеме есебінен электр энергиясы тұрғын үйдің алдына дейін жеткізіледі. Әрі қарай кабельді қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, тұрғындар өз есебінен жүргізетін болады.
Қазіргі уақытта абоненттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Абоненттеу жұмысы толық аяқталу нәтижесінде Достық мөлтек ауданындағы 2 686 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Ал Асар-2 елді мекенін инфрақұрылыммен қамту жұмыстары былтыр аяқталып, 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешілген болатын. Алайда мыңға жуық үй жобадан тыс қалып, сапалы ауыз су, электр қуаты мен табиғи газға қосылмай қалған. Қазіргі таңда осы мәселенің түйіні тарқатылып, халықтың өтініші орындалуда.
Асар-2 елді мекеніндегі қалған аумақты сапалы ауыз сумен қамту бойынша құрылыс толық аяқталды. Биыл жасалған жұмыстар нәтижесінде 53 шақырым су құбыры жүргізілді.
Ескерер жайт, мердігер мекеме ауыз су құбырын тұрғындар үйінің есік алдына дейін жеткізіп береді. Ары қарайғы жұмыс, яғни үй ішіне кіргізіп, оны қосу әр үй иесінің жеке жауапкершілігіне жүктеледі.
Абоненттеу жұмыстары үшін қажетті құжаттарды «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-ға өткізу керектігін хабарлаймыз!
Leave a Reply