ЖАҢА ҒИМАРАТ САЛЫНЫП ЖАТҚАН БІЛІМ ОРДАЛАРЫН ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ӨЗІ АРАЛАДЫ

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданына қарасты Сайрамдағы Ю. Сайрями көшесі бойындағы №10 колледжінің жаңа оқу корпусы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов нысанның құрылысы барысын тексеріп, сапаға мән берді.  Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының мерзімнен кешеуілдеуіне байланысты жауапты мердігерге бірнеше ескертулер беріліп, айыппұлдар салынған. Қазіргі таңда ескертілген кемшіліктер ретке келтіріліп, жұмыстар жалғасын табуда. Осы күнге дейін құрылыстың 85%-ы атқарылды.
Жаңа ғимаратта 300 орындық оқу корпусы, 200 орындық асхана, 200 орындық АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған. Нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталған. Жоспарға сәйкес жаңа корпус жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Ал №72 мектептің жаңа оқу корпусы аяқталуға жақын. Қайтпас шағынауданында  орналасқан №72 орта мектептің қосымша оқу ғимарат құрылысын тексерді.
375 орынға лайықталған нысан 3 қабатты 2 блоктан тұрады. Алдағы уақытта 30-ға жуық қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Ғимарат құрылысы жыл соңына дейін 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.
Нысан жұмыстарымен танысып шыққан қала әкімі сала мамандары мен мердігер мекемеге жұмыс сапасына баса мән беріп, жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, №12 спорт мектебін кеңейту жұмыстары да жүргізілуде.  Шаһар басшысы Сайрам тұрғын алабында орналасқан №12 спорт мектебінде болып, қосымша корпустың құрылыс жұмыстарымен танысты.  Нысан 2 ауысымда жұмыс атқарады.
Бірінші мауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады. Одан соң мұнда 252 спортшы сыятын түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалмақ.
Кешен ғимараты 3 қабаттан тұрады.  Жертөледе пауерлифтинг оқу-жаттығу залы, ауыр атлетика оқу-жаттығу залы, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі қарастырылған.
Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, күзетші бөлмесі, киім бөлмесі, 18 орынға асхана, 210 орынға көрермендер трибунасы бар әмбебап спортзал, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі, медпункт болады. Ал екінші қабатта холл, демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон спорт түрлерінен оқу-жаттығу залдары қарастырылған.
Жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарлануда.  Сала мамандары мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды тапсырған шаһар басшысы, “құрылыс сапасына да баса мән беруіміз керек”,-деді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика