Биыл көктемде тарихи шаһар Түркістанға жолымыз түскен еді. Осы өңірдің тумасы, Олимпиада чемпионы Бекзаттың рухына құран бағыштайық деген оймен боксшы жерленген зиратқа арнайы ат басын тіредік. Даңқты боксшы бейітіне орнатылған мәрмәр тастағы шойыннан жасалған көшірме-медальдардың орны үңірейіп тұр. Алғашында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан болар деп өзімізді жұбатқанбыз. Кейіннен Олимпиада чемпионының үйіне арнайы барғанымызда, медальдар көшірмесін қаскөйлер өткен жылдың желтоқсан айында тонап кеткенін білдік.
Содан бері қаншама уақыт өтсе де, Түркістан қаласының полициясы 1 млн. теңгеге жасалған жеті медаль көшірмесінің «қожайынын» әлі іздестіруде көрінеді. Із-түзсіз кеткен ұрылардың табылмағанын айтпағанда, қолды болған медаль көшірмелерінің орны ойсырап тұрғандығы қынжылтады.
Бұл келеңсіз жайттан кейін Бекзаттың ата-анасы Сейілхан аға мен Сырлыкүл апай баласынан екінші мәрте айырылғандай күй кешіп отырғанын жеткізді.
– Қалалық әкімдік көрмей отыр емес, көріп отыр. «Өздері жөндеп алса болады ғой» деген сыңай танытуда. Бекзат жалғыз менің ғана емес, күллі Алаш жұртының перзенті емес пе? – деп жанары жасқа толған Сырлыкүл апай, сөзін әрі қарай әрең жалғады: – Қазір бақилық болғандарды қастерлейтін заман емес екеніне көзім толық жетті. Өткен жылы Алматыдан демеушілер табылып, ұлымның қабірін толық күрделі жөндеуден өткізген еді. Алайда, артынша қаскөйлер Бекзатымның қабірін тонап кетті.
Осы жайтқа байланысты Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Жанболат Ибрагимовке арнайы хабарласқанымызда, ол:
– Бұл жерде барлық жауапкершілікті әкімдікке артып қоюға болмайды. Қабірді жаңғыртуға қала бюджетінен қаржы қарастырылмаған. Бұл – демеушілердің көмегімен атқарылатын шаруа. Бекзат Саттарханов атындағы спорт сарайына және жыл сайын өтетін Халықаралық турнирге қаржы бюджеттен тұрақты бөлініп келеді. Былтыр Бекзаттың ескерткіші қала әкімдігінің тікелей араласуымен демеушілер тартылып, 8 млн. теңгеге тұрғызылды. Тағы бір қуанышты хабар, таяу күндері даңқты боксшы Әбдісалан Нұрмахановқа да ескерткіш қойылады, – деп жауап берді.
Ибрагимов мырзаның айтқаны, Сұлтанмахмұттың «біздерде мынадай, мынадай бар» дегеніне көбірек келетіндей… Қазынадан бейітті жөндеуге арнайы қаржы бөлінбейтіні белгілі. Ал мемлекеттік саясатқа қаржы қарастырылатыны сөзсіз. Ендеше, елдік мәселені, отаншылдықты насихаттау аясында Бекзатты ұлықтауға болмас па? Оның үстіне ұрлық-қарлықтың белең алғанына жергілікті билік жауап бермегенде, кім жауап береді?
Бекзат Саттарханов атындағы «Намыс» жастар ұйымының мүшесі Мырзахан Байболов өз ренішін былайша жеткізді:
– Алғашында көшірме медальдар қайта жөндеу үшін алынған болар деп ойлағанбыз. Кейіннен анықталғанындай оларды ұрлап кетіпті. Біз Бекзат Саттархановтың туған күні қарсаңында және 31 желтоқсанда (қайтыс болған күні) жастардың басын қосып, ерен ұлдың тағлымды өмірі туралы әңгіме қозғаймыз. Әрбір басқосу сайын «жалаңаштанған» бейітті көргенімізде, жүрегіміз қан жылайды.
Түркістан жұртының жүрегі қан жылап, қынжылыс білдіргеннен өзге қолынан ештеңе келмегені ме? Қыршын кеткен Бекзаттың ең болмаса қабірін қадірлей алмағанымыз ба деген оймен Олимпиада чемпионының алғашқы бапкері Нұрлан Жұмабаевқа хабарласқан едік:
– Бақилық болған батыр ұлдың қабірін бұлай қорлағаны қабырғамызға қатты батады. Ұрылардың табылмағаны өкінішті-ақ. Қазіргі уақытта медальді гипс немесе басқа бір металл түрімен жасатуға тапсырыс беріп жатырмыз. Жақын күндері халық болып бұл олқылықтың орнын толтыратын боламыз.
Айтпақшы, Бекзат жерленген зиратқа Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Райымбек Сейітметов, ақын Қаныбек Сарыбаев, жазушы Садықбек Адамбеков сынды елге танымал тұлғалар да жерленген. Ақын Қаныбек Сарыбаевтың бейітінің басына қойылған көктас та бел ортасынан қақ бөлініп қалған. Сол Қаныбек кезінде: «Бекзат – қазақ жастарының эталоны» деп айтқан еді…
Басқа басқа, осы жағдайлардың тарихи Түркістан жерінде болды дегенге сену қиын. Әншейінде «Қасиетті Түркістаннанбыз» деп кеуде керетін жұрттың өр тұлғалы перзенттерінің зиратын ұлықтай алмай отырғаны өкінішті-ақ?! Жазасыз жүрген бұзақылар күні ертең қазақтың хандары мен батырлары мәңгілік жай тапқан Ясауи кесенесіне қол салмасына кім кепіл?!
Алмас МАНАП, Астана-Түркістан-Астана
http://kyzmet-gazeti.kz/{jcomments on}
Leave a Reply