Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының әкімі болып Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов тағайындалды.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Мұрат Дүйсенбекұлының шаһардың дамуына сіңірген еңбегін ескере отырып қала әкімі болып қайта тағайындалуына келісімін берді. Осыдан кейін Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.
Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымын 2020 жылдың 21 қаңтарынан бері табысты атқарып келеді. Ол басшылық еткен кезеңде Шымкент қаласының бюджеті бірнеше есе өсіп, инвестициялық ахуал жақсарды және инфрақұрылым, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, құрылыс салалары қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, осы уақыт аралығында шаһардың инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның 80 пайызы жеке инвесторлардың үлесінде.
Инвестиция көлемінің артуы есебінен қала бюджетінің көлемі 4 еседей артып, 600 миллиард теңгеге жуықтады. Оның ішінде бюджеттің өзіндік кірістері 251 миллиард теңгені құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 70 мыңнан 104 мыңға дейін көбейіп, бұл сала қаланың жалпы ішкі өніміннің 41 пайыз құрап отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алған Мұрат Әйтенов ай сайынғы негізде азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізу тәжірибесін енгізді. Сонымен қатар шаһар басшысы тұрғын алаптар мен шағын аудандарды да тұрақты түрде аралап, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді дер кезінде шешіп келеді. Бұл – билік пен бұқараның байланысын нығайтатын нақты қадам деп ойлаймын.
Өздеріңізге мәлім, Шымкент қалапсында тұрғындардың 70 пайыздай жеке сектордағы тұрғын үйлерде өмір сүреді. Қалаға кейіннен қосылған 40 елді мекен бар. Бұл қаланың инфрақұрылымын дамытуды қиындата түседі. Қала әкімі осы мәселені шешуге басымдық беріп отыр. Нәтижесінде Шымкентте тұрғындарды таза ауыз сумен, табиғи газ, жол және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі шешімін табуда»-деді Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ.
Ал «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова : «Шымкент қаласында мәселелер шешімін тауып, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Барлық салада да оң өсім байқалады. Мемлекет басшысы М.Әйтеновті шаһарға қайта әкім етіп тағайындады. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Енді бұған дейін қолға алынған жұмыстар, жоспарлар одан әрі жалғасын табады.
Мұрат Дүйсенбекұлы басшылық еткен кезеңде Шымкент қаласында білім беру мен денсаулық сақтау салалары да орнықты дамып келеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте 2025 жылға дейін 101 мектеп салу жоспарланған болса, соңғы 2 жылдың өзінде 24 754 орынды 59 мектеп пайдалануға берілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік бағытта, жалпы барлық салада оң көрсеткіштер бар. Тұрақтылық болған жерде жетістік, даму бар. Алда атқарылатын жұмыс көп. Осындай күрделі кезеңде Мұрат Дүйсенбекұлына сенім артамыз»-деп қосты.
.
Leave a Reply