Бүгінде ұлттық нақышта киінуге деген құмарлық бар. Былтыр қазақтың сән қуған қыз-келіншегі тақия киді. Наурыз ұлттық киімнің мерекесі десе де болады. Сұраныстың өсуі өз кезегінде тігінші, шебер, ісмерлердің ұлттық бұйым ғана емес, ұлттық киім тігу үшін ізденіп, мамандануына жол ашып отыр. Осылай этностилде киім тігетін кішкентай шеберханалар көбейіп, әр ісмер өз брендінқалыптастыру үшін еңбектенуде. Оңтүстік жұртшылығы арасында «Қарагөз» атты заттаңбасы бар ұлттық нақыштағы күнделікті киетін киімдер жақсы таныс. Негізін қалаушы Қаракөз нағыз еңбек адамы. Тіккен бұйымдары көрген адамның көзін қалай арбаса, әңгімесі де тыңдаған адамды баурап алады. Мен өзімді кәсіпкер ретінде көрмеймін, дүкен ұстап отырмын, дейді.
Қаракөз Қансейітқызы. Менің бұл жолға келгенім оңай болған жоқ. Кәсіби тігінші емеспін, бұрынғы ҚазХТИ –ді бітіргенмін, инженер-технологпын. Мектепте мұғалім болдым, Түлкібас ауданындабастауыш мектептің директоры да болдым.
-Инженер-технолог қалай мектепте мұғалім, директор болып жүр?
-Біздің кезімізде жоғары оқу орнын бітірген соң, жұмысқа жолдамамен жіберетін. Қарағанды облысында кәсіптік орта оқу орнына мұғалім болып кеттім, осылай менің еңбек жолым ұстаздықтан басталды. Менің өмірім теңіздің толқыны сияқты, бірде жағаға шығарып тастайды,бірде жоғарыға көтереді, қайтадан төменге түсіреді, жүректің қағысы сияқты. Бірде қатты соғады, бірде баяу соғады.
-Тігіншілікке қалай келдіңіз?
-Қалай келген жолымды баяндасам, біреуге ертегі сияқты көрінер. Нағашы атам дүкен ұстаған жан болған. Анам тігіс тігетін.Атам тон тігетін ісмер болған. Теріні өзі илеп, өңдеп, бояп түрлі тондар, бас киім тігетін. Бұл қанымызда бар тірлік. Жыл бойы перде тіктім, өзімнің шеберханам болды. 25 жасар ұлым ойламаған жерден қайтыс болып, бірден әрі-сәрі күйге түстім. Тіпті ойдың шыңырауына түсіп кеттім. Жұмыс та, перде де қалды. Қызым кәсіби дизайнер, сол жағдайымда көріп, мама, киім тігейік деп күніге бір сызбасын көрсетеді. Біреуін тігіп көрдік. Жап-жақсы шықты. Осылай этностилде киім тігетін дүкен аштық. Мен өзі өмірі ізденісте жүретін адаммын. Жаным қиналып, боталап жүргенде психологияны оқыдым. Нумерология да қызықтырды. Үнемі кітап оқимын. Өзіме болмаса да, баламды тәрбиелеуге керек болады деп, оқи беремін. Психологияны оқып жүріп мынаны түсіндім. Менің білгенім бала-шағама пайыз беріледі екен. Ал, немерелеріме пайыз беріледі екен. Қазір құдай берген бір етек жиендерім бар. Қыздарымның екеуі де ата-енесімен тұрады.
-Ата-әженің қолында өскен баланың ақылды, бауырмашыл болатыны содан екен ғой.
-Әрине. Мен ұрпағымның білімді болғанын қалаймын. Кім баласының жаман болғанын қалайды дейсіз. Ұрпағым білімді болсын, биікте жүрмін деп оқимын, ізденемін. Байлық- байлық емес, білім байлық қой. Барлық жетістіктің кілті білімде. Қыздарыма да білім іздеңдер деп отырамын. Үй іші болған соң, ыдыс-аяқ сылдырайды, сондай да «сендер ақылдысыңдар, менен де ақылдысыңдар. Сендер мен шыққан биктен ары кетулерің керек, мыналарың не, отбасының кикілжіңінен жеңіліп» деймін. Құдай барлық адамды жақсы ғып жаратқан. Адамдардың жақсылығын іздеңдер, бірінші айналаңдағы, үйіңдегі адамдардың жақсы қасиетін ізде, деп ойымды айтыпғ кеңесіп, мәселені оң шешіп аламыз. Әрқайсымыздың мінезіміз әртүрлі, сондықтан түсініспеушілік туады. Түсінісу үшінде ізденіс керек. Ізденістің өзі –еңбек.
-Өмірім жүректің қағысындай деп отырсыз, қиындықтан қалай шығасыз?
-Қозғалыс. Адамға ең керегі-қозғалыс. Адам қимылдған сайын берекесі кіреді. Қозғалыс- денсаулық, қозғалыс- нәпақа. Қимылдаған адам қыр асады деген сөз бекер айтылмаған.
-Қозғалыс-еңбек қой?
-Еңбек.
-Іздену, оқу, күнделікті үйрену материалдық бақуаттылықтан басқа не әкеледі?
-Соншалық байлық әкелмеуі де мүмкін. Бірақ қанағатшылдық сезімін сыйлайды, өзіңе деген сенім береді. Мінез байлығын береді. Мысалы мен сөзді орнымен қолданамын, сөз қорым бай. Қазіркүнде азаннан-кешке дейін тігіс тігемін. Осы кезде де ізденісім тоқтамайды. Құлағыма құлаққабымды киіп алып, ғибратты әңгімелер, психологиялық лекциялар, пайдасы бар дүниелерді тыңдаймын. Алпысқа келіп ұққаным білімді адам өзін алға сүйрейді. Сұрақтан сұрақ туады. Сүріндің екен, сені ешкім сүйеп тұрғызбайды, өзіңді-өзің тұрғызуың керек. Басыңа қайғы түсті екен, өзіңді-өзің сүйреп шықпасаң, құлдилап кете бересің. Ізденбесең, оқымасаң болмады.Ұлымды жоғалтқанда мен бала қалыпқа түсіп, дәрменсіз болып қалып қалдым. Осы қалыптан шығуға психология көмектесті, енді не істеймін деп дағдарып тұрғанымда қызым көмек қолын созды. Дүкеніңіздің есігі ашылмай қалды ғой, бірге жұмыс істейік деп, колледжде сабақ беретін еді, соны тастап осы дүкенді менің атымнан «Қаракөз» деп атады. Күнде «мама сенің қолыңнан мынау келетін еді ғой, сен мынаны істей аласың деп, қызықтырып, бойымдағы өнерді бұлақтың көзін ашқандай ашты.
-«Қаракөздің» клиенттері кімдер?
-Қазақтың қаракөз қыздары мен ұлдары. Апалар. Клиенттеріміз бір-бірінен естіп келеді. Өзім тек қана өзім тіккен киімдерді киемін. Жұрттың назарын бірден аударады, қызығады, сұрайды. Клиенттер базасын осылай жасақтадық. Интернет арқылы жарнаманы енді бастадық. Көп тігу үшін көп қаражат керек.
—Халықтың ұлттық киімге, этностилдегі киімдерге көзқарасы өзгерген болып тұр ғой.
-Әрине. Өзгермесе, бізде тұтынушы да аз болар еді. Халық, жастар ұлттық киімді жақсы көреді. Дүкенге кіргенде көздері жайнап кетеді. Осынша әдемілікті, үндемей, көрінбей отырып бір өзіңіз жасап отырсыз ба деп разылықтарын білдіріп кетіп жатады. Менде тігемін, қызым да тігеді, кейде екеуміз ойласып үлгі шығарамыз, деймін. Қызым, конструкциясын жасайды, кәсіби дизайнер ғой, оқыған, көп нәрсе біледі. Құрақтарды шығару, оюларды салу менің өнерім. Кейде екеуіміз үлгіні жарысып саламыз. Өзім суретте әдемі шықпаған нәрсені тікпеймін. Өйткені, әдемі бұйым шықпайды. Бала кезімде сурет салушы едім. Қызым менің осы өнерімді ашты. Бала кезімде «Балдырған» журналына суреттерім шығатын. Өлең жазып, « Қазақстан пионеріне» жолдайтынмын. Өнерге өте жақын адаммын.
-Орындалмай қалған армандарыңыз бар ма?
-Журналист болғым келген. Бірақ біздің кезде журналистика факультетіне түсу өте қиын еді. Өте бір қадірлі мамандық еді ғой. Мен шаруаның қызымын. Ағартушы отбасынан шықпадым.Техқа өз күшіммен түсіп, бітірдім. Бір кем дүние ғой. Осы арманым орындалмай қалды. Қазір менің көңіл толқындарым, қолтаңбам, газетте қалмағаныменмен тіккен бұйымдарда қалып жатыр. Мен өнерге іңкәр боп жүріп, бойымда талғампаздық қасиетін қалыптастырдым. Ұлттық киімдерге қараңызшы, қандай талғампаздықпен жасалады, бояулардың үйлесімі, матаның үйлесімі керемет үндесіп, «сөйлеп» тұрады. Егер сөйлемесе, ол басқаны қызықтырмас та еді. Этностилдегі кіиім тігуге мен мақсатты түрде келдім. Өйткені, сұраныс жыл өткен сайын артып отыр. Бірінші киімді қызымыз екеуміз өзімізге тіктік. Киіп шықтық. Бірден назар аударды. Туыс-жекжат, құда-құдағи, құдашалар тапсырыс бере бастады. Алғашқыда тапсырыс алатынбыз. Бұл қиын жұмыс. Әр клиенттің қас-қабағына қарайсың, ал, олар әртүрлі. Кейін қызым, мама одан да тәуекел деп бірнеше киім үлгісін бірталай данамен шығарсақ қайтеді, әркім ұнағанын алады деп ой тастады. Осылай дайын киім ұсынуды жолға қойдық.
—Күні бойы тігіс тігу жалықтырмай ма, жас емессіз?
-Мен шаршамаймын. Егер адам өзіне ұнайтын іспен айналысса шаршамайды, ләззат алады. Қайта бұл жұмыс маған қуат береді. Клиенттер дүкенге кіріп, мынау қандай әдемі деп тамсанып, жылы сөздерін айтып кетсе, осының өзі маған қуат береді. Өткенде Майра Мұхамедқызы келіп, әр киімді бір ұстап, жақсы лебізін білдірді. Ол кісі мені қайдан білсін, мен танып лебізіне марқайып отырдым.Қанша киім тіктік, Әр үлгінің оқиғасы бар. Әр тұтынушының әңгімесі бар. Кейде кітап жазсам ба деп ойланамын.
—Киімдердің бағасы қолжетімді деп ойлайсыз ба?
-Қатты қымбат емес деп ойлаймын. Қызығып тұрса, өз еңбегімді еш қылып түсіріп те беремін.Бірақ еңбегіміздің бағаланғанын қалаймын. Көзмайыңды тауысып, тапжылмай отырып тігесің бір киімді. Кей киімді тігу үшін бір-екі күнің кетіп қалады. Және бір үлгіден көп тікпейміз, санаулы ғана.
-Қандай киімдер тез өтеді?
-Ер – азаматтарға арналған киімдер жылдам өтеді.Көктем айында мереке көп қой. Тапсырыс көбейіп жатыр.
-Өмірдің өзі кездесулерден тұрады. Көпшіліктің адамысыз, клиенттеріңіз көп, есіңізде қалған ерекше кездесу бар ма?
-Қызық сұрақ екен. Балалық шағымда балалар журналына мақала, суреттерімді жіберіп тұрғанымды айттым ғой. Сонда кейбір хаттарыма Несіпбек Айтов деген ақыннан «талабың бар екен, ізден, әлі де білім алу керек» дегендей мазмұнда хат келетін. Осы былтыр ма екен, Астанада құдалықта болдым. Кірсем, төрде елімізге белгілі ақын Несіпбек Айтұлы отыр. Осы бір ерекше кездесу болды. Амандастым. Бала кезде редакцияға хат жазғанымды айттым. Арқамнан қағып күліп жатыр.
-Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет.
Бейсенкүл Нарымбетова
Leave a Reply