НАУРЫЗ ТОЙЫ ГАЛА КОНЦЕРТКЕ ҰЛАСТЫ

Шымкенттегі Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар бүгін Астана алаңында өткен «Шырқа, Наурыз» гала концертімен қорытылды. Халықтың сүйіктісіне айналған сахна саңлақтары — Жанболат мен Жазира, Мелдір Әуелбекова, Әлия Әбікен мен Қанат Үмбетов,  Райм мен Ерке Есмахан  бастаған эстрада жұлдыздары ән шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Наурыз шашуы ретінде ұсынылған концерттік бағдарламаны көруге келген жұртшылықтың қарасы қалың болды.  Көктем лебін жеткізген әуелеген әндер шеруін тұрғындар ашық аспан астында үш сағат бойы тікеден тік тұрып тамашалады. Мерекелік кеш «Хабар» арнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Қазақстан президентінің жарлығымен елімізде Наурыз мейрамы 2010 жылдан бері үш күн тойланады.  БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия атынан Наурызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.

Қазақстанның батысында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталады және  «Амал» немесе «Көрісу» деп аталады. Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасып амандасады. Жақсы тілектер айтып, жастар жағы үлкендерге сәлем бере барып, батасын алады. Көрісу мейрамы бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.

Наурыз мейрамын қалай тойлайды?

«Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Наурыз мейрамында бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, үйлерінің алдын, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.

Қызмет (1845)

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика