Апат айтып келмейді. Қандай да бір төтенше жағдай орын алғанда жұртшылыққа шынайы ақпарат таратудың маңызы зор. Ал, осы төтенше жағдайларды жою орнында жүрген баспасөз хатшысының да еңбегі елеуге тұрарлық. Оқиға орнынан қауіпке қарамастан фото-бейнетүсірілімдерді жасап, тың ақпаратпен бірге бұқаралық ақпарат құралдарына уақыт өткізбей жолдап жүрген мамандардың бірі – Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Айша Келдібекқызы Катчанова.
Айша Келдібекқызы Түркістан қаласандағы Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық университетін қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдағаннан соң Шымкент қаласындағы №29 орта мектепте мұғалімдік қызмет етті. Одан әрі өзі аяқтаған жоғарғы оқу орнында жұмыс істеді. Одан кейін заңгер мамандығын алып, 2015 жылы азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасты.
Журналист халық пен биліктің арасындағы көпір болса, баспасөз хатшысының жұмысы соған ұқсайды. Оларда күнделікті өз саласына сай ақпараттарды көпшілікке кезек күттірместен жеткізіп отырады. Қызметтері көзге көрінбестей болғанымен, сол мекеменің имиджінің артуы олардың тынбай жасаған еңбегінің нәтижесіне тікелей байланысты. Бұл міндетті Айша Келдібекқызы абыроймен атқарып келеді.
Тәуліктің кез-келген уақытында төтенше жағдай орын алған орынға шығып, ақпараттық сүйемелдеу жасап, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке шұғыл хабарламалар мен маңызды жаңалықтарды хабарлап, әлеуметтік желі арқылы да жүйелі түрде жаңалықтармен бөлісіп, сондай-ақ түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға, өрт сөндіруші және құтқарушылардың қызметін насихаттауға атсалысып жүрген бұл маман өзінің белсенділігі мен аянбай еткен еңбегі үшін де Министрдің, Департаменттің және Қызмет бастықтарының, сондай-ақ қала әкімінің алғыс хаттарымен марапаталған.
Қызметте белсенді қызметкер, отбасында екі қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана.
Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдары дамыған тұста әрдайым өрт сөндірушілер және құтқарушылармен бірге жүріп қарымды қаламымен ерлік пен қайсарлықты мақала етіп, заман талабына сай тың ақпараттармен бөлісіп жүрген осындай нәзік жанды әріптесімізді алдағы келе жатқан 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбегіңіз еленіп, бұдан да биік шыңдардан көрініп, алғыстарға бөлене беріңіз!
Қ. Арсланов
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы
Leave a Reply