“Visit Shymkent” ақпараттық тур ұйымдастырды. Халықаралық туризм күніне орай өткен шара үш күнге жалғасты. Туристік мекеннің мәдениеті және гастрономиясына қызыға келген туроператорлар мен travel-блогерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей, Өзбекстан мен Түркиядан жиналды.
Ақпараттық тур аясында Цитадель, “Бәйдібек би” ескерткіші, А. Асқаров атындағы дендросаябақ, Зообақ, қолөнер орталықтарында болған қонақтар “Бозжыра” ұлттық тағамдар ресторанынан дәм татты.
Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: “ Халықаралық туризм күнін атап өту мақсатында ақпараттық турымызды да осы күнге жоспарладық. Шет елдерден және Қазақстан қалаларынан жалпы саны 60-қа жуық қатысушы келген. Олардың қатарында туроператорлар, фотограф-видеографтар, travel-блогерлер мен журналистер бар. Біз бұл іс-шара арқылы Шымкентіміздің тарихын, мәдениеті мен туристік орындарын жан-жақты көрсетеміз. Қызығып, арнайы келіп жатқан туристерге алғыс білдіремін”.
Айта өтейік, Шымкент – туристік әлеуеті жоғары қала. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыровтың айтуынша, биылғы 9 айда Шымкентке келуші туристердің саны 300 мыңға жуықтаған. «Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында. Шет мемлекеттерден келетін туристердің басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары құрайды. Ал «E-qonaq» туристерді тіркеу бірыңғай жүйесінің мәліметтеріне сүйенсек, шетелдік туристердің ең көп келетін мерзімі – наурыз айы», – дейді Ерлан Ермекұлы.
Шымкентке келетін туристердің қатарын көбейту үшін қаланың туристік әлеуетін жарнамалау үлкен маңызға ие. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жұмыс негізгі 4 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.
Біріншісі, жыл сайын қаланың көрікті жерлері туралы интерактивті альбом шығарылып тұрады. Аталған жарнама құралы арқылы туристік нысандар жайылы ақпар 3 тілде беріледі.
Екіншісі, өңірдің туристік өнімдерін ішкі және халықаралық нарықта ілгерілету мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткен қазақстандық халықаралық көрмелерде Шымкенттің арнайы стенді ұйымдастырылып, таныстыру жұмыстары жүргізілген. Нұр-Сұлтан қаласындағы көрмеде қала стенді «Ең үздік стенд дизайны», ал, Алматы қаласында «Үздіктердің үздігі» номинацияларын жеңіп алды. Сондай-ақ, Ақтау қаласында өңіраралық туристік бизнес өкілдерімен кездесу өтіп, Шымкенттің туристік әлеуеті туралы презентация жасалған. Бұдан бөлек Катар, Әзірбайжан, Грузия және Түркияда арнайы роуд-шоу ұйымдастырылып, Шымкенттің көрікті жерлерінің таныстырылымы өткен.
Үшінші бағыт – «Бақытты қалаға саяхат» конкурсы. Қаланың танымалдығын арттырып, туристерді тарту мақсатында әлеуметтік желілер арқылы өтетін конкурс бүгінге дейін 5 рет ұйымдастырылды. Оның ішінде екі жеңімпаз еліміздің Ақтау және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары, сондай-ақ, 1 жеңімпаз Катар мемлекетінің азаматы. Олардың барлығы қалаға келіп, арнайы экскурсиялық бағдарламаға қатысып, өңірдің туристік нысандарымен танысты.
Төртіншісі, балалар жылының аясында «Visit Shymkent» орталығының ұйымдастыруымен қаңтар-маусым айларында балаларға арналған 50 туристік экскурсия ұйымдастырылып, оған жалпы 2 500 мектеп оқушысы қатысты.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, басқарма әуе борттарында аудиохабарламалар мен мақалалар жариялау, жарнамалық-ақпараттық материалдар шығару, роликтер дайындау секілді жарнама жұмыстарды да тұрақты негізде жүргізіліп отыр.
Leave a Reply