2022-11-30

ТОҒЫСТА МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Spread the love

Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Осы мақсатта Шымкенттегі Тоғыс елдімекенінде
15 000-нан астам халыққа қызмет көрсететін «Togus-med медицина орталығы» ашылды. Аталған орталық Тоғыз, Елтай, Жыланбузған, Маятас, Айнатас елдімекендерінің тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ететін болады. Орталықтың бір ауысымдағы сыйымдылығы — 200 адам.

Жаңа медициналық мекеме бастапқы әлеуметтік-медициналық көмек көрсетеді. Ең маңыздысы қала маңының тұрғындары енді ЖТД, педиатрия, акушер-гинекология, хирургия, травматология, кардиология, эндокринология, онкология, урология, гастроэнтерология, ЛОР, офтальмология, стоматология, ревматология, профпатология, неврология, дерматовенерология мамандарына жазылып, кеңестерін алып, емделе алады. Рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, Холтер, Спирография, зертхана сынды диагностикалық қызметтер де бар. Медициналық реабилитация және физиотерапия, емдік физкультура, массаж аламын дегендердің де жағдайы жасалған. Күндізгі стационар жұмыс істейтін болады.
Аталған ғимаратты халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін жеке инвестор салып беріп жатыр.

Дені сау ұлт жобасы туралы аз-кем ақпарат: «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітім қаупінің деңгейін төмендету – негізгі мақсатты индикатордың бірі ретінде бекітілген. Жалпы жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне саналады. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтырады.

Дүниежүзі бойынша өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 млн адам қайтыс болса, ал Қазақстанда 80 мың адам осы аурудан көз жұмады екен. Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себеп – адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуінен десек, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп кеткен. Негізінен атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі инфаркт пен инсультке соқтырмай қоймайтыны дәлелденген. Сондықтан көптеген елдерде денсаулық саласын дамытуда алдымен әлеуметтік медицинаға мән беру мәселесі жиі көтеріліп келеді.
«Қызмет-Ақпарат»

 

Яндекс.Метрика