
– Мама, я не могу…
– Я знаю, ты справишься…
– Мам, я не могу, помоги мне…
– Попробуй сам. Давай, давай…!
Велосипедін ұстап, кішкентай дөңбешіктен өте алмай тұрған баланы көрдім. Анасынан көмек сұрап тұр. Анасы баласына қолынан келетінін айтып, жігерлендіріп жатыр. Бәрі дұрыс сияқты. Бірақ екеуі де қазақ. Қынжылдым. Бір сәтке ойланыңызшы. Егер сіз өз балаңызбен өз тіліңізде сөйлесе алмасаңыз, онда кім болғаныңыз?
Қазір көптеген қазақ отбасыларында балалар орысша сөйлейді. Тіпті кейбір ата-аналар орысша сөйлеуді заман талабы деп қабылдайды. Ата-ана баласын «орысша үйренсін, тіл білсін» деп орыс сыныптарына да беріп жатады. Мұны ана тілін шеттету деп атасақ айып емес. Бізде бұл қалыпты жағдайға айналғалы қашан.
Бұл орайда әлем елдерінің тілді дамытудағы тәжірибесі бізге үлкен ой салады. Кейбір елдер тілдеңгейін көтерудің озық үлгісін көрсетіп отыр. Мысалы, Жапонияны – тіл мәдениетіне жоғары деңгейде мән беретін ел. Сондықтан оларда тіл үйрету ең алдымен отбасынан басталады. Бала туған сәттен бастап тек жапон тілін естиді, жапон тілінде сөйлейді, жапон тілінде ақпарат алады. Ата-ана да баласымен жапон тілінде ғана сөйлеседі. Үйде баламен басқа тілде сөйлесу олар үшін – жауапсыздық.
Тілге деген бұл көзқарас тек отбасымен шектелмейді. Жапонияда тіл саясаты балабақшадан бастап жүргізіледі. Бала үш жасынан бастап жапон жазуының негізі – хирагана мен катакананы үйрене бастайды. Ал мектепте ағылшын тілі секілді шет тілдері оқытылады, бірақ олар тек қосымша құрал ретінде ғана қарастырылады. Елде мультфильмдер, ойындар, тіпті YouTube арналары – бәрі тек жапон тілінде. Шетелдік фильмдер де түгелімен жапонша дубляждалады. Бұл елде тілді бұрмалау, жарнамада немесе БАҚ-та шет тілдерін орынсыз қолдану қоғам тарапынан қатты сыналатыны тағы бар.
Оңтүстік Корея да – өз тілін ұлттық брендке айналдырған санаулы елдердің бірі. Бұл елде тілге деген көзқарас өзгеше. Кореяда бала дүниеге келген сәттен бастап корей тілімен сусындайды. Балақай алғашқы қадамын басқанда, оның жанында тұрған ата-ана ағылшын, қытай не жапон тілін емес, дәл ана тілін қолданады. Себебі олар үшін ана тілін білмеу – ұлттық тамырдан ажырау. Үйде, балабақшада, ойын алаңында, теледидарда – тек өз тілдері үстем. Бұл елде тілдің тазалығы басты құндылық болып саналады. Шетелдік фильмдер мен сериалдар түгелімен корей тіліне дубляждалады немесе титрмен беріледі. Шет тілдерден енген сөздер тым көп қолданылған телебағдарламалар қоғам тарапынан сынға ұшырайды, кейде тіпті эфирден алынып тасталады. Себебі олар тілге селқостықты ұлтқа селқостық деп қарайды. Корея мемлекеті тілді қолдап қана қоймай, заңмен де қорғайды. Жарнамада, ресми құжаттарда, білім саласында корей тілінен өзге тілдің үстемдік етуіне жол берілмейді. Мемлекеттік саясат осылай жүзеге асады.
Халқы небәры 5,5 миллионды құрайтын Финляндия алайықшы. Финляндияда фин және швед тілдері қолданыста жүреді, екеуі де ресми мәртебеге ие. Бірақ, халықтың 87 пайызы фин тілінде, 5 пайызы швед тілінде сөйлейтіндіктен фин тілі басым тіл болып саналады. Ағылшын тілі де кең таралған, бірақ ол ешқашан фин тілінің орнын алмастырған емес. Бұл елде фин тілі – жай қарым-қатынас құралы емес, тәуелсіздіктің символы. Финдер үшін ұлтты сақтайтын басты құндылық – тіл. Фин қоғамында да баланың тілі ең алдымен отбасында қалыптасады. Әр фин азаматы баласына ең алдымен фин тілін үйретуді өзінің азаматтық парызы санайды. Олар үшін қай жерде болмасын,бала ең алдымен өз тілінде сөйлеп үйренуі керек. Фин үкіметі тарапынан да бұл көзқарас өте жақсы қолдау тауып отыр. Мемлекет жыл сайын фин тіліне арналған цифрлық жобаларға инвестиция құяды. Бүгінде фин тілінде балаларға арналған сапалы мультфильмдер, ойындар, қосымшалар, онлайн курстар мен оқу платформалары өте көп.Керемет емес пе, иә?!
Израиль ше? Бұл – адамзат тарихында тілін қайта тірілткен бірден-бір ел. Бір кездері иврит тілі тек көне діни мәтіндерде сақталған, өлі тілсаналған еді. Ол күнделікті қарым-қатынас құралы ретінде қолданылмаған, тек жазба дәстүр мен ғибадат шеңберінде ғана өмір сүріп келген. Бірақ XX ғасырда ивритке жан бітті. Ұлттың саналы түрдегі таңдауы иврит тілі болды. Израильге жан-жақтан жиналған орыс, араб, француз, ағылшын тілінде сөйлейтін халықтың бәрі бір елде, бір тілде өмір сүруі керек деген ұстаныммен біріктірілді. Сөйтіп иврит тіліне үстемдік берілді. Мемлекет иврит тілін тек ресми тілге айналдырып қана қойған жоқ, сонымен бірге оны отбасылық құндылыққа да айналдыра алды. Мектептер мен балабақшаларда тек иврит тілінде білім берілді. Қоғамдық орындарда, телеарналарда, жарнамадаивриттен басқа тіл қолдануға жол берілмеді. Бұл мәжбүрлеу емес, саналы түрде жүзеге асты. Бүгінде Израиль халқы түгелдей кешегі өлі тілді емес, тірі, қуатты, заманауи тілді еркін меңгерген. Қазір ивриттек байланыс тілі ғана емес, ғылым, технология, әскери іс пен өнердің де тіліне айналды.
Қарап отырсақ, әлем елдерінің бұл тәжірибесі Қазақстан үшін де қажет-ақ. Өкініштісі, елімізде қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі үлесі әлі де әлсіз. Қалалық қазақ отбасыларының басым бөлігі баласымен күнделікті тұрмыста орыс тілінде сөйлессе, қазақ мектептерінде оқитын балалардың өзі үйінде ана тілін қолданбаса, ақпараттық кеңістікте қазақша контент аз, ал интернет пен теледидарда өзге тіл үстем болса, балалар қазақ тілін ұмытпағанда қайтеді?!
Тағы бір қызық дүние, үйінде тек қазақша сөйлейтін отбасылардың өзінде балалардың тілі орысша шығып жатыр. Неге дейсіз бе? Себебі үйде Youtube орысша сөйлейді. Аяғын енді тәй—тәй басып келе жатқан бүлдіршін «Маша и медведь», «Синий трактор» көреді. Орыс тілді ақпарат күн сайын санаға сіңіп жатыр. Содан соң «Можно?», «Давай», «Поставь», «Дай», «Принеси» деп тілі келмесе де шүлдірлеп отырған баланы көресің.
Жапония мен Корея, Финляндия мен Израильдің тәжірибесі бізге мынаны үйретеді: тілді сақтау үшін бірінші кезекте оны қолданатын орта қалыптасуы керек. Ол орта – ең алдымен отбасы, содан кейін білім беру жүйесі, ақпараттық кеңістік және заңнамалық қолдау. Егер осы төрт тірек мықты болса, тіл де өмір сүреді, өседі, дамиды.
Бірақ, ең бірінші жауапкершілік халықтың өзінде. Елімізде қанша жерден түрлі бағдарламалар, бастамалар болғанымен үйде қазақ тіліне деген құрмет төмен болса, ештеңе өзгермейді. Ең бірінші ата—ана баланың қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілімен сусындап өсуіне мән беруі керек. «Менің балам қазақ және ең алдымен қазақ тілінде сөйлеуі керек» деген ұстаным әр ата-анада болуы керек. Қазақ тіліне құрмет міндеттен бұрын жауапкершілікке айналуы тиіс. Сонда ғана елімізде тіліміздің мерейі үстем болады. Мынаны есте сақтаңыз, өз тілін сүймеген ұлт – өз болашағынан бас тартқан ұлт.
Құрметті ата-ана, сіз балаңызға қай тілде сөйлейсіз?
М.ҚҰРБАНҚЫЗЫ